Жыл өткен сайын елдегі қылмыс деңгейі төмендеп келеді. Бұған тиісті органдар дайындаған статистика дәлел. 2020 жылы қылмыстың бір жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда 33 пайызға азаюына не себеп? Пандемияда үйден шықпай отыру ма, әлде халықтың халі жақсарды ма? Әлемдік деңгейде Қазақстан қаншалықты қауіпсіз ел саналады? 2020 жылы жасалған қылмыстарды кімнің, қалай, қай аймақта көбірек жасағанына тоқталайық.
Жағдай жақсарса, қылмыс азая ма?
2017 жылы Құқық қорғау органдары академиясы тарапынан адам өлтіруге қатысты криминологиялық зерттеу жасалған болатын. Криминалист, математик, психолог мамандармен қатар қылмыстық және әкімшілік өндіріс саласындағы практиктер адам өлтіру фактілерін тереңінен талдаған. Нәтижесінде, олар соңғы 25 жылда оң өзгерістер байқалғанын атап өтіпті. Оған себеп ретінде мынадай деректер келтірген. Мәселен, 1993 жылы жан басына шаққандағы ЖІӨ мөлшері 696 доллар болса, 2015 жылы 15 есе өскен. Яғни, көрсеткіш – 10,5 мың доллар. Енді осы ретте сол сәттен кейінгі мөлшерді де есепке алып көрелік. Одан кейінгі бес жылда ЖІӨ көлемінде кері динамика байқалған. Атап айтқанда, 2016 жылы 26,58 пайызға төмендеп 7,6 мың доллар болған. Бір жылдан кейін қайта көтеріліп, 9,1 мың долларға тең болыпты. Ал 2020 жылғы көрсеткіш – 8,7 мың доллар. Демек, мамандардың қорытындысына салсақ, жыл сайын төмендеп келе жатқан ЖІӨ елде қылмыстың қайтадан көбеюіне әкеліп соғуы әбден мүмкін.
Бұдан кейін криминалистер орташа зейнетақы мөлшерін есепке алады. 1991 жылы 187 теңге болса, 2015 жылы 200 есе өсіп, 38 933 теңгеге тең болыпты. 2020 жылғы көлемі 90 мыңнан сәл асады. Әлбетте, жыл сайын зейнетақы мөлшері көбейіп жатыр. Дегенмен бізде жалақы мен зейнетақы көтерілген бетте-ақ тұрмыстық тауар мен азық-түлік бағасы шарықтап шыға келетіні тағы бар. Жалпы алғанда, мамандар азаматтарымыздың қауіпсіздігі саласында оң өзгерістің болуына әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің жақсарғаны әсер етті деген байламға келіпті.
Қылмыс деңгейі азайып келеді
Ал енді қылмыс, соның ішінде адам өлтіру сынды аса ауыр қылмыс түрлеріне тоқталсақ. Мәселен, 80-жылдары кеңестік Қазақстан кеңістігінде жыл сайын 1,5 мың адам өлімі болған. 90-жылдары бұл көрсеткіш одан әрі өсіп, 2,5 мыңнан асып жығылған. Енді одан кейін біртіндеп азайып, биыл одан әрі төмендегенін нақты деректер жүзінде көріп отырмыз. Атап айтқанда, елдегі қылмыс деңгейі 2020 жылы 33 пайызға азайған. Ендеше жаңа статистикаға назар салайық, Бас прокуратураға қатысты Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет 2020 жылдың қорытындысын жариялады. Ведомство таратқан ақпаратқа сүйенсек, істі болғандардың 77,7 пайызы сотталған, 1,3 пайызы ақталған, қалған 21 пайызына қатысты қылмыстық іс сот тарапынан тоқтатылған. 11 095 адамның бостандығы шектелсе, 8 435-і түрмеге жабылған. 3 093 адам айыппұл арқалып, 1 334 адам шартты түрде бас бостандығынан айырылыпты. Қазақстан бойынша өткен жылы 163 226 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген.
Қылмыскердің келбеті
Осы қолда бар ақпаратты қарай келе, қылмыскердің портреті де жасалған. Яғни, сипаты мынадай: жұмыссыз ер адам, орта білімі бар, жас шамасы 30-49 аралығында. Бұдан бөлек, әр аймақ бойынша ең жиі жасалатын қылмыс түрін де білуге болады. Мәселен, Алматы мен Оралда ұрлық пен тонау белең алса, Павлодар, Қарағанды, Таразда адам өлтіру саны көп екен. Айтпақшы, Тараз бұзақылық жасаудан алда тұр. Жанына Ақтөбені де қосыңыз. Ал алаяқтық көп тіркелген аймақтар қатарында Қостанай, Петропавл бар екен. Зорлық-зомбылық пен есірткіге қатысты қылмыс Ақтауда көп тіркелген. Осы ретте азаматтардың қауіпсіздігі үшін жасалған жобаны да сөз ету керек сыңайлы. Қылмыстық құқықбұзушылық бойынша статистиканы әр азамат аймақтар бойынша бақылап отыра алады. infopublic.pravstat.kz порталы арқылы қылмыс түрлері, мерзімі мен аумағы бойынша қалаған дерегіңізді табуға болады. Бұл жоба азаматтардың қауіпсіздігі үшін жасалған болатын.
25 әкім, 2 депутат ұсталған
Өткен жылы жалпы саны 76,5 мың адам қылмыстық құқықбұзушылық жасаған. Бұл дегеніміз – бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 23,2 пайызға төмен. Басым бөлігі – ел азаматтары, 1,8 мыңы – ТМД азаматтары, 178 адам – шетелдіктер. Жынысына қарай бөлетін болсақ, жалпы қылмыс жасағандардың 9,8 мыңы – әйелдер. Ал кәмелетке толмай жатып заңға қайшы әрекет қылғандар саны – 1,8 мың. Айтқандай, қылмыскердің портретін жасағанда мынадай дерекке сүйенген. Құқық бұзушылардың 81,5 пайызы жұмыссыз болған. Ал 7 пайызы – жұмыс істейтіндер, 1,9 пайызы – оқитындар. Ал құқық қорғау органдары қызметкерлерінің ішінде ең көп қылмыстық құқықбұзушылық жасайтындар қатарында ІІМ қызметкерлері, әкімдер, әскери қызметкерлер. Бұдан бөлек, былтыр ТЖ органдарының 20 қызметкері, 8 сот, 2 депутат ұсталған. Бір қызығы, бір жыл бұрын халық қалаулыларына қатысты іс қозғалмаған. Сот алдына барған әкімдер саны – 25. Құқық қорғау салаларының қызметкерлері бөлінген санаттың ішінде жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері деген бөлек категория бар. 2019 жылы бір қызметкерге қатысты іс жүрсе, 2020 жылы ол сан нөлге тең болыпты.
Қазақстан қауіпсіз бе?
Ел ішіндегі жағдай осындай. Ал әлем бойынша Қазақстан қаншалықты қауіпсіз? Қалалар мен елдер бойынша өмір сүру қаупіне баға беретін Numbeo мәліметтер базасы бар. Crime Index for Country бойынша сарапшылар елдегі ахуалды бағалап, қылмыстың қандай түрі көп екенін анықтайды. Қылмыс индексі 20-дан төмен болса, көшеде емін-еркін жүруге болатынын білдірсе, 20-40 арасындағы – орташа, 40-60 арасында – бірқалыпты, 60-80 арасында болса – жоғары, одан асса қаскөйдің қолынан қаза табу мүмкіндігі өте жоғары екенін көрсетеді. Сарапшылардың айтуынша, мұндағы мәліметтер ресми органдардың деректеріне кейде қайшы келіп жатады. Себебі көп жерде заң жүзінде тіркемей, көз жұмып қоя салады деседі. Аталған мәліметтер базасында Қазақстан 34-орында тұр. Қылмыс индексі – 54,81, ал қауіпсіздік индексі бұдан сәл төмен – 45,19.
Сонымен қатар ресми статистиканы да келтіре кету міндет. «Заң мен тәртіптің жаһандық индексі» деген атпен жүргізілетін рейтинг бар. Оны Gallup институты әзірлейді. 144 елдің ішінде 2020 жылы Қазақстан 79 ұпай жинап, 71-орынға жайғасты. Бізден бірер саты жоғары тұрған елдер қатарында Кипр, Сальвадор, Үндістан бар. Ал Латвия, Литва және Грекия бізден кейін орналасты. Полицияға сенім артып, тұрғындары өзін қауіпсіз сезінетін елдерге келсек, бұл қатарға Сингапур, Түрікменстан, Қытай, Исландия, Кувейт, Норвегия, Аустрия, Швейцария, Өзбекстан және Біріккен Араб Әмірліктері енген.
Жадыра АҚҚАЙЫР