Сотталғанына көп болмаған Қорғаныс министрлігінің бұрынғы генерал-майоры Қайрат Көпбаевтың жазасы жеңілдеді. Енді ол жазасын қылмыстық атқару жүйесінің ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Негізі, бастапқыда орташа қауіпсіздік бойынша сотталған еді. Қорғаныс министрлігінің генерал-майоры Көпбаевқа қатысты мұндай шешімді әскери соттың апелляциялық алқасы қабылдаған.
Апелляциялық алқа отырысында прокурор генерал-майор Көпбаевтың негізгі жазасын өтеу режимін өзгертуді сұрағаны хабарланды. Ал қорғаушысы сотталушының кінәсі дәлелденбегендіктен ақтауды сұраған. – Сот алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы соттың үкімі өзгертілді. Бас бостандығынан айыру жазасын өтеуге арналған режим орташа қауіпсіз қылмыстық атқару жүйесі мекемесінен қауіпсіздігі төмен мекемеге өзгертілді. Қалған бөлігінде үкім өзгеріссіз қалды, – деп хабарлады әскери соттың баспасөз қызметі. Қорғаныс министрлігінің генералы Көпбаев 2020 жылдың желтоқсан айында бес жылға бас бостандығынан айырылды. Сот Көпбаевты «генерал-майор» әскери шенінен және «Құрмет» орденінен айыру туралы президенттің атына ұсыныс енгізген. 2019 жылдың мамырында генерал «Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің Әскери институты» РММ офицерлік лауазымына тағайындалғаны үшін 200 000 теңге көлемінде пара алды деп айыпталған еді.Мадияр ТӨЛЕУ