Қызылордада арақ сатылмайтын ауыл бар

Қызылордада арақ сатылмайтын ауыл бар

Әлеуметтік желі қолданушыларының бірі арақ сатылмайтын ауылдар туралы жазды.

Фейсбукте «Жаңақорғанда мүлдем арақ сатылмайтын ауыл бар» деген тақырыппен Әбдісамат Әбдіш деген азамат оқылымды жазба қалдырған. Ғибратты пікірлерге толы постты өзгертпей назарларыңызға ұсынуды жөн деп таптық.


«Жақында желі де "Түркістан облысында мүлдем ішімдік сатылмайтын ауыл бар" деген ақпарат желдей есті. Қатты қуандық. Нақтырағы, Жетісай ауданының Алмалы елді мекенінде алкогольді сусын сатуға тыйым салынған. Ауыл ақсақалдарының бастамасын елді мекеннің бүкіл халқы қолдап, ішімдікпен бірлесіп күресуге кіріскен.

Осы жаңалықты оқи сала, 30-ға жуық елді мекені бар Жаңақорғанның ауылдарын сұрастыра бастадым. Әуелі Қыр беткейді бетке алдым. Сосын төмен қарай түстім. Таптым. Сыр беткейде Өзгент деген ауыл бар. Тарихы Сығанақ, Сауран қаласымен тағдырлас. Ауыл имамы Халилла қожамен тілдестім. Имамның айтуынша, төрт-бес жыл алдын, молдасы бар, ақсақалы бар дүкен-дүкенді жағалап, сайтансудың сатылмауын насихаттаған. Соңыра, дүкен сөресінен сайтансу алынып, үйді-үйлерде тығылып сатыла бастаған. Онысын учаскелік полицейге айтып жүріп, оған тосқауыл қойған. Осылайша, шүкір қазір ауылда арақ сатылмайды. Өзге ауылдарға Өзгентті үлгі ету керек. Жақсылық жұғысты келеді. Бәлкім, арақ сатылмайтын ауыл қатары арта түсер.

Жаңа жыл қарсаңында дүкенге кірген үштің бірі шиша құшақтап шығады. Саудагерге: «Жақсы арағыңнан берші» дейді. Ішіңнен ойланасың, арақтың да жақсысы болады екен-ау деп.

Ақиқатында шараптың шарапатынан гөрі, кесапаты көп. Бұл берекесіздіктің барлығы Жаратқанға мойынсұнбаудың салдары. Ойланып ой жүргіртіп, қымыз-қымыранды қолға алатын қоғам қалыптасса қандай тамаша. Бақытты да баянды ғұмыр кешудің төте жолы –Тәңірдің тыйғанынан тыйылып, бұйырғанын бұлжытпай орындау емес пе?

Тақырыпқа тұздық хадис:
Алла Елшісі (с.а.у.) – арақ жасауды талап еткен; арақ жасаған; арақты тасыған; сатқан; сатып алуды талап еткен; сатып алған немесе сыйлық еткен; сатқанынан пайда көрген; ішкен; арақ ішкендермен бірге отырғандарға қарғыс болатынын хадисте айқын айтқан.»