Еліміздегі жекелеген санаттағы азаматтарды әлеуметтік жағынан қорғау жетілдірілмек. Мысалы, мүгедек жандарға күтім жасайтын адамдарға жәрдемақы беріледі. Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа қабылдаған жұмыс берушілер үшін 2023 жылдан бастап өтемақы жарнасы енгізілуі мүмкін. Бұл нормалар БҰҰ-ның мүгедектігі бар адамдардың құқы туралы конвенциясында көзделген. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкеновтің айтуынша, енді бұл нормалар біздің елдің заңнамасына енгізіледі.
Күтім жасаушыларға да жәрдемақы төленеді
Мәжілістің кешегі отырысында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғауды жетілдіруді көздейтін заң жобасы таныстырылды. Заң жобасын таныстырған сала министрінің айтуынша, заң жобасына енгізілген жаңалықтың бірі – себебіне қарамастан I топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын адамдарға жәрдемақы енгізіледі. Осы жәрдемақымен еліміздегі 24 мыңға жуық адам қамтылады. Сонымен бірге 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды мүгедектік топтары бойынша бөлу ұсынылады, оларға жәрдемақының мөлшері ұлғаю жағына қарай қайта қаралады. «Бұл норма Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес мүгедектігі бойынша зейнетақы алатын Байқоңырда тұратын мүгедектігі бар балаларға арнайы мемлекеттік жәрдемақы мөлшеріне, ал Қазақстан заңнамасы бойынша арнайы мемлекеттік жәрдемақы мөлшеріне де оң әсер етеді», – дейді министр. Сондай-ақ Жапония, Германия, Франция сияқты мемлекеттердің тәжірибесін ескере отырып мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру жөніндегі квотаны орындаудың баламасы ретінде 2023 жылдан бастап жұмыс берушілер үшін өтемақы жарналарын енгізу ұсынылады. «Жинақталған қаражат жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге: арнайы жұмыс орындарын құратын жұмыс берушілердің шығынын субсидиялауға; мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін қажетті дағдыларға оқытуды ұйымдастыруға; әлеуетті жұмыс берушілерде мүгедек адамдардың ақы төленетін тағылымдамасын ұйымдастыруға бағытталады», – дейді С.Шәпкенов. Құжатта еңбек жарақатынан немесе кәсіптік аурудан мүгедек болған адамдардың алдында жұмыс беруші өз міндеттемесін орындай алмаған жағдайда, оларға мемлекет есебінен техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету түрінде әлеуметтік қолдау көрсету ұсынылады.Бюджеттен шығын кетпейді
Тағы бір атап өтер жаңалық – мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың кәмелеттік жасқа толғаннан кейін және бала I және II топтағы мүгедек мәртебесіне көшкеннен кейін де мемлекеттік қордан тұрғын үй алғанға дейін есепте тұру құқығы сақталады. Бұл норма 20 мыңнан астам отбасына баспана кезегін сақтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ мүгедектігі бар баланы күту кезеңін 18 жасқа дейін ұзарту ұсынылып отыр, бұрын мүгедектігі бар баланы күту кезеңі 16 жасқа дейін ескерілді. Бұл норма мүгедектігі бар балалардың жас топтарының өзгеруіне байланысты енгізіледі. Ол жасына байланысты зейнетақы төлемдері мен базалық зейнетақы тағайындауға оң әсерін тигізеді. «Жалпы, заң жобасында баяндалған нормалар мүгедектерді әлеуметтік қолдау, атаулы әлеуметтік көмек және зейнетақымен қамсыздандыру мәселесін қоса алғанда, мемлекет тарапынан базалық әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін көрсетеді. Заң жобасын қабылдау бюджет қаражатын қосымша бөлуді қажет етпейді, шығын нормалары 2021-2023 жылдарға 55,4 млрд теңге көлемінде бөлінген қаражат шеңберінде іске асырылады», – деді Серік Шәпкенов. Аталған заң жобасы бойынша жұмыс тобына Мәжілістің Әлеуметтік мәдени-даму комитетінің мүшесі, депутат Жанат Омарбекова жетекшілік етеді. Заң жобасы 75 заңнамалық актіге, оның ішінде 10 кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді.Айдана БЕГІМ