Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырды. Еске салар болсақ, бұл мәселе «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында көтерілген еді.
«Заң жобасында мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтік қорғауын жетілдіру; жұмысқа орналастыруды ынталандыру және олардың экономикалық белсенділігі үшін мүмкіндіктер жасау; табысы аз отбасыларды кепілдендірілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз ету, әлеуметтік қызметтер порталы арқылы арнаулы әлеуметтік қызметтер мен инватакси алуға құжаттар ресімдеу (2023 жылдан бастап) мақсатында әзірленді. Сондай-ақ құжат «еңбек ардагері» санатын кеңейтуді және еңбек қызметін қайта бастаған жағдайда бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемнің кепілді деңгейін белгілеуді көздейді», – деп хабарлады Серік Шәпкенов.Заң жобасы 75 заңнамалық актіге, оның ішінде 10 кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздеп отыр. Атап айтсақ, мүгедектіктің себебіне қарамастан I топтағы мүмкіндігі шектеулі жандарға күтім жасайтын адамдарға жәрдемақы енгізу. Екіншіден, 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды мүгедектік топтары бойынша бөлу ұсынылады және оларға жәрдемақылардың мөлшері ұлғаю жағына қарай қайта қаралады.