2020 жылға мамандардың болжамы қандай?
2020 жыл – кібісе жылы. Сондықтан, астрологтар бірауыздан егістіктен мол өнім түсетінін және мал шаруашылығының қарқынды дамитынын айтуда. Бұл жылы «Құдайға» сеніп құр жатпай, адал еңбек етіп, маңдай терін төккендердің айы оңынан туатын көрінеді. Ал, бағы жануын күтіп қол қусырғандар құр қалады.
Жақындап қалған жаңа жыл жайлы экстрасенс Бақыт Жұматованың да айтары бар. Ол 2020 жылды жалпы алғанда жағымды да жайлы жыл болады дейді. Әйткенмен, ескерілуі тиіс маңызды мәселелері мен қиындықтарының да бар екенін жасырмады. 2020 жылы Қазақстанды көптеген салаларда даму мен өркендеу болады. Әсіресе, тасымал істері алға басады. Сондай-ақ, әлемнің барлық елімен орнатылған жақсы қарым-қатынас сол қалпы сақталады. Бұл жылы құрылыс та көп болады. «Қара сақалға» айналған құрылыс жұмыстары аяқталмақ. Саясат саласында да көптеген келелі оқиғалар орын алады. Саясат алаңында жаңа тұлғалар пайда болады, көбісі – жастар. Қазақ тілін өркендету, қоғамдағы орнын нығайту, қолданылу аясын кеңейту жолында көп жұмыс жасалады. Бұл жылы филолог, лингвист, аудармашы мамандарына сұраныс пен тапсырыс артады.
Сонымен қатар, Б.Жұматова Алакөл, Балқаш, Каспий теңізі, басқа да еліміздегі емдік су көздері бар аймақтарда туризмді дамытып, келушілерге жақсы жағдай жасалуы керектігін ескертуде. Өйткені, экстрасенс дәл осы жерлерге туристердің ағылып келіп жатқанын «көріпті».
«Байқоңыр бұрынғыдан да дами түседі. Нақты қай жер екенін айта алмаймын, бірақ еліміздің аумағында тағы бір ғарыш айлағы пайда болады. Семейде болар бәлкім. Сауда нарығын жапондар жаулайды. Жапониядан келген заттар, техникалар көбейеді. Ең қызығы, олардың салыстырмалы түрде алғанда арзанырақ түсетіні», – деді Бақыт Жұматова.
Көріпкел, емші, балгер Вера Лионның да келер жылдан күтері көп. Сәуегейдің сөзіне сенсек, 2019 жылы басталған және жоспарланған өзгерістер 2020 жылы да жалғасын табады. Жалпы ішкі өнім көлемі ұлғаяды, қазақстандықтардың тұрмыс жағдайы жақсарады, жаңа жұмыс орындары көбейеді. Еліміз халықаралық аренада да өзін жақсы қырынан көрсетіп, атақ-абыройы артады, бұрынғы серіктес елдермен қарым-қатынасы нығая түседі және жаңа елдермен серіктестік орнатады. 2020 жылы газ бен электр энергиясы тарифі аздап көтерілуі мүмкін. Алайда бұл халықтың қалтасына аса ауыр салмақ түсіре қоймайды. Оған себеп – жалақының айтарлықтай өсуі болмақ. Бейбіт еліміз бұл жылды да соғыс-соқтығыссыз өткізеді. Тек дін және саясат алаңдарында аздаған келіспеушіліктер мен түсініспеушіліктер орын алуы ықтимал. Билік барлық жағдайды дипломатиялық жолмен шеше алатындықтан, тыныштық тез-ақ орнайды. Саясатта жаңа, тың да тиімді идеялары бар жас тұлғалар бой көрсетеді. Бұл жылы саясаткерлер мен билік өкілдерінің басты мәселесі – валютаның тұрақсыздығынан туатын экономикалық кризис болмақ.
Міне, балгерлердің айтары осындай. Ал, жаңа жылға әр адам өзінше үміт артады. 2020 жыл – алға қойған мақсаттарыңыз орындалатын жыл болсын!