Майлы ауыз мадам
Майлы ауыз мадам
248
оқылды
Қазақстанда бірінші рет жем­қорлар жарысы ұйымдастырылды. Ауыздары апандай, құлқындары құдықтай жемқорлар Астананың «Жей береміз!» деген кафесіне жи­налды. Жарысты ұйымдас­тырушы: – Құрметті жемқорлар! Осы ка­феде ұзын стол үстіне бес кило­дай ет, жылқының қазысы, қы­мыз, қымыран қойылған. Соны тез арада ішіп, жеп болған соң, жүгір­геннен жүгіріп отырып, келесі «Асаймыз!» мейрамхана­сынан  чикен, микен, лаваш, ма­ваш жеп, беттеріңізге төңкерілген қара қазанның күйесін жағып, жүгіріп шығасыздар да, келесі «Қылғытамыз!» кафесіне кіре­сіз­дер. Ол жерден есектің етін жеп, қа­рын­дарыңызды төмпештей­сіздер де, келесі «Жұта береміз!» кафесіне жетесіздер!  Мұнда алты қапшық Ар, жеті қапшық Ұят тұр, соны жеп бола салысымен, ең соңғы «Бетсіздер!» кафесіне жетесіздер, ол жерде мемлекеттің миллиард теңгелері шашылып жатыр. Соны жейсіздер. Кәдім­гідей, нан шайнағандай. Кім көп жеп, кім кафелерге бұрын жетсе, сол жеңім­паз атанып, алтын жалатылған унитазға отырады! –деді. Сол екен, Қазақстан жем­қорлары, еліміздің елеулілері  сапқа тұрғаны соншалық, кафеге сый­мағандары көшеге шығып кетті. Олардың жартысы келесі турға қатыстырылатын болды. Бәрі ауыздарын ашып тұра қа­лысты. Масқара, ауыздары алты қарыс болғаны соншалық, ішек-қарындары көрініп, кейбірінің асқазандары аузынан шығып кетті. Төреші төбеге қарай тоң­қайып, «тарс» еткізіп еді, жемқорлар жапа-тармағай алға ұмтылды. Асығыс ішіп жеп, келесі кафеге жүгірісті. Ол жерден де жайпай жеген жалмауыз­дар беттеріне қара күйе жағысып, келесі кафеге зымырады. Кейбірі жүгіре алмай, еңбектеп барады. Енді бірі құса бастаса, бірі құстай ұша бастады. Ол жерден де ішіп жеген кейбір министрлер, басқарма бас­тықтары, тіпті жем­қорларға қарсы күрес қызмет­керлері бірін-бірі итерісіп, тамақ­қа таласып, керек десеңіз, бір әкім жылап қалды. Ой,  Аллай, не деген жемқорлар елі едік? Не деген жалмауыздар елі едік? Не деген... Олар емес, «ауыздары ақы­мақ»  қой! Жей береді, жей береді... Сонымен, алтын жалатылған уни­тазға кім отырды екен? Білесіздер ме? Білмесеңіздер, мен айтайын, Нұр-Сұлтан халықаралық әуе­жа­йының бас бухгалтері Әлия Баба­шева болып шықты! Ол және оның төңірегіндегі ұйымдасқан қыл­мыскерлер әуежайдан 1,6 мил­лиард теңге жымқырған еді. Не деген жем­қорлар десеңізші? Мил­лион емес, миллиард! – «Сіз жеңімпаз ретінде қандай әсер алдыңыз?» – деп сұрады жур­налистердің бірі микрофон ұсынып. Аса қуаныштан әлі араның апандай ашып тұрған майлы ауыз мадам аузын жауып, иегін сипалады. Сосын: – Қуаныштымын, елімнің елеулі жемқоры болғаныма қуанып тұр­мын! – деді. –  Алдағы уақытта да жей бересіз бе? –Жей беремін, жей беремін, жей беремін. – Түйіліп қалмайсыз ба? –Құдай сақтасын! –Шайнамай жұтасыз ғой? – Әрине! – Кейінгі өсіп келе жатқан жас жемқорларға не тілек айтасыз? – Жегендері желкелерінен шық­пасын! Ол сөзін аяқтап үлгермеді, құқық қорғаушылар сау етіп жетіп келді де, қолына кісен салды. Енді ол түрмедегі қарапайым ғана уни­тазға отыратын болды. 11 жыл бойы. Он жыл лауазымды қыз­метке де жолай алмайды. Тө­ңірегіндегілер де 7-8 жылдан ар­қалады.  Осылай жемқорлар жарысы көңілсіз аяқ­талды.

Мұхтар ШЕРІМ