Алматыдағы ұшақ апатынан зардап шеккендердің басым бөлігі және ең ауыр жағдайдағылары №4 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілгенін бұдан бұрын да хабарлағанбыз. Өйткені апат болған жерге ең жақын аурухана – осы. Біз бүгін де клиникаға арнайы барып, науқастардың жағдайын біліп қайттық.
– Қазіргі таңда клиникада ұшақ апатынан зардап шеккен 18 адам жатыр. Оның жетеуі жан сақтау бөлімінде, қалған науқастар жай бөлімдерде. Астанадан келген әріптестерімізбен бірге бүгін тағы да науқастардың әрқайсысының жағдайларын жеке-жеке қарадық. Қазір олардың жағдайы бірқалыпты. Жансақтау бөліміндегі жеті науқас ауыр жағдайда, бірақ тұрақты. Науқастар жеткізілген бірінші күні 15, кеше екі ота жасалды. Бүгін ешқандай ота жасалған жоқ. Ертең науқастардың бәрінің жағдайы тағы да жіті қаралады, сосын олардың қайсысын жан сақтау бөлімінен жай бөлімге, қайсысын үйге босатуға болатынын анықтаймыз, – деді №4 қалалық клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Айман Байзолданова.
Медициналық мекеме басшысының айтуынша, қан, дәрі-дәрмек жетпеу мәселесі болған жоқ. Қалалық қан орталығы қажет қанмен дер кезінде қамтамасыз етіп отырды. Ауруханада дәрі-дәрмек қоры бар.
Апат болғанын ести сала кезекшіліктен шыққан №4 аурухананың өз мамандары – дәрігерлер, орта буын медқызметкерлер, өзге ауруханалардың да дәрігерлері, тіпті волонтер ретінде көмек қолын созуға медициналық оқу орындарының студенттері де келген. Барлық медициналық мекемелерден хабарласып, көмек беруге әзір екенін білдірген. Көршілес орналасқан Онкологиялық орталықтың дәрігерлері де кез келген көмек көрсетуге дайын тұрды. Дәрігерлердің жұмыла жұмыс істеуі науқастарды бөлімдерге шұғыл орналастыруға және дер кезінде тиісті медициналық көмек көрсетуге сеп болды. Науқастардың жағдайын білуге келген туыстарына ыстық тамақ әкеліп, қолдау көрсеткен қарапайым халықтың да қарасы мол болған. Бұл әрекет – еліміздің қиындықты бірлесіп еңсеруге қашан да дайын екенін, ауызбіршілігімізді білдірді.