«Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде бірқатар азаматтың өтініші қаралып, оң шешімін тапты. Тұрғындардың басым бөлігі материалдық көмекке жүгінген.
Қабылдау бөлмесінде болған Тараз қаласының тұрғыны А.Мамытаева үйіне ауызсу кіргізе алмай жүргенін айтып, жәрдемдесуін сұрады. Нәтижесінде, «Nur Otan» партиясы облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясының мүшелері тарапынан қолдау көрсетіліп, өтініш иесінің үйіне ауызсу кіргізілді. Тараз қаласының тағы бір тұрғыны, көпбалалы ана Г.Өмірзақова да жағдайын айтып, партиялықтар тарапынан материалдық көмек көрсетілсе деген өтініш білдірді. Өз кезегінде демеушілер есебінен өтініш иесіне материалдық көмек көрсетіліп, азық-түлік себеті табысталды. Қабылдауда болған К.Айтқожина да тұрмыс жағдайының төменін алға тартып, атаулы әлеуметтік көмек ала алмай жүргенін және жұмыспен қамту орталығы құжаттарын қабылдамай жатқанын айтып шағымданды. Сондай-ақ өзін қоғамдық жұмысшы ретінде жұмысқа орналастыруын өтінді. Нәтижесінде, өтініш иесінің мәселесі зерделеніп, тиісті мекеме басшылығымен сөйлесіп, оған атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Сонымен қатар ол жекеменшік мекемеге қоғамдық жұмысшы ретінде жұмысқа орналастырылды. Қабылдауға жазбаша өтініш жібергендер де болды. Атап айтқанда, Жамбыл ауданының тұрғыны Р.Нұрова өтініште өзінің медбике болып қызмет ететінін, пандемия кезінде коронавирусқа шалдыққан науқастарды емдеп жүріп, өзінен тексеріс барысында аталған дерт анықталғанын баяндаған. Бірақ сол уақыттан бері коронавирус ауруына шалдыққан денсаулық сақтау қызметкерлеріне тағайындалатын 2 миллион теңгені ала алмай әуре-сарсаңға ұшырағанын жазады. Облыс әкімдігінің Денсаулық сақтау басқармасына партияның қоғамдық қабылдау бөлмесі тарапынан хат жолданып, өтініші шұғыл түрде жіті зерделеніп, заң аясында қарастырылуы талап етілгеннен кейін Р.Нұроваға аталған қаражат аударылды. Қоғамдық қабылдау бөлмесіне басқа да мәселелер бойынша өтініш келіп түсті. Олардың бәріне тиісті деңгейде жауап беріліп, тиісінше көмек көрсетілді. Бірқатар мәселелер оң шешімін тауып, кейбір тұрғындарға түсініктеме берілді.Әбілмансұр ЖАСАН