Ақымақ екен!
Ақымақ екен!
205
оқылды
Түлкібас ауданында тұратын жалғыз басты ана сәлефитке кіріп кеткені соншалық, қызына дұрыс емес намазды күштеп үйретіп, мәжбүрлеп күйеуге бергісі келді. – Қызым, ендігі айда тұр­мысқа берем сені. – Анашым, мен әлі он бес­темін ғой. – Бойың өсіп кетті. – Бойдың қандай қастысы бар? Ол қызын төмпештеп ұрып, бұрышқа тақады. Көздерінен от шашылып, создерінен тот шыққандай болды. Енді бірдеңе десе, шапалақпен тартып жіберуден де тайынбайды–ау? Бүгін кешке байыңмен та­ныс­тырамын! – Тимеймін! – Тиесің! – Сүймеймін! – Сүйесің! Ақымақ анасы оның шекесіне шертіп жіберді. Жетелеп асханаға алып келді. Нанға май жақты да: – Жейсің бе? –деп сұрады. – Ікке. – Бәле! Ол саған күнде  нанға май жағып беретін бай адам! Аузында мақалы, иегінде сақалы бар! – Әсіре діншіл ме, не? – Қандай дінді ұстанатынында жұмысың болмасын. Сол күні қызы солқылдап жылады.Түскі тамақты да ішпей қойды. Анасының дәл осылай мыстан кемпір сияқтанып кететіні үш ұйықтаса, түсіне кірмепті. Асылып өлсе ме екен? Жоқ, жіп үзіліп кетсе ше? Рельске басын қойса? Пойыз кешіксе, қатып қалар? Ойы он саққа жүгірген қаршадай қыз не істерін білмеді. Кешке сақалды жігіт ағасы келді. Сақалының әр қылында арамдық ұя салып қойғандай. Беті қалың, қастары жиырылып, өтірік жымиып, қыздың қолынан ұстады. Ол қолын ара шағып алғандай тартып алды. – Қорықпа, қарындас, үйреніп кетесің! – Сізге не керек? – Маған сен керексің... – Ұялмайсыз ба? – Ұялсам келем бе саған? – Жақындамаңыз! – Ток ұра ма не? – Ұрады! – Ашуланба, мен шешеңмен келісіп қойғанмын. – Мен бәрібір сізге тимеймін – Айта бересің. – Менің қояншығым бар. – Өтірік айтып тұрсың. – Менің миым кеуіп қалған. – Маған бәрібір! Ол қызды құшақтамақ бол­ған. Қыз оның бетіне шапалақпен салып жіберді де, терезеден се­кіріп, қаша жөнелді. Сол жүгір­геннен жүгіріп отырып, аудандық полиция бөлімшесінен бір-ақ шықты. Көз жасын көлдетіп отырып, анасының үстінен арыз жазды. Арызды айрандай сіміріп саламын деп ойлады ма, ақымақ анасы полицейлер мен тер­геушілерге айқайлап, бет бақтырмады. Ары қарай не болушы еді, қыз оқшауланып, анасының үстінен қылмыстық іс қозғалды... Ақымақ анасының ақыры осылай аяқталды.

Жебе САДАҚҰЛЫ