Қылмыскер портреті: орта жастағы жұмыссыз жігіт

Қылмыскер портреті: орта жастағы жұмыссыз жігіт

Жыл өткен сайын елдегі қылмыс деңгейі төмендеп келеді. Бұған тиісті органдар дайындаған статистика дәлел. 2020 жылы қылмыстың бір жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда 33 пайызға азаюына не себеп? Пандемияда үйден шықпай отыру  ма, әлде халықтың халі жақсарды ма? Әлемдік деңгейде Қазақстан қаншалықты қауіпсіз ел саналады? 2020 жылы жасалған қылмыстарды кімнің, қалай, қай аймақта көбірек жасағанына тоқталайық. 

Жағдай жақсарса, қылмыс азая ма?

2017 жылы Құқық қорғау ор­гандары академиясы тарапынан адам өлтіруге қатысты крими­нологиялық зерттеу жасалған бо­латын. Криминалист, мате­матик, психолог мамандармен қатар қылмыстық және әкімшілік өндіріс саласындағы практиктер адам өл­тіру фактілерін тереңінен тал­даған. Нәтижесінде, олар соңғы 25 жылда оң өзгерістер бай­қалғанын атап өтіпті. Оған себеп ретінде мынадай деректер келтірген. Мә­селен, 1993 жылы жан басына шаққандағы ЖІӨ мөлшері 696 доллар болса, 2015 жылы 15 есе өскен. Яғни, көр­сеткіш – 10,5 мың доллар. Енді осы ретте сол сәттен кейінгі мөл­шерді де есепке алып көрелік. Одан кейінгі бес жылда ЖІӨ кө­лемінде кері динамика байқалған. Атап айтқанда, 2016 жылы 26,58 пайызға төмендеп 7,6 мың доллар болған. Бір жылдан кейін қайта көтеріліп, 9,1 мың долларға тең болыпты. Ал 2020 жылғы көр­сеткіш – 8,7 мың доллар. Демек, мамандардың қорытындысына салсақ, жыл сайын төмендеп келе жатқан ЖІӨ елде қылмыстың қайтадан кө­беюіне әкеліп соғуы әбден мүмкін. Бұдан кейін криминалистер орташа зейнетақы мөлшерін есеп­ке алады. 1991 жылы 187 теңге болса, 2015 жылы 200 есе өсіп, 38 933 теңгеге тең болыпты. 2020 жы­л­ғы көлемі 90 мыңнан сәл аса­ды. Әлбетте, жыл сайын зей­нетақы мөлшері көбейіп жатыр. Дегенмен бізде жалақы мен зей­нетақы көтерілген бетте-ақ тұр­мыстық тауар мен азық-түлік ба­ға­сы ша­рықтап шыға келетіні тағы бар. Жалпы алғанда, маман­дар азамат­тарымыздың қауіп­сіздігі саласында оң өзгерістің бо­луына әлеу­меттік-экономи­калық көрсет­кіштердің жақсар­ғаны әсер етті деген бай­ламға келіпті.

Қылмыс деңгейі азайып келеді

Ал енді қылмыс, соның ішін­де адам өлтіру сынды аса ауыр қы­лмыс түрлеріне тоқ­талсақ. Мә­­се­лен, 80-жылдары кеңестік Қа­зақстан кеңістігінде жыл сайын 1,5 мың адам өлімі болған. 90-жыл­дары бұл көрсеткіш одан әрі өсіп, 2,5 мыңнан асып жығыл­ған. Енді одан кейін бір­тіндеп азайып, биыл одан әрі төмен­дегенін нақты деректер жү­зінде көріп отырмыз. Атап айтқанда, ел­дегі қылмыс деңгейі 2020 жылы 33 пайызға азайған. Ендеше жаңа статистикаға назар салайық, Бас прокуратураға қатысты Құ­қық­тық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет 2020 жыл­дың қоры­тын­дысын жа­риялады. Ве­домство таратқан ақ­паратқа сүйен­сек, істі бо­лғандардың 77,7 пайызы сот­талған, 1,3 пайызы ақталған, қалған 21 пайызына қа­тысты қы­лмыстық іс сот тара­пынан тоқ­­та­­тылған. 11 095 адам­ның бостан­дығы шектелсе, 8 435-і түр­­меге жа­былған. 3 093 адам айып­­­пұл ар­қалып, 1 334 адам шартты түрде бас бостан­ды­­ғынан айы­рылыпты. Қа­зақстан бойын­­­ша өткен жылы 163 226 қыл­мыс­­­­­­тық құ­қық­бұзушылық тір­келген.

Қылмыскердің келбеті

Осы қолда бар ақпаратты қа­рай келе, қылмыскердің портреті де жасалған. Яғни, сипаты мына­дай: жұмыссыз ер адам, орта білімі бар, жас шамасы 30-49 аралы­ғында. Бұдан бөлек, әр аймақ бойынша ең жиі жасалатын қыл­мыс түрін де білуге болады. Мә­селен, Алматы мен Оралда ұрлық пен тонау белең алса, Пав­лодар, Қарағанды, Та­разда адам өлтіру саны көп екен. Айтпақшы, Тараз бұзақылық жасаудан алда тұр. Жанына Ақ­төбені де қо­сыңыз. Ал алаяқтық көп тір­келген аймақтар қатарында Қос­танай, Петропавл бар екен. Зор­лық-зомбылық пен есірткіге қа­тысты қылмыс Ақтауда көп тір­келген. Осы ретте азамат­тар­дың қауіп­сіздігі үшін жасалған жобаны да сөз ету керек сыңайлы. Қыл­мыс­тық құқық­бұзушылық бойын­ша статистиканы әр азамат ай­мақтар бойынша бақылап оты­ра алады. infopublic.pravstat.kz пор­талы арқылы қылмыс түрлері, мерзімі мен аумағы бойынша қа­лаған дерегіңізді табуға болады. Бұл жоба азаматтардың қауіп­сіздігі үшін жасалған болатын.

25 әкім, 2 депутат ұсталған

Өткен жылы жалпы саны 76,5 мың адам қылмыстық құқық­бұзушылық жасаған. Бұл дегені­міз – бір жыл бұрынғы көрсет­кіштен 23,2 пайызға төмен. Басым бөлігі – ел азаматтары, 1,8 мыңы – ТМД азаматтары, 178 адам – шетел­діктер. Жынысына қарай бөлетін болсақ, жалпы қылмыс жасаған­дардың 9,8 мыңы – әйел­дер. Ал кәмелетке толмай жатып заңға қайшы әрекет қылғандар са­ны – 1,8 мың. Айтқандай, қыл­мыскердің портретін жаса­ғанда мынадай де­рекке сүйенген. Құ­қық ­­­бұзу­шы­лардың 81,5 пайы­зы жұмыссыз болған. Ал 7 пайызы – жұмыс іс­тейтіндер, 1,9 пайызы – оқи­­тын­дар. Ал құқық қорғау ор­гандары қыз­меткерлерінің ішінде ең көп қыл­мыстық құқық­бұзу­шылық жа­сайтындар қата­рында ІІМ қыз­­меткерлері, әкімдер, әс­кери қыз­меткерлер. Бұдан бөлек, былтыр ТЖ органдарының 20 қыз­меткері, 8 сот, 2 депутат ұс­тал­ған. Бір қы­зығы, бір жыл бұрын халық қа­лаулыларына қатысты іс қозғал­маған. Сот алдына барған әкімдер саны – 25. Құқық қорғау салала­рының қызметкерлері бө­лінген санаттың ішінде жем­қор­лыққа қар­сы қызмет өкілдері де­ген бөлек категория бар. 2019 жылы бір қыз­меткерге қатысты іс жүрсе, 2020 жы­лы ол сан нөлге тең бо­лыпты.

Қазақстан қауіпсіз бе?

Ел ішіндегі жағдай осындай. Ал әлем бойынша Қазақстан қан­шалықты қауіпсіз? Қалалар мен елдер бойынша өмір сүру қаупіне баға беретін Numbeo мәліметтер базасы бар. Crime Index for Country бойынша сарапшылар елдегі ах­уал­ды бағалап, қылмыстың қан­дай түрі көп екенін анықтайды. Қыл­мыс индексі 20-дан төмен болса, көшеде емін-еркін жүруге бола­тынын білдірсе, 20-40 ара­сын­­дағы – орташа, 40-60 арасын­да – бірқалыпты, 60-80 арасында бол­са – жоғары, одан асса қас­көйдің қолынан қаза табу мүм­кін­дігі өте жоғары екенін көр­сетеді. Са­рапшылардың ай­туын­ша, мұн­дағы мәліметтер рес­ми ор­ган­дардың деректеріне кей­де қайшы келіп жатады. Себе­­бі көп жерде заң жүзінде тіркемей, көз жұ­мып қоя салады деседі. Атал­­ған мәліметтер база­сында Қа­зақстан 34-орында тұр. Қыл­мыс индексі – 54,81, ал қауіпсіздік индексі бұдан сәл тө­мен – 45,19. Сонымен қатар ресми статис­тиканы да келтіре кету міндет. «Заң мен тәртіптің жаһандық ин­дексі» деген атпен жүргізілетін рейтинг бар. Оны Gallup инс­ти­туты әзір­лейді. 144 елдің ішінде 2020 жылы Қазақстан 79 ұпай жинап, 71-орын­ға жайғасты. Біз­ден бірер саты жоғары тұрған ел­дер қа­тарында Кипр, Сальвадор, Үн­дістан бар. Ал Латвия, Литва және Грекия бізден кейін орна­ласты. Полицияға сенім артып, тұрғын­дары өзін қауіпсіз сезінетін елдерге келсек, бұл қа­тарға Син­гапур, Түрікменстан, Қытай, Ис­ландия, Кувейт, Нор­вегия, Аус­трия, Швейцария, Өзбекстан және Біріккен Араб Әмір­ліктері енген.

Жадыра АҚҚАЙЫР