Қазақстан адам бостандығы индексі бойынша әлемдегі 162 елдің ішінде 75-орынға тұрақтады. Еліміздің индексі 6,99 болды, бұл көрсеткіш ЕАЭО-ға кіретін Армения мен Қырғыз Республикасына қарағанда төмен, бірақ Беларусь пен Ресейге қарағанда жоғары. Ал жеке бас бостандығы бойынша рейтингте 90-орында болса, экономика бойынша – 73-орында.
Адам бостандығы индексі екі негізгі компонентті қамтиды: жеке және экономикалық еркіндік. Қазақстанда жеке бас бостандығы индексі – 6,85, экономикалық бостандығымыз – 7,12. Рейтингтегі жоғарғы индекс –10, бұл елдегі адамдар толық еркін деген сөз, ал ең төменгі индекс – 0. Тиісінше, бұл шама бостандығы жоқ ел екенін білдіреді. Бостандық индексі жоғары елдер рейтингінде Жаңа Зеландия, Швейцария және Гонконг көш бастап тұр. Ал 3,97 көрсеткішімен Сирия тізімді аяқтаған. Бостандық индексі билік органдары адамдарды қаншалық шектейтінін немесе мәжбүрлейтінін көрсетеді. Елдердегі бұл индекс адам қызметінің он екі саласын көрсететін жеке, азаматтық, экономикалық бостандықтың 76 көрсеткіші негізінде есептеледі. Соның ішінде, заңның үстемдігі, қауіпсіздік, қозғалыс еркіндігі, дін бостандығы, қауымдастықтар мен азаматтық қоғам бостандығы, сөз және ақпарат бостандығы, жеке басын және жеке қарым-қатынасын таңдау еркіндігі, үкімет өлшемдері, құқықтық жүйенің сапасы және меншік құқығын қорғау, сенімді ақшаға қол жеткізу, халықаралық сауда бостандығы және бизнесті, еңбекті, несиелеуді реттеу шамалары бойынша бағаланады. Алғашқы жеті сала жеке бас бостандығы индексінде есепке алынады, осы индекс бойынша Қазақстан рейтингте 90-орында тұр. Соңғы бес сала экономикалық еркіндік индексінде ескеріледі, мұнда Қазақстан 73-орынды иеленді. Жеке бас бостандығы индексі бойынша Қазақстанның қауіпсіздік бөлімінде және бірегейлік пен жеке қарым-қатынастарды таңдау еркіндігінде баға жаман емес. Яғни, 10-нан 9, жүріп-тұру еркіндігі бойынша да 10-нан 8,3. Экономикалық еркіндік индексі бойынша баға төмен. Осылайша, ақшаға қол жеткізу еркіндігі бойынша индекс – 8,8. Одан кейін бизнесті, еңбекті, несиелерді және үкімет көлемін реттеу еркіндігі тұр.Айша ЕРСҰЛТАН