Дың, дыың... Қоңырауды басқан келбетті келіншек қожайынды көріп, көздерін төңкере қарады. – Хабарландыру бойынша келдім. – Ия, екі бөлмелі пәтерімді жалға беремін. Үйге кіріңіз, –деген қожайын бөлмелерді аралатып көрсете бастады. – Терезелері бар ғой, ағай? – Терезесіз пәтер болушы ма еді? Міне, көріп тұрсыз ғой. – Мм, терезенің решеткасы бар ма деп жатқаным ғой. Әжетхана бар ма? – Онсыз пәтер болушы ма еді? Міне, көріңіз. – Ммм, туалетке су ағып тұр ма дегенім ғой. – Бөлмелеріңіз төрт бұрышты екен. – Ұш бұрышты бөлме көрген емеспін, – Әңгіме болсын деп жатқаным ғой. – Есігіңіз сыртқа ашыла ма, ішке ашыла ма? – Қазір көрдіңз ғой. – Тарақандарыңыз бар ма? – Жоқ. – Онысы жаман екен. Тарақан пәтердің сәні..Мына салбырап тұрған не? – Ләмпечке ғой. – Люстраңыз жоқ екен де. Кербез келіншек зерігіп сөйлеп, аса бір тәкәппарлықпен қожайынға бұрылды. – Болды келісемін. Келбетті келіншек Айда Кожамжарова Шымкенттегі екі бөлмелі пәтерді жалға алып, дереу іске кірісті. Жұмысшыларының көмегімен құмар ойын покер ойнайтын жабдықтардың бәрін орналастырды. Ойын карталары мен казино фишкілерін де әкелген. Тіпті, екі сұлу бикештерді жұмысқа қабылдады. Сөйтіп, құмар ойыншыларды қабылдай бастады. Кешелі бері әжептеуір ақша да қалтасын қампита қойды. Бір кезде есік қоңырауы басылды. Аяғын еппен басқан Айда есіктің көз тастағышына үңілді де: – Есіктің алдында ербеңдеп тұрған кім? – деп сұрады. – Мен ғой. – Менің кім? – Мен деймін, покер ойнауға келдім. – Мұнда пәтер жалдап тұрамыз. Ондай жоқ! – Қойыңызшы, ақшадан қағылайын деп тұрсыз ба? – Сенің кім екеніңді қалай білемін? – Ой, сенбесеңіз, жасырын құмар ойынханасын неге аштыңыз? Өтірік айтсам, мына баспалдақтан құлап өлейін! – Кіріңіз! – деген ол есікті ашқаны сол, бір топ экономикалық тергеу департаментінің жігіттері кіріп келгенде, сасып қалып: – Құдалар, хош келдіңіздер! – деп қалды. Сосын аузын алақанымен жауып, жүгріп барып, дәретханаға кіріп кетті, Ішінен іліп алды, – Есікті ашыңыз! – деді тергеушілердің бірі. – Қандай адамсыз? Туалетте отырмын. – Ашыңыз! – Бұл женский туалет! – Пәтерде екі туалет болмайды, ашыңыз! – Ішім ауырып... – Сіз заңмен тиым салынған құмар ойынханасын ашып алғансыз. Ерегіспеңіз! Айда амалсыз есікті ашты. Бірақ 300 мың теңгені унитазға ағызып жіберді. – Мына бір теңге ағып кетпей, жабысып қалыпты. Неге олай істедіңіз? – Айғақтарыңыз жоқ, – Мынау ше? – Ол ақшаны білмеймін. Пәтер иесінікі шығар? – Сіз не айтып тұрғаныңызды білесіз бе? – Кешіріңіздерші, күйеуім өліп қалған. Балаларымды асырау қиын, базардағы жұмысымнан пайда жоқ болған соң, кешіріңіздерші, –деп жылай кетті келіншек. Бірақ заң жылағанды жұбатпайды емес пе? Оған 505 мың теңге айып пұл төлеуге міндеттелінді. Оңай олжа опа бермес деген осы да!
Ратқұм МІРЕШ