Қазақ қайтіп жарысын, несиеге көлік алғанымды қайтейін, гамажымыз, ой, гаражымыз жоқ. Құдайға шүкір, біздің елде көлік ұрлайтындар жеткілікті. Құдай жоқтан сақтасын. Сондықтан, көп қабатты үйдің алдында тұрған көлігімізді бетпақ әйеліміз екеуміз жаз бойы кезекпен күзететін болдық. Түнгі он екі-ден кейін мен ойыншық автомат асынып шығамын. Әйелім өз кезегінде ойыншық қылыш, найза алып жүреді. Суық қаруға жатпаса да, ұрыларды қорқытуға жарайды. Бір күні әйелім ұялы телефонымен хабарласты. – Аләу, машина жүріп кетті! – Тежегіщті бассаңшы. – Тежегіш жоқ мұнда. – Қалай жоқ? – Қай жерінде? – Аяғыңның тұсында! – Таппадым! – Еңкейіп қарасаңшы? – Еңкейе алмаймын. Мен жатырмын ғой. – Қайда, ойбай? – Жүк салғыштың ішіне жатып, көз шырымын алайын дегенім ғой, –деп жыламсырады әйелім. Есік алдына атып шықтым! Әйелім де, көлігім де жоқ! Күл–қоқыс салатын темір жәшіктердің ішін, арық атыздарды қарадым, жоқ! Құдайым–ай, әйел өлсе табылар, машинамды айтсаңшы? Бәсе, жастық пен одеал алып кетіп еді! Онымен тағы хабарластым. – Қайдасың? –деп сұрадым мен. – Багажда. – Жата бересің бе? Айқай салсаңшы?! – Шешініп жатқанмын. Ұялам! – Кімнен ойбай? – Ұрылардан. Қанша дегенмен бөтен еркектер... – Қай жерге келдіңдер? – Айдала. – Оны қалай білдің? – Багажниктің іші қап қараңғы болған соң, айдала сияқты, –деп жыламсырады әйелім, –Ойебаай, мені зорлап кетсе, сенен ұяламын.. – Зорлайын деп жатса, мен СПИД–пін де... – Ойебай, олар менің даусымнан қорқып, қашып кеткен сияқты! Шынында, қала шетіне шыққан ұрылар көлігімді тастап, басқа таксимен кетіп қалыпты! Полиция тауып берді! Көлігімді тапқаныма қатты қуандым! Әйелім табылмай қалғанда ғой... Ия, осылай әзілдеп жатамыз, Бірақ көлік ұралаушылар қай қалада болмасын секіріп жүр. Ойларына келгенін істейді. Тапа–тал түсте тонайтындарын айтсаңызшы! Әсіресе, Алматы қаласында көлік ұрлаушылар шектен шығып барады, шеттерінен тәлпіш! Алматыда өткен жылы автокөлік тонаған 165 адам ұсталған. Керемет қуаныш! Өз тонаушыларымыз бар! Шетелдіктер емес. Ұсталған адамдардың 99 пайызы жұмыссыздар екен. Енді өзіңіз ойлаңыз, ауыл әкімдері Алматыға келіп, көлік тонамайды ғой? Министр көлік тонапты дегенді тағы естімейсіз! Олардың дені Алматыға сырттан келгендер. Бұл жалпы алғанда, қылмыскерлердің 44 пайызы. Қалған адамдар да Алматыға сырттан келіп, уақытша тіркелген адамдар болуы мүмкін. Алмалы, Әуезов, Бостандық аудандарында көлік тонау оқиғалары жиі кездеседі. Ал, қылмыстар күндізгі түс ауа, көбінесе қасқарайып көз байланған кезде жасалады. Былтыр Алматыда 1688 көлік тонау дерегі кездескен, 2310 қылмыс тіркелген, 248 қылмыстық іс қаралған. Ал қылмыстардың ашылу көрсеткіші 15,8 пайыздан 18,8 пайызға артқан. Демек, көлігіңіз болса, абайлаңыз!
Мұхтар ШЕРІМ