Әкімнің қолынан баспана кілтін алған әртістер далада қалуы мүмкін
Әкімнің қолынан баспана кілтін алған әртістер далада қалуы мүмкін
146
оқылды

2010 жылы облыс әкімі актерлерге 6 пәтердің кілтін табыс еткен. Енді арада бірнеше жыл өткенде шенеуніктер баспананы қайтарып алуды көздеп отырған көрінеді. Бұл туралы АstanaTV хабарлады.

13 жылдан бері сахна төрінде өнер көрсетіп жүрген Гүлнәз Гайнулина 10 жыл бұрын пәтер алған. Жергілікті билік жас маманға коммуналдық тұрғын үйден бір бөлмелі пәтерді жалға ұсынып, кейін жекешелендіруге мүмкіндік беретінін уәде еткен. Театр әртісі осы уақытқа дейін ай сайын жалға алу құнын өтеп келгенін айтады. Алайда атқамінерлер баспананы қайтарып беруді талап етіп отырғанын түсінбей дал. Тіпті істі сотқа дейін жеткізіпті. Енді жолдасымен бірге 2 баланы тәрбиелеп отырған отбасы далада қаламыз ба деп алаңдайды.

С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының әртісі Гүлнәз Гайнулина: «Счетқа ақша жинамадық. Біздің оған жалақымыз да жетпейді, жинайтындай. Сенімді жүрдік, біздің баспанамыз бар деп. Бірақ міне уақыт өте келе 10 жыл өткеннен кейін осы үйді атымызға өткізу мәселесін қолға алайық десек, бұл уақытша жалға берілген баспана, ол жекеменшікке өтпейді», – дейді.

2010 жылы облыс әкімі болған Серік Біләлов, Қазақ театрының 10 жылдығына арнап әртістерге 6 пәтер кілтін салтанатты түрде табыстады. Оның екеуі мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлерден берілсе, қалған төртеуі медицина қызметкерлеріне арналған баспанадан бөлінген. Соңғысы жалға берілген пәтер болған соң, жекешелендіру бағдарламасына ілекпей қалған екен. Сондықтан әртістер әкімдіктің арбауына түсіп, сан соғып қалғанын айтады. 80 пәтерлі «Медицина үйіне» жауап беретін Денсаулық сақтау басқармасы театр әртістерімен келісімшарт жасамаған.

СҚО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Гүлнәр Қалиева: «Өткен жылы бізге 72 дәрігер маман келсе, соның 30-ы қалада қалды. Бірақ дәрігер үйінен олардың үш-төртеуіне ғана баспана берілді. Себебі, баспана бос емес. Бір жыл бұрын көпбейінді аурухана инвентаризация жасаған кезде сол 4 пәтерді анықтаған. Мақсатты емес ұстанымда болған. Әртістерге «бұл уақытша тұратын пәтерлеріңіз, түбінде босатасыздар» деп. Оларды қыста ешкім далаға қумайды», – дейді.

Сөйтіп, жылыту маусымы аяқталған соң әртістер далаға қалуы мүмкін. Қазір мәдениет басқармасының меншігіндегі пәтерлер де бос емес көрінеді.