Қызылордада «Спутник V» вакцинасы ең алдымен басшыларға егілді
Қызылордада «Спутник V» вакцинасы ең алдымен басшыларға егілді

Қызылорда облысында COVID-19-ға қарсы вакцинация басталды. Дертке қарсы «Спутник V» деп аталатын екпені ең алдымен облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мен орынбасары Серік Ахмет салдырды.

Айта кетейік Қызылорда облысына «Спутник V» вакцинасының 1 мың дозасы келді. Жыл ішінде 80 мың доза кезең кезеңімен әкелінеді деп күтілуде. Егу жұмыстары I кезеңде медицина саласының қызметкерлеріне, оның ішінде қабылдау, жұқпалы аурулар бөлімінің, жансақтау және хирургиялық бөлім қызметкерлеріне жүргізілмек. ІІ кезеңде мұғалімдерге және жұқтыру қаупі неғұрлым жоғары болып саналатын жұмыс орындарының қызметкерлеріне салынатын болады. Бұл жөніңде облыс әкімінің орынбасары С.Ахмет екпеден кейін БАҚ өкілдеріне мәлімдеді. – Бүгін облыс көлемінде COVID-19 инфекциясына қарсы егу жұмыстары басталуда. Өңірге «Спутник V» ресейлік вакцинасының 1000 дозасы жеткізілді. Қалғаны кезең-кезеңімен келетін болады. Бұл жұмыстарға алғашқыда №1, №3 және №6 қалалық емханалардан 3 егу кабинеттері дайындалды және екпе жұмыстарын жүргізуге облыс бойынша барлығы 133 мейірбике, 89 дублер тартылып отыр. Мен бүгін ерікті түрде өзіме екпе ектірдім. Дәрігер мамандар екпеден кейін ине салынған орынға су тигізбеуге және егу орнын жылы ұстауға кеңес берді. Мамандар кеңесіне сәйкес әрекет ететін боламын. Мына әлемді жайлаған індеттің таралу қаупін тек екпе салдыру арқылы ғана төмендете аламыз, – деді Серік Ахмет. Сонымен бірге Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жанабергенова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов және бірқатар лауазымды қызметтегілер бірінші болып ерікті түрде коронавирус инфекциясына қарсы екпе салдырып, вакцинация кезінде ешбірі де ауырсыну болмағанын айтады. Алдағы уақытта COVID-19 коронавирустық инфекцияға қарсы отандық вакцина салынады деп жоспарлануда. Енді бүгіннен бастап облыс тұрғындарына ерікті вакцинациялау жұмыстары жүзеге асырылады. Алайда мамандардың сөзінше 18 жасқа дейінгі балалар және 65 жастан асқар қарияларға екпе егілмейді екен. Жалпы аймақтағы эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Бүгінге дейін коронавирус инфекциясымен облыс бойынша 3609 науқас тіркелсе, соңғы тәулікте 9 жағдай анықталып отыр. Олардың 96,2 пайызы емделіп шықты. Инфекциялық стационарда 41 науқас ем алып жатса, оның 3-уі жансақтау бөлімінде ем қабылдауда.

Н.Қазбеков, Қызылорда облысы