– Балтаға бас имейтін ағаш жоқ. – Есек жүгі жеңіл болған сайын ақырады. – Жан-жаққа қараған екі көзден тура қараған бір көз артық. – Бұлтқа тұншығады, Бәрібір күн шығады. – Мойын артыңа қарау үшін керек. – Өзін екінші орынға қоя білетін адам бірінші орынға лайық. – Базарда адалдықтан басқаның бәрі бар. – Бұзау болып туған соң, Өгіз болмай қайтеді?! Торай болып туған соң, Доңыз болмай қайтеді?! – Ел екіге бөлінеді: Араны ашылғандар және ашылмағандар. – Зиялы деп жүргенің Мұжық болып шығады. Биязы деп жүргенің Бұзық болып шығады. – Ит бір бөлек, иттік бір бөлек, Иттікті ит емес, адамдар жасайды. – Отырған жерде қалтаңа қолыңды сала берме Біреу-міреу дәметіп қалып жүрер. – Орыстар ақшаның исі жоқ дейді. Неге болмасын. Ақшада арамдықтың, дүниеқоңыздықтың, сатқындықтың – бәрінің исі шығады. – Бір атқа екі адам отыра алады. Бір ерге екі адам симайды. – Кісі киімінен кір іздемей, өз киіміңді таза ұста. – Сұлулар біріне бірі ұқсамайды, албастылар бірінен бірі аумайды. – Түлкінің ізін таппай өзін таппайсың. – Тұлпары бар адамның тайға тақымы толмайды. – Адасқан адамға алыстан естілген иттің үні қымбат. – Қаңбақтан жол сұрама, қаңғып кетуің мүмкін. – Қақпақсыз қазанның қасында сұғанақ ит жүреді. – Бетсіздер боқ басады, боқ басып жүріп топтасады. – Орманға барсаң – балтаңды, парақорға барсаң – қалтаңды ұмытпа! – Кімді боқтасаң да өз аузың былғанады. – Қартайған қасқыр қоян ала алмайды. – Еркектің еркекке, әйелдің әйелге айтқан өтірігі әйел мен еркектің бір-біріне айтқан өтірігіне жетпейді. – Мылжыңдар өздері демалады, өзгені шаршатады. – Биліктегілерге үйлесім ғана емес, келісім де, тіпті бөлісім де керек. – Түрме – тегін оқытатын университет. – Жүзік – шынжырдың бірінші шығыршығы.