Ұшақ апатынан зардап шеккендерге жәрдемақы беріледі
Ұшақ апатынан зардап шеккендерге жәрдемақы беріледі

Сақтандыру компаниясы жәрдемақының мөлшерін айтты.

"Тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы" заң бойынша денсаулығына зиян келген жолаушылар, сондай-ақ қаза тапқан жолаушылардың асырауындағы зардап шеккен адамдар сақтандыру төлемдерін алады.

Жұма күні апатқа ұшыраған Fokker 100 ұшағын сақтандырушы "Amanat" компаниясының мәлімдеуінше, төлемдер авиакомпаниядан және жәбірленушілерден құжаттарды алған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

"Қазақстан заңнамасы бойынша жарақат алған немесе денсаулығына өзге де зақым келген жолаушылар емделуге жұмсалған нақты шығындар көлемінде 200 АЕК-ке дейін (530 200 теңгеге дейін, 1 АЕК 2651 теңгеге дейін) төлемдер алады. Егер ұшақтың апатқа ұшырауы салдарынан жолаушы мүгедектік алса, мүгедектік тобына байланысты 2 500 АЕК-тен 5 000 АЕК-ке дейін (6 миллион 627 500 теңгеден 13 миллион 255 мың теңгеге дейін ) төлемдер жүргізілетін болады. Жолаушының өлімі үшін 5 000 АЕК (13 миллион 255 мың теңге) көлемінде төлем қарастырылған", - деп хабарлады компанияда.

Сондай-ақ, сақтандыру компаниясында жерлеуді жүзеге асырған тұлға алатын 100 АЕК (265 мың теңге) көлемінде жерлеу шығындары өтелетінін атап өтті. Төлем мөлшерін есептеу үшін сақтандыру төлемі күніне белгіленген АЕК пайдаланылады. Сұрақтар туындаған жағдайда 7310 бірыңғай нөмірі бойынша қоңырау шалыңыз.

Естеріңізге сала кетейік, әуе апаты 27 желтоқсанда Алматы облысында болған. Бортында 93 жолаушысы бар Bek Air ұшағының апатқа ұшырауынан 12 адам қаза тапты.