Ізгілік іздері
Ізгілік іздері
179
оқылды
Рас айтасың, мен Эйнштейн емеспiн, өзiммiн, Уайдинмiн. Ай бетiндегi дақты еске салдың ғой, соған бұрылайын. Мiнсiз де, мiнезсiз де адам жоқ. Мiнсiз, мiнезсiз қаламгер тiптi жоқ. Ұқсастық бола бередi. “Ұқсастық бола бередi” деппiн ғой, бұл мәселеде iлгерiндi-кейiндi қалам­дастардың пiкiрiнде қайшылықтар бар. Оның iшiнде өзiң де жүрсiң. “Шығармашылық адамының тосын мiнездiлiгi Рим дәуiрiнен бар қағида” (Көпен Әмiр-бек). “Жазушыға – жазушы, ақынға – ақын ұқсамауы керек. Дарын­сыздар бiр-бiрiне ұқсай бередi” (Маралтай Райымбекұлы). Бұл пiкiрлерге өз басым жүз процент қосылмасам да, басымды изейтiн тұстар жоқ емес. Әр адам – құпия әлем, дара. “Өлең жазғанымда бiр кiсi құлағыма сыбырлап тұрады” деп Сергей Есенин бекер айтпаса керек. Сенiң ше? Өлең жазғанда сенiң құлағыңа ешкiм сыбыр­ламай ма? Мiнсiз, мiнезсiз адам жоқ дедiк. Мiнсiздiкке не жетсiн. Мiн дегенiң менiң өзiмнiң үстiмде ақ бит, қара биттей өрiп жүр. Бiздiң алдымыздағы, бiзден кейiнгi толқынның және бiздiң тұстастарымыздың тәрбиесiнде не әкенiң, не шешенiң, не екеуiнiң орны үңiрейiп тұр. Бiздiң көпшiлiгiмiздiң ең үлкен тәрбиешiмiз – өмiр – жаман шапан, жыртық көйлек, өкшесi қисайған етiк, бәтеңке, ұлтарған байпақ. Содан жақсы шапан, әдемi кәстөм кию үшiн тұстастарымыз өкшенi көтерiп биiкке қарады, алға ұмтылды. Солардың iшiнде өзiм де бармын. Мен де әкесiз өстiм. Сол әке тәрбиесiнiң үңiрейген орны өмiрдiң сан түрлi бұралаңдарында байқалды. “Әкесiз ұлдың ауызы үлкен” дегендi естуiң бар шығар. Сырттай момын-момақандау көрiнгенiммен, жастау кезiмде әлденеге, әлдекiмге ашулансам, аузымнан ақ ит кiрiп, көк ит шығатын. Ара-тұра жұдырығым да iске қосылып кететiн. Қазiрде де әлдекiмдерге қитыққанда, әлденеге қырсығым ұстағанда, қанша әдептен озбайын-ақ десем де... терiс сөйлеп, ерсi, ыңғайсыз мiнез танытып қаламын. Әке тәрбиесiн көрсем, сөйтем бе. Әкем ең қатты кеткенде “Тәңiр атсыннан” әрi аспайды екен. Менiң осындай аумалы-төкпелi мiнезiмдi бiреу бiлiп, бiреу бiлмейдi. Бiреу түсiнiп, бiреу түсiнбейдi. Ақталғым келмес де, мынадай бiр өлең қағазыма сондай реттермен түскен-дi. Адамдарға әуе... су... қайықтағы... Көрсетсем де жанымның жайып бәрiн, Неге екенiн, көбiсi менi олардың “Түсiнiксiз” деп жиi айыптады.   Қызық екен, мен бе екем түсiнiксiз? Түсiнiктiң өзi онда түсiнiксiз. Осы кiсi емес пе келе жатқан Ақ қағазға ап-анық түсiрiп сөз.   Түсiнбейдi, әне, ешкiм түсiнбейдi, (Құрғақ көзбен жылайды iшiм кейде!) Күйiп кетiп, қайтейiн, айқайлаймын, Бiреулерге тоқшылық үшiн кейде!   Түсiнбейдi, қалайша түсiнбейдi? (Үстелдi ұрам ашумен, құрсын, кейде). Көрiнбейтiн бiр пәле жатсам-тұрсам, Күтiрлетiп басымның iшiн жейдi.   Қиянаттан күнiм жоқ қирамаған, – “Түсiнiксiз” деген сөз ине маған. Күлкi көрсем өтiрiк, бетiмдегi Күлкiмдi, рас, сыпырып жинап алам.   Жатсам-тұрсам жанымның қорегi өлең. Көзiме ыстық жаңадан көне кiлең. Кiм мұныма мырс етсе, танауыма Саусағымды бойлатып қоя берем...   Ауыздықтап асауды, шiдерледiм, Сарылдатып құйған соң жiгер елiм. Өсек-мөсек шаңдатып келе жатса, Бiр шыңғырып түшкiрiп жiберемiн!..   Мақтаншақтың түр-түрiн таниды iшiм: Байлық айтып сүрiнттiм талайды шын. (Қыза-қыза келгенде, жеңу үшiн Әдеп-сәдеп дегенге қараймысың).   Адам көрдiм өнердi қорламаған, Адам көрдiм өнердi қолдамаған: Әтеш болып әлдекiм ән шырқаса – Есек болып ақырдым, Өл де маған!   Бiтiрдi анау “еле-еле” оныншыны, Техникумде он түйе болды шығын. Қызметi өрге өрлеп, өсе бердi, Картасында мансаптың қолы шығып.   Аузы толған боқтық сөз, «тегiншiлiк», Дәмiн татып келедi келiншегi. «Тупойсыңдар» дегенде ұл-қызына Өз-өзiнен кетедi ерiнiм шығып.   Кiм бiледi, бiлмейдi жымысқыны – Көрсетейiн сыртынан түр-ұсқынын. Көрсетейiн көп емес, бiр-екеуiн Бiзге келiп кетiңдер жұмыс күнi.   Болмашыны ыңылдап жұмыс қылып, Отыр мында бiреуi жымысқының. Үстiңгi ернi көп жерге кетiп қалып, Мұрт пен мұрын арасы тұр ысқырып.   Қарсы алдында отырып өзi айнаның, Шашыратып әркiмге сөз-айбарын, Сенi мақтап отырып, құдай атқыр, Бастық жаққа кетедi көзi айналып...   Қышырлатып кiм жейдi құм мен сәбiз? Кiм шайнайды балжаңдап тұз бен сағыз? Отырасыз ондайда қандай күйде, Мына менiң орнымда сiз болсаңыз?   Қойдан жуас, әлбетте, қонақ адам, Бас шұлғығыш бәрiне дорақ адам. Бұдан шығар қорытынды: қайдан ендi «Түсiнiктi, жақсы адам» бола қалам?! Түсiндiң ғой? Аңғырттық деп аталатын да «ауруым» бар. Қожанасыр деген қосалқы жарықтығым және бар. Бiр кезде: «ғалымдардың басында бiр шарик жетiспейдi» дегендi естiгенiмде қатты-ы күлген-ем. Оның мәнiсiн кейiн түсiндiм. Олар үнемi ой үстiнде жүредi де, ара-тұра өздерiне өздерi қайшы келiп қалады екен ғой. Қаламгерлер де ой адамы. Өзім де қалам ұстап жүрмін. «Ойсыз күнім жоқ» деп Ғабиден Мұстафин ағамыз айтқандай, менің де өзіме шақ ойсыз күнім жоқ. Аңғырттық, жаңғалақтығыма осы кәсіби дертім қосылып, талай ыңғайсыз іс қылдым. Олардың бірталайы баспасөз бетін көрген сұхбаттарымда бар. Реті келсе, танысарсың. Дегенмен бірнешеуіне аялдай кетейін. Қыс айларының бірінде ілулі тұрған тонды көйлектің сыртынан кие салдым да, аулаға шықтым. Тон ғой, тоңбаймын ғой деп ойлағам. Бірер көрші жолдастармен сыртта жүріңкіреп қалдым. Үйге қайтып келгеннен кейін, түнге карай қызуым көтеріліп, тынысым тарыла бастады. Жөтел үдей түсті. Оған қуық қосылды. Сол қызу, сол жөтел мені ақырында ауруханадан бір-ақ шығарды. Қос өкпе қабыныпты. Медицина тілінде пневмония дейді-ау деймін. «Сонда қалай болған?» дейсің ғой. Қолпылдаған тонның жартылай ашық омырауы мен етегінен кеулеп кірген суық үйден тершіп шыққан денемді құрсаған да алған. Аңғырттық, аңғалдық дейсің бе, ақымақтық дейсің бе — өзің біл, біздің тірлік осы. Тағы біреуін айтайын. Ерлі-зайыпты жазушы Әнес Сараев пен Алтыншаш Жағанова бірде үйлеріне дәмге шақырды. Бізден басқа бейтаныс тағы екі-үш отбасы болды. Үйге қайтарда біз сыртқа қасымыздағы қонақтардан бұрын шықтық. Такси ұстадық. Таксиге шейін шамалы жер жаяу жүрдік. Етігім біртүрлі, кеңдеу ме, қалай... Мариям жеңгеңе: «Осы өзі менің етігім бе?» – деп аяғыма қарадым. Жеңгең ештеме демеді. Таксидің ішінде әлгі «осы өзі менің етігімбені» тағы қайталадым. Үйге жеткен соң, табалдырықтан аттар-аттамастан Шынар қарындасың аяғыма қарап, ішегін тартты. — Папа, Алтыншаш aпa қайта-қайта звандады. Біреудің етігін киіп кетіпсің ғой? — Мынау менің етігімнен гөрі тәуірлеу, тазалау екен, – деп үйден қайта шықтым. Осындай реттермен Эйнштейн ағайға мен өзім түсіністікпен қараймын. Болды ма? Жете ме? Жоқ, тағы біреуін айтайын. Мына өзіме қарамай мен сұмдық жиір­кеншекпін. Аузы сөзден құрғамайтын бір әйел еттің нанын жайып жатты. Аузынан шашыраған түкірік нанның бетіне қонып жатыр, қонып жатыр. Бір кезде жанындағы басы тұтанған сигаретті аузына апара беріп еді, оның күлі нанға түсіп кетті. Күлді әйел шүберекпен сүртіп-сүртіп, оқтауды нанның үстімен тағы жүргізіп әкетті. Көрмесең — білмейсің. Көріп тұрып, ол етке сенің өзіңнің тәбетің тарта ма, жоқ па? «Сіздер ала беріңіздер, маған қарамаңыздар» деп, мен табаққа қолымды салып, ауыз тиген болдым. Быршып терлеген орта жастағы кісі ет турап отыр. Терін көйлегінің жеңімен сүртіп қояды. Бір кезде маңдай жағынан сорғалаған жалғыз тамшы тер мұрнының ұшына келіп тіреліп, әне-міне дегенше болмай табаққа тамды да кетті. Дастарқан басындағы менен басқалар оны байқамады білем, ешкім ештеме демеді. Табаққа анда-санда қол салып, мен жеген сияқтанып отырдым... Қыз-келіншектер шай құйғанда да екі көзім олардың қолында. Қолдың бармайтын жері бар ма: басты қасиды, көздің былшығын сүртеді, құлақ шұқиды, екі аяқтың арасына, мұрын жаққа жүріп қайтады. Ел-жұрттың ықылас-ниетіне, деміне мендейлердің тарапынан бұндай «каприз» таныту, әрине, жақсылық емес. Ал жалған сыпайылық ше? Үй жағыма жақындайын. Дәмді тү­кіріктен қорғап, жөтелден қорғап, от­басымда бала-шағаммен де жағаласып отырамын. Жақтырсын, жақтырмасын, сол енді. — Бұныңыз қиын екен. — Ашықауыздығым да жок, емес. Нанғышпын, сенгішпін. Бұның да зардабын тартудай-ақ тарттым. Арандап қалған жағдайларым да жетеді. Көңілшектің несі ашық дейтін еді, бұл жағым тағы бар. Осының салдарынан жастау кезімде курстас досымның көңілі үшін бір шындықты шыңғыртып өлтірдім. Айта берейін бе? Өтірік айтатыным да бар. Оған кейін бір қайрылармыз. — Құп, көке. — Құп болса, құп. — Тұлпар шапқанда төрт тұяғын жерге бірдей төсемесе күш-қуаты кемиді. Атбегілердің айтуынша, аргымақ шапқанда артқы аяғы алдыңғы аяғынан асып түсіп серпін алады екен. Ақындар да арғымақ сияқты. Жыр жазғанда шабытқа мініп шабады. Көсіледі. Өлеңнін ұйқасы – аттың тұяғы секілді. Алдыңғы ұйқастарынан артқы ұйқастары асып түсіп отыру керек. Кейін бірақ бұл үрдіс бұзылды. Орыстардың «Целефон – целевал» деп ұйқастырғаны секілді, біз де жетім ұйқасқа көштік. Бұл тәсіл әсіресе Қадыр Мырза Әли ағамызда кеңірек етек жайған. Мысалы: Сонау бала жастағы Тентектік-ай от берер! Төбелеспен басталып, Төбелеспен шектелер. Осындағы «жастағы – басталып» ұйқасында бір әріп жетпей тұр. Яғни, ұйқас әр шумақ сайын бір сабақ жіпке ілініп тұрған түйме секілді. Қадырды айтып қайтейік, сіз де сүйтесіз. Келісесіз бе? Кейінгі шыққан «Сен кімге күлесің?» кітабыңыздың алғаш­қы бетін ашайықшы. Қара дәудің төмен түсіп бара жатты ышқыры... Ақ көбелек – ақ періште тұра қашты ышқынып. Қадыр құрдасыңыз секілді «ышқыры – ышқынып» ұйқасын бір сабақ жіпке әдейі іліп қойғансыз ба, реті солай ма? Осыны жаңалык деп ойлайсыз ба, әлде әдейі қиыстырасыз ба? Мүгедек ұйқаска мүмкіндігінше жоламауға тырысасыз ба, әлде мазмұннан ажырағыңыз келмей ме? — Ұйқас – өлеңнің аяқ-қолы. Аяқ-қолдың бүтіндігіне, саулығына не жетсін. Аяқ-қолы жарымжан болса, рас айтасың, өлең мүгедек. Ал енді, осы мәселенің басқа жағына да қайырылайық. Дүкендерде, әйнек, есік-терезелердің аралығында үстіне әдемі киім киген, он екі мүшесі бүтін, аяқ-қолы сап-сау адам кейпіндегі жарнама-адамдар тұрады-ау? Оларда көз де, құлақ, мұрын, ауыз да бар. Тек тіл, жүрек жоқ. Сөйлемейді. Қалай ойлайсың, бізде ұйқасы балталасаң бұзылмайтын, бірақ сөйлемейтін, тілсіз, жүрексіз өлең жоқ па? Қаншасы керек! Одан кейін: ұйқасы айында-жылында ұшырасатын ақ өлең дейтін де дыбыстық ұйқас бар. Дыбыстық ұйқас, екібастан, орыс поэзиясында аяқ басқан сайын кездеседі. Разворачивайтесь в марше! Словесной не место кляузе. Тише, ораторы, Ваше слово товарищ, маузер!, (В. Маяковский, «Левый марш»). Бұл шумақты ұстап тұрған екі сөз, екі ұйқас: «кляузе», «маузер». Оқығанда байқалмайды. Қадыр поэзиясы? О-о! Ұзындық өлшемінің тауға да, арқанға да қатысы бар. Төменнен төбесіне шейін өлшегенде тау ұзын емес, биік. Қазақ поэзиясында Қадыр да (Мырза Әли) бір биік! Ол алдыңғы буыннан да, орта мен кейінгі буындардан да үлкен бағасын алды. Қуандық Шаңғытбаев аға баспасөз бетінде ашықтан-ашық: «Қадыр, сен, ұлысың. Ұлысың!» – деп жазғаны есте. Өлеңі де бар. Жұдырықтай болсаң да, данасың ғой, Қылдырықтай болсаң да, ағасың ғой. Кішкентай-ақ болғанмен, ауырсынбай, Елдің жүгін арқалап барасың ғой. («Ар» кітабынан). Мұндай бағалы сөзді үлкен ағаның аузынан қайсымыз естідік? Сен ше? Мен ше? Сені білмеймін, мен өзім естігенім жоқ. Бөтен ойыңның жоқ екенін білем, сонда да «ойнасаң ойна басқа атпен, ойнама бірақ қасқа атпен». Менің жазған-сызғандарымда олпы-солпы, артық-кем тұстар болса болар, менімен ыржаңдассаң ыржаңдас, бірақ Қадыр ағаңа келгенде абай бол. Өзгені мойындау — өте жақсы қасиет. Өзіңді алға шығарып, өзеурей беру – нағыз қасірет! Тұспалымның о жақ-бұ жағын түсіндің бе? Өмірде болсын, шығармашылықта болсын – мүлт кетпейтін кім бар. «Адамның бір аты – Пенде» (Қадыр Мырза Әли). Өз айтқанын өзіне қайтарсақ, әрине, Қадыр ағаң да пендешіліктен ада емес. Мысалы, «Жас Алаштағы» эссесінің («Иірім») кейбір тұстары көңіліме қонбай, мен құрдасыма біраз уақыт кіжініп, жұдырығымды түйіп жүргем. Қали Сәрсенбаймен болған жақын­дағы әңгіме-сұхбатынан кейін, абырой болып, жұдырығым ашылып кетті. Бәле ғой, әдемі дәлелдеген. Не нәрсе де дәлелдеуде, көңілге қондыра білуде ғой. — Әр шенеуніктің әл-қадірі, шама-шарқына қарай өзіндік пікірі мен көзқарасының болуы табиғи заңдылық. Бәрі де өзінікін дұрыс деп санайды. Бірақ өзінен жоғары бастықтардың қабылдауына барғанда әуелі өзара пікір алысқансиды. Сосын ше? Дөкейдің кабинетіне өз пікі­рімен кіріп, қайтарда дөкейдің пікірімен қайтады. Бұл өзі біздің мемлекеттік жүйенін «арқауына» айналған құбылыс. Сіз де талай жерде дөң басынан қарайтын дөкейлермен араластыңыз. Солардың көпшілігі жұрттың пікірімен санаспай, «өзім білеммен» өрге қарай тарта беретіні несі? — Сенің бұл сұрағыңнан жан-жаққа талай тарау әңгіме тарайды, айта бастасақ ұзап кетеміз. Көп шашырамауға тыры­сайын. Қазақ радиосы мен «Ара-Шмель» мені ондаған, жүздеген дөкейдің кабинеттеріне бас сұққызды. Кезінде де, уақыт, қоғамдық жүйе өзгерісінен кейін де олармен аралас-құраласым болған жоқ. Ал жалпы, пікір мәселесіне келсек, бұған менің біршама дайындығым бар. Пікір. Екеуміз де журналистиканың өкіліміз, қоғамдық пен жеке пікірдің, кереғар қайшылықтардың адамдарымыз. Бірде түсінісіп, бірде ұғыспай, отыз жылға жуық уақыт ілгерінді-кейінді келе жатыр­мыз. Түсінісетін себебіміз: адамдарды бір-біріне жақындастыратын, екібастан, мақ­сат, мүдде, идея. Пікір сәйкестігі. Ұғыспай­тын себебіміз: өз көзіміз, өз сөзіміз, өз көзқарасымыз, өз көлеміміз, өз көйлегіміз, өз мінезіміз бар – қайшылықтардан тұ­рамыз. Соның өзі жақсы. Неміс клас­сикалық философиясының ірі өкілі Гегель: «Адамдардың барлығы да бірыңғай ойласа, онда ешкімнің ештеме ойламағаны...» – дейді. Түсіндің ғой, «соның өзі жақсы» деуімнің мәнісі сол. Қазақта «өзің білме, білгеннің тілін алма» деген мәні терең қарғыс бар. Ең жаман қарғыс. Бұның арғы жағында әлгінде өзің айтқан «өзім білем!» жатыр. Көпшілігімізді көгертпей жүрген осы «өзім білем!» Бірақ бір есептен, әркімнің өз шындығы, өз ұғым-түсінігі тұрғысынан ондайларды ақтайтын да реттер бар. Ең жаман адам, менің ұғым-түсінігімде, өз айтары, өз пікірі жоқ адам. Өз пікірін қорғай алмайтын, жеме-жемде қасекеңе де, басекеңе де қосылып кететін немесе сөздері: «Жәкең дұрыс айтады», «Мәкең қатырды» боп келетіндер — жаманнан да әрі адамдар. Ондайлардың табаны тай­ғанақ, сөзі жылмаң, жылмақай. Абай атамыз қалай деуші еді: Бойы бұлғаң, Сөзі жылмаң – Кімді көрсем, мен сонан, Бетті бастым, Қатты састым, Тұра қаштым жалма-жан. Пікір дегеніміз — мінез, әркімнің өзі. Жұртымыз сыртымыздан сен жайында да, мен жайында да неше түрлі пікір айтатын шығар. Біреулер жөнінде, мысалы, мына менің де пікірім бар. Бірақ пікір айтқанның жөні осы екен деп, біреулерді сықпыртып жамандағанды, өсектегенді жаратпаймын. Пікір дегеніміз — принцип, принцип дегеніміз – пікір. Нағыз принциптің адамдары, орайы келгенде, бүкіл ақыл-парасат, білік-білімін іске қосып, өз пікірін қорғап шығады. Шама-шарқым жет­кенінше өзім де пікірімді бір адамдай қорғаймын. Бірақ ортаға, жағдайға ыңғайлана, бейімделе қалатын осал тұсымды мойындамасқа амалым жоқ. Мәселен, сөздің, ештеменің парқын білмейтін, өңеші жыртылғанша тек өзінікін дұрыс санайтын дарылдақтар кездессе, отырған ортаның, дастарханның шырқын бұзбау үшін, кейде пікірімнен әдейі шегіне саламын. «Ит үреді, керуен көшеді», — кімді жеңесің. Бұл әрі өзімнің ішкі тактикам. Кей-кейде, тағы да сол таныс-бей­та­ныстардың дастарханы басында өсек-аяң қаулап, басқа да ыңғайсыз әңгімелер қарқын алып бара жатса, үнсіз, тым-тырыс қаламын. «Қойшы, үндемей қалатының не, менсінбегендей», – деп, сондай-сондайда жеңгең қатты ыңғайсызданады. «Үнсіздіктің бәрі —менсінбегендік пе», – деп, мен өзімді жұбата бастаймын. — Біршама жасқа келдік. Үлкен бар, кіші бар, бізге сын көп. Жастау кезім болса, ауызы «отала» бастаған қатарларыма: «Әй, оттамай жайыңа отырсайшы», – дер едім. Қазір басқа уақыт, оның үстіне Әзілхан Нұршайықов ағамыз: «Барқылдама, бағаң­ды жоясың», – дейді. Демек, балпылдап не болса соны сөйлеп, бет жыртысқанша, үндемей қалу, меніңше, әлдеқайда ақыл. Пікір мәселесінде, менің байқауымда, Көпен, сенің көпшілігімізден бір артықшылығың бар. Ол артықшылық — сен көзің көкшиіп, қадалған жеріңнен қан аласың, өз пікірінді қорғауға келгенде, тайғанақ емессің, табандысың, қайсарсың. Өйткені сен мен емессің, басқа емессің, өзіңсің, Көпенсің! — Мемлекеттік қызметтің құрылымы басқа елдердегідей бізде де қалыптасып, «қытай қорғанындай» әбден орныққан. Бастық, оның орынбасары, бөлім меңгерушісі т.с.с. Кейбір тұжырымдарға қарағанда, орынбасар — мекемедегі екінші адам емес, керісінше екінші орындағы бірінші адам. Егер орынбасар мықты болса! Өмір-баяныңызға көз жүгіртсек, сізге бастықтық қызмет бұйырмай, өмірбойы орынбасар болып өтіпсіз. Отбасы — мемлекет. Ендеше, сіз үйіңізде де орынбасарсыз ба, әлде бастықсыз ба? — Нә-ә-ән бастық болып көргенім жоқ, Нә-ә-н бастық болып көрмесем де, бірде-бір нәннің аддында еңкейіп-шалқаюды білгенім жоқ. Менің принципім сол: еңкейгенге – еңкею, шалқайғанға – шалқаю. Өсу мәселесіне қарай бұрылайын. Кеңес қоғамы тұсында «шопанға көмекшіліктен аға шопандыққа шейін көтерілдім» деген сияқты бір әңгімелер болушы еді-ау? Сен де, мен де бүгінге сол қоғамнан келдік. Қызмет бабында әркім әрқалай өсті. Менің қызмет бабында өскенім — «Ара-Шмельге» Тельман Жанұзақов пен Нұрғазы Шәкеевтер редактор болған жетпісінші жылдардың о жақ-бұ жағы ғой. Сондағы «шырқап» барған жерім фельетоншыдан хат бөлімінің меңгерушілігіне дейінгі аралық. Қарамағымда жалғыз — Шолпан апа. Республикалық кітапапқұмарлар қоғамында бастауыш партия ұйымының хатшысы болып бірнеше жыл сартылдағаным да бар екен ғой, айтпақшы. Сол... болды ғой деймін. Отбасымда жеңгеңнің орынбасарымын. Бастық та, бас-бух та, аспаз да, «айқай» да, айналайын да сол кісі. Кешегі қоғам тілімен айтсам: «Вся власть Советам!» «Сен кімге күлесің?» деп аталатын кітап қолыңа тиді, «Әлеуетіміздің альбомы» деген бөлім көзіңе түскен шығар. Бөлімде бірсыпыра әзіл-қалжыңдар сол әлгі бастығымызға арналған. Оу, Көк мұзға құлап ат тайып, Жүрген бір кезде бақ тайып, Қолыма түскен сұлуды Есіріп мен бір мақтайын.   Қызы еді бұл бір көршінің, Бетіне қонған көп «шыбын». Көп шыбын соғыс шақырып, Қисапсыз болды оқ шығын.   Куә ғой, куә тамам ел. Қаптаған шыбын — қара мең Жапырлап қонып қағазға, Кәдімгі болды бәрі өлең.   Не десе — десін ел мейлі, Ешкімге ол ішін бермейді. Жылы сөз айтсаң, жымиып, Мұрнының ұшы терлейді.   Ақыны үйде жоқ болса, Жылмаңы іште жұрт қонса, Қолында — наган, әлгілер, Қарасын қашан құртқанша.   Жүрісі сарт-сұрт жатқанша, Сарт та сұрт және жақ қанша. Ұйықтайды газет бүркеніп, Ал мына құдай атқан шал.   Галошы тырп-тырп жатқанша, (Баспайды «левый» жаққа онша). Шалы ше? Шалы тұрмайды, Көзінен ұйқы аққанша. Білмейміз жоқтық, жұтты онша, (Қолында оның құт қанша!) Мен жүрем қонақ шақырып, Үйдегі барды құртқанша.   Оу, Ауламыз — тақыр, Жоқ бақша. Бәлендей емес көп те ақша. Ауызды сүртіп шығады, Сонда да үйден жұрт қанша!   Сүйкімсіз емес жұртқа онша, Ашуы — шайын жұтқанша. Ауызы нетсе кішкене, Бауырым, күліп құптай сал.   Ішіп-жем, ақшаң жоқ болса, Інішек, стоп! Тоқта сәл. «Ақ жеңгем менің мырза» деп, Бір ауыз «подход» оттай сал.   Дауысы нетсе құйттай, сәл, Сүйретіп әзіл құптай сал. Ұстайды сондай тактика, Мысалы, мына құйттай шал.   Оу, Құрдасым, кідір, кішкене, Бүктүсіп жатыр іште не? Кемпірді мақтау дегенге, Пікірің оң ба, пішту ме? Қалжыңды, құрдас, жолға сал, Бөрікті ортақ қорға сәл. Мақтамай енді қайтеміз, Запаста кемпір болмаса.   Кемпірмен сәні сауықтың, Желігу енді қауіпті. Бажылдай берсін жүз жерден, Нағыз сол доғдыр, тәуіп те.   Құрдасым, қолды бері әкел, Әдемі кемпір — сенікі. Әдемі ол ауданаралық, Әлемдік мына менікі.   Оу, Кешіргін, жұртым, кешіргін, Қызумен аз-кем есірдім. Мұндайы болмай тұра ма, Көңілді той-пой вешірдің. ... Ой-хой есірдім.  

(Жалғасы бар)

Көпен ӘМІРБЕК