Қос кітаптың тұсауы кесілді
Қос кітаптың тұсауы кесілді
185
оқылды

Алматыда Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты  даярлаған кітап­тар­дың таныстырлымы өтті. Қос кітаптың бірі – Елбасының «Ұлы да­ланың жеті қыры» атты бағ­дарламалық мақаласын жүзеге асыру мақ­сатында жарық көр­ген  «Ұлы дала­ның ұлы есімдері» ат­ты жи­нақ болса, екіншісі – «Қожа­берген батыр» атты зерт­теу.

Алматы қаласындағы №4 кітап­ханада өткен жиынға екі ғылыми кітаптың авторлары мен ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, кітапхана оқырмандары қатысты. Институт директоры Зиябек Қабылдинов «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты  жинаққа Ежелгі дәуір және түркі қағанаттары, VIII-XII ғғ, Алтын Орда кезеңі (XIII-XV ғғ), Қазақ хандығы дәуірі, XVIII ғ. бірінші жартысы (1917 ж.), кеңестік Қазақстан және Тәуелсіздік кезеңінің ұлы есімдері енгенін атап өтті. Ал «Қожаберген батыр» кітабын Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ғалымдары Сайын Борбасов, Ахмет Тоқтабай және жазушы Жәди Шәкенұлы бірлесе әзірлепті. Еңбек  XVIII ғасырда өмір сүрген Абылай ханның батырларының бірі әрі қазақ-қытай қатынасында елеулі рөл атқарған Қожаберген Жәнібек­ұлы­ның өміріне арналған. Батырдың өмірбаяны «Ұлы даланың ұлы есім­дері» атты жинаққа да енгізілді. Қазақ хандығы заманындағы ұлы тұлғалар қатарына тарих ғылым­дары­ның докторы Бақыт Еженханұлының 2017 жылы мәнжі-қытай мұрағат құ­­­­жат­тары негізінде жазылған «Қожа­­­берген батыр» атты ғылыми зерт­теу кітабы, бүгін тұсауы кесіл­ген Ресей және Цин империя­сының тарихи архив құжаттарымен қатар, ел аузын­дағы танымдық этно­графиялық әңгіме­лерді деректану тұрғысынан саралап, зерттеген «Қожа­берген батыр» кітабы негізінде Қожаберген батыр есімі де енді. Ал кітапты шығаруға «Қожаберген ба­тыр» қоғам­дық қорының президенті Мерей Сләмұлы демеушілік жасаған.