Алматы маңында Bek Air ұшағының апатқа ұшырауы салдарынан зардап шеккен 3 адам ауруханадан шықты, — деп хабарлайды «ҚазАқпарат».
«Өткен тәулікте 3 адам ауруханадан шықты. Клиникаларда 46 пациент, оның ішінде, 9 бала қалып отыр. Балалардың жағдайы тұрақты, олар реанимация бөлімшесінен палатаға ауыстырылды. Өміріне еш қауіп төніп тұрған жоқ. Дегенмен, тиісінше сапалы ем қажет. Жағдайды министрлік бақылауда ұстап отыр», — деді Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.
Оның айтуынша, бірнеше адамның жағдайы өте ауыр болғандықтан реанимация бөлімшесінде жатыр.
«№4 қалалық ауруханада 7 адам, Алматы облыстық клиникалық ауруханада 2 адам реанимация бөлімшелерінде жатыр. Бір пациенттің өміріне қауіп төніп тұр. Қазіргі уақытта ол жерде ғылыми орталықтардың басшылары жетекшілік жасайтын топ жұмыс істеп жатыр. Кеше кеңес өткізіп, емдеу әдісін анықтады. Жалпы, емдеу толық көлемде жүргізіліп жатыр», — деді министр.
Сондай-ақ ол апаттан аман қалған екінші ұшқыштың денсаулығы жайында айтты.
«Жағдайы өте ауыр болғанымен тұрақты. Реанимацияда жатыр», - деді министр.