Оның Aikyn.kz-ке берген ақпараты бойынша, 5 ақпан күні ЕҰУ-дың директорлар кеңесі 6 адамның кандидатурасын талқылап, шешім шығарады. ЕҰУ ректоры лауазымына арналған байқауға қатысушылар тізімі: 1. Асқар Жүсіпбеков - "Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті" КЕАҚ ғимараттар мен имараттарды жобалау кафедрасының оқытушы-зерттеушісі, техника ғылымдарының докторы, профессор, 19.01.1955 ж. 2. Асқар Қонақбаев - соңғы лауазымы-Индустриялық инженерлік-экономикалық колледж директорының инновациялық жұмыс жөніндегі орынбасары, экономика ғылымдарының докторы, 16.01.1980 ж. 3. Нұрлан Рыспанов - "Еуразия тау-кен ғылымдары академиясы" қоғамдық бірлестігінің президенті, техника ғылымдарының докторы, 28.06.1961 ж. 4. Темірхан Толқынбаев - М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті ректорының міндетін атқарушы кеңесшісі , техника ғылымдарының докторы, профессор, 14.08.1961 ж. 5. Сәуле Амандықова - "Астана" халықаралық университетінің вице-президенті, заң ғылымдарының докторы, құқық профессоры, 22.06.1960 ж 6. Ерлан Сыдықов - Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ректорының міндетін атқарушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, 29.02.1956 ж. Aikyn.kz Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне хабарласып, Еуразия ұлттық университетінің ректоры лауазымына үміткерлер тізімін сұрады. Бірақ баспасөз қызметіндегілер кандидаттар тізімін тек ресми сұраныс хат арқылы жібере алатынын айтты. Марат Башимовтың айтуынша, мемлекет қарамағындағы оқу орны туралы кез келген ақпарат ашық болуы керек.
Кандидаттардың тізімі белгілі. Негізі мұндай ақпарат ашық болуы керек, халық бәрін біліп отыруы қажет. Себебі ЕҰУ-дың акциясы 100 пайыз мемлекетке тиесілі. Ол ешқандай мемлекеттік немесе коммерциялық құпияға жатпайды. Кандидаттар білім беру саласын, ғылым және басқа да көптеген аспектілерді дамыту бағдарламаларын ұсынуы керек, - дейді "Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті" КЕАҚ директорлар кеңесінің мүшесі Марат Башимов.Байқауға қатысушыларға жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білімі болуы, білім беру ұйымдарында немесе уәкілетті органдарда басшылық лауазымда кемінде 5 жыл жұмыс өтілі болуы талап етілді. Сонымен бірге мынадай кандидаттардың өтініші қабылданбайды: жасы 25-тен кіші, бұрын сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық жасаған, жойылмаған немесе алынбаған сотталғандығы бар адамдар, медициналық арнайы мекемелерде есепте тұрған адамдар. Айта кетейік, былтыр 30 желтоқсанда Білім және ғылым министрінің бұйырығымен "Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті" КЕАҚ директорлар кеңесі құрылған еді. Кеңес құрамында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, БҒМ Қаржы және мемлекеттік сатып алу департаментінің директоры Гауһар Шакаева, BTS Education ЖШС бас директоры Саясат Нұрбек, Еуропалық құқық және адам құқықтары сараптама институтының директоры Марат Башимов және тағы басқа лауазымды тұлғалар бар. 14 қаңтарда директорлар кеңесінің бірінші отырысы өтті. Онда директорлар кеңесінің төрағасы болып Асхат Аймағамбетов сайланып, ЕҰУ ректоры лауазымына байқау жарияланған еді.