Қарақия ауданында сапар-орталығының салынуына байланысты қоғамдық тыңдау өтті. Нәтижесінде, Бозжырадағы туристік орталық шатқалдан 4 шақырым қашықтықта салынатын болды.
Осыған дейін Бозжырадағы құрылысқа қатысты қоғамда қызу талқы болған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысындағы табиғи қорықтың аумағына салынатын визит-орталықтың жобасын Үкіметке қайта қарауды тапсырған болатын. Осыған орай облыс басшылығы қоғамдық кеңестің, эколог-сарапшылардың пікірін ескере отырып, инвесторлармен бірлесіп, қонақ үй салу үшін жаңа орын қарастырды. Инвесторлардың айтуынша, Бозжыра шатқалындағы сапар-орталығы Жабайұшқан қорығының аумағынан тыс, шатқалдың «азу тістерінен» 4 шақырым қашықтықта салу жоспарланып отыр. Бұл – биіктікке 4 шақырымнан жақын ешқандай құрылыс техникасы бармайды деген сөз. Жабайұшқан аумағында ешқандай құрылыс жүрмейді. Жоба авторлары, инвесторлар мен Қарақия ауданының басшылары Сенек ауылының тұрғындарымен кездесіп, жобаны таныстырды. Ауыл ақсақалдары ұсыныс-пікірлерін білдірді. 2021 жылдың 5 ақпанында аудан орталығында «қоршаған ортаға әсерді бағалау» бойынша тағы да қоғамдық тыңдаулар өткізу жоспарланып отыр. Айта кету керек, инфрақұрылым жүргізу үшін инвестор тек «жасыл» технологияларды қолданатын болады. Туристік нысанды құрудың арқасында 200-ден астам жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады екен.