Не болып кетті өзі?
Не болып кетті өзі?
147
оқылды
Достарыммен сыралатып, үйге кеш қайттым. Әйеліме «Қар­ным ашты, шәй қойшы?» деп айт­тым. Ол  үндінің «Кекеш ке­лін» сериалын көріп жатыр екен, «Өзің қойып іше берші, бәрі да­йын!» дей салды. Ал, күйеуі нанға май жағып жей салды. Жоқ, өтірік айтам, шәй қойдым, қайнаған соң, тәлтіректеп жүріп, май қой­дым. – Қатын, мына құм шекердің түк сапасы жоқ, қанша салсам да, тәтті емес! –дедім мен дауыстап. Көрші бөлмеден әйелімнің даусы шықты: – Тұз салып іше берсей,  тұз керісінше тәттііі болып кеткен! – Қызанақты тұздап едім. Түк дәмі жоқ! – Не дейсің маған, сәл шы­дашы, сериалым бітсін. – Түк дәмі жоқ! – Ненің? – Сериалыңның. – Теледидар бетін тұз сумен жуғанмын. «Дәмі» кірді. – Қатын! – Қатын демеші! Сүйіктім де! – Солай десем, дәмі кіреді.  Майға нан жағылмай жатыр! – Алқаш десе! Көзіңе қарасай! Нанға май жағасың! – Сапа деген атымен жоқ қазір! Нанның арасынан ақша, ой, өліп қалған тышқан шығады, шұжықтарынан шаш көрінеді, шы­рындары бояумен алдан­дырады! Қатын! – Әу? – Ваплиіңнің топырақ дәмі бар екен! – Тууу... Әйелім жетіп келді. «Нервісін» ертіп келді.Сөйтсеем, ішіп алғанның әсері ғой, құмшекер орнына тұз салыппын, вапли деп әйелім дәрумен жетіспейтін кезде жейтін кесегін жеппін, май дегенім іртік-іртік айран болып шықты! Бір тілім нан деп ойлап, бір жапырақ етке айран жағып қойыппын.  Нанды пышақпен емес, қасықпен турап, мылжалап тастаппын, ой, тоба. Мен осылай сұмдық бірдеңе бастаппын! Енді ішпеймін! Сыраның да сапасы жоқ, бірден басқа шабады! Ух! Бұл менің көршімнің әңгімесі. Енді ежелеп түсіндірейін. Кеңес дәуірінде әр тауардың сапа белгісі болатын.  Бүгін ше? Әркім, әр кәсіпкер өз білгенін істеп жүр. Мәселен,  Қарағандыда  бөлке нанның арасынан тышқанның құйрығы шыққан болатын. Оны желі қолданушының бірі өз парақшасында шошына жазған еді. Біз де шошынып қалғанбыз. Бөлке нанды еппен, қорқа–қорқа кесетін болдық. Арасынан алпыс мың теңге шыға келетіндей, қуашышпен қарайтынымыз да рас. Шымкенттегі нан жабушы кәсіпкерлер сапаны сызып тастай салып жүр.  Нанға дрожды көп қосқандықтан ба, ісініп тұрғанымен, сығып жіберсеңіз, бір уыс болып шыға келеді. Салмақтары да стандартқа сай келмейді.   Азық түлік сапасының сын көтермейтіні соншалық, соңғы жылдары мектеп және көше асханаларынан уланып қалғандары өз алдына,  керек десеңіз өліп қалғандары қаншама. «Ауру астан» дегенді «ажал астан» деп өзгертіп тастағандай. Сүт өнімдерінің біраз бөлігі Ресей мен Беларуссиядан әкелінеді. Ал, сүт ішіп, тышқақтаған балаларды былай қойыңыз, одан уланып, аурухана төсегіне таңылғандар да жетерлік. Шұжық дегенді атай көрмеңіз! Оның ішінде таза еттің жоқ екені талай дәлелденген! Бутерборд, гамбургерлер осындай сапасын сайтан ұрып кеткен шұжықтардан жасалатынын білесіз бе? Білсеңіз, құсқыңыз келеді! Ұрланған, бауыздалмаған еттердің базарларда сатылмауына кім кепіл? Мен деңізші, омырауыңызға сапа орденін тағайын! Америкадан келетін құс еттерін жегенше, картон қағаз шайнағаныңыз артық. Түк дәмі жоқ, көп тұрып қалғаны белгілі. Мерзімі өтіп кетсе де, сатудан алынбайтыны қызық. Сойте тұра олар күн өткен сайын қымбаттап бара жатыр емес пе? Оларды бақылайтын көздер қайда? Не болып кетті өзі, а? Тағы да айтамыз, , базарлардағы тауық еттерін алып мәз таппайсыз. Суға ісініп тұр.Шамасы, терісінің астынан шприц арқылы су жібере­тін көрінеді.

Ратқұм МІРЕШ