ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының кезекті отырысын өткізді. Онда қатысушылар қазақстандық білім және ғылым мәселелерін талқылады.
Сенат Төрағасы аталған тақырыптың маңызын атай келе, осы саланы дамытудағы кейбір мәселелерге тоқталды.Сенат Төрағасы COVID-19 білім беру жүйесінің жұмысына елеулі проблемалар туындатқанын атап өтті. Сонымен бірге пандемия оқытуда жаңа әдістерді енгізу мүмкіндігі керегін және қашықтан білім беру әлеуетін кеңінен қолдану қажеттігін көрсетіп отыр. Мәулен Әшімбаев сондай-ақ білім беру саласындағы әлемнің барлық елдеріндегі өзгерістерге тоқталды."Қазақстанның білім және ғылым жүйесінің қалыптасуы мен дамуы – еліміздің негізгі басымдықтарының бірі болып келеді. Президенттің қыркүйек айындағы Жолдауында бірқатар маңызды міндеттер алға қойылды. Жалпы алғанда, елімізді жаңғырту бағдарламалары аясында осы салаға баса назар аударылып отыр", – деді Мәулен Әшімбаев.
"Оқу өмір бойы жалғасатын процеске айналып келеді. Бұл білім беру жүйесін белгілі бір деңгейде қайта құруды талап етеді. Сондай-ақ сарапшылар арасында бүгінгі таңда жоғары білім беру жүйесі қазіргі әлемдегі ең маңызды екі функцияны – интерпретациялық контекст пен жүйелі ойлауды, оқушыларда құндылық жүйесін қалыптастыруды атқармайды деген пікір бар", – деді Сенат Төрағасы.
Іс-шараға ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қатысты. Ол салалық мекемеде атқарылып жатқан жұмыстар мен Мемлекет басшысының білім беру жүйесін реформалау жөніндегі тапсырмаларының орындалуы туралы айтып берді.Жас сарапшылар клубының отырысы барысында пікірталасқа қатысушылар қазақстандық білім мен ғылымның өзекті мәселелері бойынша өз пікірлерімен бөлісті. Youth Corps Projectтегі мониторинг және бағалау жөніндегі сарапшы, әлеуметтанушы Камила Ковязина орта білім берудің жаңартылған мазмұнына көшу аясында мұғалімдердің біліктілігін арттыру мәселелері туралы айтып берді. Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі, саясаттанушы Индира Рыстина жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мәселелеріне тоқталды. Kzhol қайырымдылық қорының қамқоршылық кеңесінің мүшесі Диана Ерлан ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған білім беру саласын дамыту жөніндегі өз ұсыныстарын ортаға салды. Ал Ұлттық биотехнология орталығының адам генетикасы зертханасының меңгерушісі Мақсат Жабағин Қазақстанда ғылыми кадрлар даярлаудағы өзекті мәселелерді атап өтті."Біз жаңа әлемде, жаңа жағдайда өмір сүріп жатырмыз. Білім беру жүйесі де оған бейімделуі керек. Мәселе жаңа реформалар жүргізу емес. Бізге барлық өзгерістің тиімді болғаны, қазақстандықтардың білім деңгейі арта түскені, уақыт талапбына сәйкес келетін құзыреттерді қалыптастыруға жағдай жасалғаны маңызды", – деп атап өтті министр.