Танысы бардың шансы бар
Танысы бардың шансы бар
Қойдай момын екенімізді ара-тұра кісінеп жылқы мінез танытқанда ғана еске түсіретін халықпыз ғой. Жанымды жылытқан жақсы жаңалыққа қуанып жүрдім. Қуанғаннан шәпкімді аспанға атып ұрдым. Үйлі болам, енді үкімет жасайтынын жасасын, асайтынын асасын, жейтінін жесін, дейтінін десін деп бірақ кестім. Үкіметім, мен сені әйелімнен артық көрем деп сезімімді сразу сездірдім. Үйсіз-күйсіз жүргенде жарымды жақсы көріп жаза басыппын деп ақталдым да. Өйтпегенде ше... үкімет қарамай қойғанда амалсыз әйелімді паналадым ғой. Енді міне, айналайын үкіметім осы бір қисапсыз қиындықтап құтқарып, баспаналы етпекші. Сон­дықтан бетінен шөлп еткізгім келді. Сөйтсем, үкіметтің сүйетін жері жоқ екен . Шынымен де үкіметте бет жоқ болды. Оған қара жаяу халқыммен бірге мил­лион, миллярд рет көз жеткізсем де сен­беген едім. Бәрін басынан бастайын. Армандағы алты бөлмелі үйге деген кезегімді көз ілмей күтіп жүрдім. Бір күні газет бетіне баспаналы болмақшы бақытты жан­дардың түгелдей тізімі жарияланды. Тізімнен фамилия, аты-жөнін тауып алғандар бір жеті жаппай тойлатты. Оның ішінде мен де бармын. Ол, ол ма, баспаналы боламыз деп бәріміз банкіден несие жасатып, жаңа қонысқа жиһаз, кілемдер алып тастадық. Қолымда тұрғын үй кезегі жария­ланған сарғайған газет бар. Ол үйдің заңды құжаты сияқты. Мұндайда өзіңді жарты әлемді жаулап алған патшадай сезінеді екенсің. Біреу патшалығымды тартып алардай әлсін-әлсін тізімге көз салам. Сөйтем де, құрылысы бітпеген үйлерді сырттай қызықтап, тамашалап, айналама патшадай паңдана қараймын. – Ауылдас амансың ба? Алыстан шәпкіңнен таныдым. Шәпкің мына үйлердің шатырындай қызыл екен, –  деді кимелей сұрақ қойып. Ауылдасыма үйдің кілті қолымда тұрғандай газеттегі тізімді көрсетіп қо­қиланып қойдым. Сонсоң, өзім тама­шалап тұрған жаңа үйді барып құшағым жеткенше құшақтап, сылағы кеппеген керегесін иіскеп, тіліммен жалап жібер­дім. – Ей, ауылдас! Қағбаны құшқандай болдың ғой, – деді кекете, мұқатып. – Өйтпегенде ше... мен үшін бұл Қағбадан да артық жұмақты мекен. Қанша жыл болды қатын, бала-шағаммен бір төсекте түнеп келемін. Аяғымды созып тастап жататын күн де туды-ау! –деп үкіметті жерден ап, жерге сап мақтадым. Ол болса:  – Туысқан, құшақтап тұрған үйіңде біреу жүр, – деп көзін терезеге тастады. Расында да біреу жүр. Тіпті мені елер емес. Терезені тақылдатып, далаға шығуын өтіндім. Ол болса жақтыр­мағандай кейіп танытты. – Не керек ағасы? – Үйім керек. Мынау менің үйім. – Оны кім айтты ағасы? – Тізімде тұрмын. Көзіңді ашып қара,– дедім газетті бетіне тақап. – Фамилияңыз кім? – Шәндірбаев Шәнтілә!  – дедім тілім тұтыға. – Ал сен кімсің, қайдан келдің? – дедім. – Мен аудан әкімінің танысымын. Ағасының баласының әйелінің бөлесінің күйеуі – Жартыбастың сыныптасымын. Так что, мазамды алма, – деп терезені тарс жапты. Ауылдасым маған, мен газетке қара­дым. Сөйттім де екінші үйдің керегесіне барып жармастым. Жармасқанымды қайтейін біреу айқай салды. Артыма қарасам, аудан әкімінің орынбасары. – Жындысың ба, саусың ба? О заман да, бұ заман,үймен аймаласып тұрғаның қалай, ұят емес пе? – деді. – Ұят емес, – дедім. – Біреудің үйін біреу тартып алған ұят емес те, үйді құшақтап тұрған ұят па екен? –  дедім ыза болып. – Әңгімені қой да былай тұр. Бұл менің екінші әйелімнің үйі. Сылағын түсіресің, – деп итеріп жіберді. Жерге ыңқ ете қалдым. Не болса да тұрғын үйдің тізімінде бармын деп, үшінші үйге жүгірдім. Жүгіріп келіп мәдениетті түрде есігін қақтым. Есікті әп-әдемі ару ашты. – Қызым, мынау менің үйім. Сенбесең газеттегі тұрғын үй тізіміне қара. 67-ші тұрған Шәндірбаев Шәнтілә деген ағаңмын. Бір атым, бір қатыным, бес балам бар. Үш банкіге қарыз, төрт банкіге қара бетпін, – дедім ентігіп. – Біріншіден, қызым дейтіндей мен сенің қызың емеспін. Мен Сикоштың – үшінші әкімнің көңілдесімін. Пока, Сикош екеуміздің арадағы махаббат тарифымыз таусылғанша осында тұра берем. Так что, ары ойнаңыз, – деп есікті жауып алды. Ызадан жарыла жаздап тұрғанда төртінші үйге көзім түсті. Болса осы үй менікі деп ашық тұрған есіктен алшаң басып кірдім. Ішіндегілер алашапанды ағайындар екен. Айқайды салып қуып шықтым. Өзбекстаннан келіп, үй иемденіп алған пысықтарға ашуландым. Сөйтсем, құрылыс жасап жүрген жалдамалы жұмыскерлер екен. Қысқасы бұл үй де менікі болмай шықты. Олар қолымдағы тұрғын үй кезегі жарияланған газетті көріп, басын шайқады. – Әкә, сіздің бұл жерден үй алуға ешқандайда мүмкіндігіңіз жоқ. Өйткені, сіз газетте тізімде тұрсыз. Үйлі болам десеңіз үйдің тізімінен шығыңыз. Шығыңыз да әкім-қаралардың таныстары тізіміне тіркеліңіз. Сонда ғана сор маңдайыңызға бақ дариды. «Танысы бардың шанысы бар» деген қазақ пен өзбекке ортақ мақалды білмейсіз ба? – деп көңілімді көң етті. Тоқетері енді маған әкімдердің таныстары тізіміне кіру үшін тәштай таныс табу керек. Қазақ қарға тамырлы ғой. Бір таныстың, бір шаныстың болары һақ. Әзірге үміт үзбеймін.

С.КҮРЕҢТАЙ