Әуе билетін ерте алуға асықпаңыз

Әуе билетін ерте алуға асықпаңыз

Пандемия басталған тұста cарапшылар қай саланың шығынға ұшырайтынына талдау жасаған-ды. Халықаралық әуекөлік қауымдастығы індет салдарынан әуекомпаниялар 84 млрд доллар шығынға ұшырауы мүмкін екеніне болжам жасаған еді. Ал отандық әуекомпаниялардың жағдайы қалай? Ішкі рейстердің саны азайды ма? Халықаралық рейстер қайта жанданды ма?

1,5-2 жылға жуық уақыт керек

Мәселен, Scat әуекомпаниясы пандемияның әуе кеңістігіне соқ­­қы жасағанын растап отыр. Бас­пасөз қызметінің мәліметінше, атал­­ған компания 2019 жылы 2 млн 300 мың адам тасымалдаған. Ал 2020 жылдың қорытындысы бойынша жолаушы саны шамамен 2 есе азайған. Атап айтсақ, 2020 жылы Scat әуекомпаниясы бар­лығы 1 млн 260 мың адамды діт­теген жеріне апарған. Иә, әуекомпания бұл шы­ғын­ның орнын толтырғысы келеді. Аталған деректің ішіне халық­а­ралық рейстердің кіретіні тағы бар. Мәлімет бойынша, Scat 2020 жылдың қаңтар-ақпан аралығында халықаралық рейстерге үздіксіз ұшқан. Кейіннен сценарий же­лісі өзгеріп кеткенінен бәріміз ха­бардармыз. Осылайша, әуеком­пания эпидемиологиялық жағ­дайдың ауанына қарай жұмысын жалғастырып келеді. «Біз 2019 жылдағы көрсеткішті қайталау үшін барымызды сала­мыз. Әрине, барлығы эпидахуалға бай­ланысты. Өйткені қай әуеком­па­нияны алып қарасаңыз да, ха­лық­а­ралық рейстердің ұшу-ұш­пауы маңызды. Оның үстіне, ел ішіндегі әуе қатынасы да бар. Ше­­­телдер шекарасын ашып, жо­лаушылар рейсін кіргізуге жағдай жасаса жет­кілікті. Есептеуіміз бойын­ша, әуе­­компанияға 2019 жыл­ғы жолау­шылар ағынын қал­пына келтіру үшін 1,5-2 жылға жуық уақыт ке­­рек», – дейді Scat әуеком­па­ния­сының баспасөз қызметі. Халықаралық рейс тақырыбы елдегі барлық әуекомпания үшін мәселе тудырған. Scat әуеком­паниясына келсек, қазір олар аптасына 1 рет Ақтаудан Стамбұл қаласына қатынайды. Мысалы, бұдан бұрын аталған компания Прага, Мәскеу, Тбилиси және тағы басқа қалалар арасында тұрақты ұшатын. Байқап қарасақ, мұның бәрі әуекомпанияға айтарлықтай шығын әкеледі. Өз кезегінде Air Astana да Грузия, Амстердам, Тай­ланд, Малайзия, Гонконг, Қытай, Әзербайжан, Үндістан, Лондонға ұшпайды. Соның ішінде Ресейдің тек Мәскеу қаласына жолаушы тасымалдайды. Санкт-Петербор, Екатеринбург тәрізді басқа да қа­лаларына ұшу уақыты эпи­да­хуалға байланысты тоқтап тұр.

Өсім бар

Халықаралық рейстердің жайы түсінікті. Ал ел ішіндегі әуе қа­тынасының жағдайы қалай? Әдетте ұшақ ішіндегі ығы-жығы ха­лықты жиі байқаймыз. Соған сай ұшақ билеті де қымбатқа тү­­седі. Алайда екі күн бұрын ұшақ­қа ойдағыдай со­маға билет алған оқырманымыз таңданысын жа­­сырмады. «18 қаңтар күні Қызылорда–Нұр-Сұлтан бағытындағы ұшақ­пен ұштым. Адам саны азына таңдана қарадым. Ұшақ ішіндегі атмосфера бөлек-ті. Жолаушылар қалаған жеріне отырып, мұндай мүмкіндікті барынша пайда­­лан­дық. Қызығы, Scat әуеком­­­пания­сының толық тарифтегі ұшақ билетін екі күн бұрын 13 мың тең­геге сатып ал­дым», – дейді Абы­лайхан Ма­ратұлы. Жолаушы пікіріне таңданып, ел ішіндегі рейстің халіне алаң­да­ғанымызды әуекомпанияға жет­кіздік. Олар өткен жылдың жазы­нан бері жаңа тариф саясатын енгізгенін айтты. Біз де мұны жо­лаушы шақыруға, шығынның орнын толтыруға арналған жоспар ретінде түсіндік. Бірқатар әуекомпания жо­лаушы саны азайып кеткені тура­лы ақпарат таратса, Air Аstana кері­сінше, ел ішіндегі рейстердегі адам саны көбейгенін айтады. Олардың сөзінше, өсім бар. Ха­лықаралық рейстерге шектеу қойылғанымен, ел ішіндегі әуе қатынасы сол қалпы. Бірақ жауап берер тұста кейбір қалаларда ПТР-тестке байланысты мәселе туға­нын мойындады. Де­мек, жұрт теміржол билетін өт­кізгені тәрізді әуе билетін де өткізіп, ұшпауды ұйғаруы мүмкін. «Жолаушылар ағынын са­лыс­тыру үшін қаңтар айындағы бір ап­таны өткен жылмен салыстырып көрдік. Биыл бір апта ішінде 82 695 адамға қызмет көрсеттік. Осы сан­ды 7 күнге бөлсек, Air Astana әуе­компаниясымен бір күнде 12мың­ға жуық адам ұшты. Ал өткен жылы қаңтар айының бір апта­сында 62 058 адамды тасы­мал­даған. Сандарға мән берсек, 33% өсім көрсетті. Бұл – FlyАrystan мен Air Astana-ны қоса алғандағы көрсеткіш. Тар­қатып айтсақ, 38 208 жолау­шыны FlyАrystan, 44 487 жолау­шыны Air Astana тасы­малдады», – дейді Air Astana әуе­компаниясының баспасөз қыз­меті. Соның өзінде ел ішіндегі рейс­тердің арасында маусымдық та­сымалдау жайы тағы бар. Мысалы, Scat әуекомпаниясы Алматы–Үшарал бағытындағы рейсті ма­мыр мен қазан айы аралығында жүр­гізеді. Есептеп көрсек, мамыр айын­да төтенше жағдай режимінің жеңілдеген шағы. Бірақ елдегі ка­рантин шарасы кезең-кезеңімен жеңілдегені есімізде. Сондықтан осы тұста да әуекомпаниялар ұты­луы мүмкін. Жалпы, аталған ком­панияның ішкі рейстегі әуе қаты­­на­сының кейбірі субсидияға тәуелд­і екенін білеміз. Мәселен, Қызыл­орда – Қарағанды–Қы­зылорда, Өскемен –Қарағанды–Өскемен, Алматы –Петропавл–Алматы, Шымкент–Петропавл–Шымкент, Алматы –Көкшетау–Алматы, Ақтау–Көкшетау – Ақтау. Бұл рейстер бірнеше күн тоқтап, артын­ша 2020 жылдың 7 жел­тоқ­­санында қайта жанданды.

Шетелде қалай?

Мысалы, Түркия 28 желтоқ­сан­нан бері ішкі не халықаралық рейс болсын ПТР-тест сынамасын сұратып жатыр. Алайда сарап­шылар бұл жолаушылардың ұшу­дан бас тартуына себеп болмай­тынын алға тартады. 27 желто­қ­санда Финлян­дия, Үндістан, Ка­тар мен Вьетнам шекарасын ашты. Бірақ бұл жеңіл­дік турис­терге ар­налмаған. Ше­телде жүрген отан­дастары мен жұ­мыс істеуге, оқуға арналған визасы бар азаматтар аталған елдерге кіре алады. Ішкі рейстерге келсек, Египет ел ішін­дегі билеттің бағасын едәуір арзан­датқан. Мысалы, Каир немесе Алексан­дриядан Хургада, Шарм-эль-Шейх, Табу мен Асуанға ұшу шамамен 47 мың теңге. Сарап­шылар мұны турист тартудың ама­лы деп бағалап отыр. Иә, әуе кеңістігіндегі кейбір қағидалар өзгерген. Мысалы, бұ­рын ертерек брондау кең етек жай­­ған еді. Қазір адамзат саяхат жос­парын күні бұрын құруды до­ғарған. Танымал трэвел-блогерлер де 2021 жылы эпида­хуалға қарап қана билет алуға кеңес береді.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ