Отандық арналар шекараға жетті

Отандық арналар шекараға жетті

1 ақпаннан бастап Солтүстік Қазақстан облысы толығымен цифрлы телехабар таратуға көшті. Бұл техникалық мәселенің ұлттық, идеологиялық маңызы бар. Себебі бұған дейін тұрғындар отандық телеарналарды көре алмайтын, тіпті көргеннің өзінде төмен сапада тамашалауға мәжбүр еді. Содан облыс тұрғындары ресейлік телеарнаға тәуелді болып қалды.

СҚО-дағы 617 елді мекен немесе 537 мың тұрғын отандық телеарнамен қам­тылды. Бұл – облыс тұрғындарының 98,3%-ы. Жергілікті әкімдіктің ақ­па­ра­тынша, енді сол­түстік­қазақстандықтар қазақстандық телеарналарды тегін әрі жоғары сапада көре алады. Кеңес кезінен еліміз аналогтық теле­арнаны пайдаланып келді. Бұл тиімсіз: ондай телехабар таратудың сапасы төмен болатын. Әрі телеарналар саны да шектеулі еді. Сондықтан Қазақстан цифрлы те­лехабар таратуға кезең-кезеңімен көше бастады. Солтүстік Қазақстан облысында жаңа цифр­лы форматтағы телеарнаға көшу 2013 жылы бастау алыпты. «Қазтелерадио» АҚ ұлттық операторының облыстық фи­лиалы заманауи цифрлы жабдықтар ор­натумен айналысты. Жалпы алғанда, облыс аумағында 42 радио­телевизиялық станса (РТС) жаң­ғыртылған немесе жаңадан са­лынған. Бұл игілікке бірінші болып облыс ор­талығы Петропавлдың тұрғындары қол жеткізді: олар абоненттік төлем төлемей-ақ, «Қазақстан», «Хабар» және басқа да 15 шақ­ты отандық телеарнаны тегін көру мүм­кіндігін иеленді. Бұл үшін үй сыртында спутниктік тәрелке немесе «көк жәшік» астында қабылдағыш орнатса жеткілікті. Дегенмен заманауи технологиялар олардан да бас тартуға жол ашып отыр. СҚО телекоммуникациялар дирек­циясы директорының орынбасары Еркін Мекенов тұрғындарға те­ледидарында қо­сымша құрылғысыз, тікелей цифрлы сигнал қабылдау мүмкіндігінің бар-жоғын тек­серуді ұсынды. Өйткені теледидардың барлық жаңа моделі бүгінде DVB-T2 функ­циясын қолдайды. Мұндай жағдайда теледидарға тікелей антенна қосып, тізім арқылы цифрлы арналарды іздеп табуға болады. «Егер теледидар «жасы» 7 жылдан жоғары болса және ол DVB-T2 функциясын қолдамаса, онда цифрлы эфирлік қабыл­дағыш сатып алу қажет болады. Бұл қа­ылдағыш теледидарға қосылады, ал антенна осы қабылдағышқа жалғанады. Отандық арналарды қабылдағыш тізімі арқылы іздеу керек. Егер тұрғындар өз бе­тінше арналарды таба алмаса, 193 нөмірі бойынша байланыс орталығынан немесе 36-04-70 нөмірі бойынша телефон арқылы кеңес ала ала­ды», – деді Е.Мекенов. Мемлекет Қазақстанның теріскей өңірінде тек облыс және аудан орта­лық­тарында ғана емес, сонымен бірге көп­теген шекаралық ауылдарда да цифрлы стан­саларды орнатып шықты. Айтпақшы, елімізде телехабар тарату толық цифрға көшпегендіктен, ғарыш сеңгірінде самғап жүрген отандық байланыс жерсеріктерінің әлеуеті де толыққанды пайдаланылмады. Нәтижесінде, спутниктер ұшырылғанмен, шекаралық өңір жұрт­шылығы қазақстандық телеарналарды сол бойы тамашалай алмай келген. Бұл олқылық келесі жылы толық жойылады деп күтілуде.

Кеңестік жүйені мақтағандар қателесті

ХХІ ғасырдың екінші онжылдығында елде Кеңес заманынан көз үйреншікті болған аналогтық телевизия жойыла бас­тағанда оған ашық қарсы шыққандар кездесті. Кейбір сарапшы: «енді қарапайым халық телеарналарды тегін көру мүмкін­дігінен түбегейлі айырылады» деп дабыл қақты. Бұл цифрлы дәуір әкелген жетіс­тіктердің мәнін жете ұғынбаудан болса керек. Цифрлы хабар таратудың аналогтық баламасынан артықшылығы неде? Ма­мандардың айтуынша, біріншіден цифрлы телеарна әлдеқайда үнемді, шығын аздау. Екіншіден, онда бейне, дыбыс сапасы жоғары. Үшіншіден, ол көрермендерге арналар мен телехабарлардың үлкен таң­дауын ұсына алады. Төртіншіден, оның толқыны ауа райының құбылуына, басқа да тосқауылға әлдеқайда төзімді. Әйтпесе, аналог бойынша берілетін сигнал осал болатын және сәл кедергіге кездессе жо­ғалып кететін. Содан адамдар теледидарын ұрғылап жататын. «Цифрлы телехабар таратуда сигналдың сапасы және қорғаныш деңгейі өте жоғары. Оның үстіне ол алыс қашықтыққа таралады. Аналогтық хабар тарату «бір таратқыш – бір арна» қағидаты бойынша жұмыс істейтін. Қазақстанның digital форматқа көшуі ар­қасында бір таратқыш арқылы 15 арнаға дейін трансляциялау қамтамасыз етілуде», – деді «Қазтелерадио». Айта кету керек, 1 ақпанда Алматы қаласы да толығымен цифрлы эфирлік телеарнаға (ЦЭТВ) ауысты. Осыған бай­ланысты «Көктөбедегі» атақты теле­мұ­нарада қайта қалпына келтірілді. Бүгінде ол – елдегі телеарнаны цифрлы форматқа ауыстыру процесіне қатысатын маңызды объектілердің бірі. Мұнда бүкіл Қазақ­стандағы цифрлы хабар тарату тораптарын бақылайтын «Телерадио хабарларын тарату желісін басқару және мониторинг орта­лығы» орналасқан. Алматы қаласы еліміздің тағы 4 қала­сымен бірге цифрлы телеарна дәуіріне алғаш аяқ басқан-тын. 2012 жылғы 3 шіл­деде Индустрияландыру күніне арналған телекөпір кезінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаңа буындағы цифрлы телеарнаға батасын берді. Содан бері ескі аналогтық жүйені кезең-кезеңмен цифрға көшіру ісі жүр­гізілді. Ақпарат және қоғамдық даму ми­нистрлігінің бұйрығына сәйкес, 2021 жылғы 1 ақпанда Алматы мен Солтүстік Қазақстан облысы толығымен ЦЭТВ-ға ауысты. Осы мақсатта Алматы мен Алматы облысында 90 цифрлы радиотелевизиялық станса (РТС) жаңадан іске қосылды. Нәтижесінде, өңірдегі 736 елді мекен те­леарналарды цифрлы форматта көре бастады. Бұл – мегаполис пен облыс тұр­ғындарының 99%-ы немесе 3,8 миллионнан астам адам деген сөз. Ресми мәліметке жүгінсек, бүгінде Қазақстанда Маңғыстау, Жамбыл, Түр­кістан, Алматы, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында, сон­дай-ақ Шымкент пен Алматы мегапо­листерінде ескі аналогтық телеарна толы­ғымен сөндіріліп, тарихқа айналды. Жалпы, бүкіл республика бойынша жаңа заманғы 546 радиотелевизиялық станса қолданысқа берілді. РТС-тердің осынша саны әзірге ел халқының 91%-ын сапалы цифрлы эфирлік ТВ-мен қамтуға мүмкіндік береді. Бұл науқан әрі қарай жалғасады. «Қазтелерадио» мәліметінше, 2021 жылғы 1 желтоқсанға дейін Нұр-Сұлтан және Қарағанды облысында осы жоба өз мәресіне жетуі тиіс. Тұтастай алғанда, ЦЭТВ енгізу жобасы бүкіл елімізде келесі 2022 жылы аяқталуы тиіс.

Ресей арналарын көруге мәжбүр

Бірақ мәселе осымен шешілді деуге болмайды. Мысалы, елді мекенге отандық телеарналар ЦЭТВ арқасында келіп тұр делік. Алайда тұрғындар оны қабылдауға мән бермесе, ұлттық арналар сол бойы сұраныссыз қалады. Салдарынан 2020 жылы Қазақстан аумағының 91%-дан аста­мы цифрлы сигналмен қамтылғанымен, Otau TV ұлттық спутниктік хабар таратудың ену деңгейі небәрі 28%-дың айналасында ғана қалған көрінеді. Бұған не себеп? Өйткені шекаралас елді мекендер түгіл, еліміздің орталығында да отбасылардың көбі ресейлік және шетелдік арналарды көреді. Бұл ретте олардың бір бөлігі IPTV, OTT секілді интернет-телеарнаны пайда­ланады. Қалған бөлігі Қазақстанда ресми тіркелмеген, алайда ел аумағына еркін хабар тарататын «РадугаТВ», «Триколор ТВ», «НТВ+», «Орион Экспресс», «Ямал», Hotbird, «Платформа HD», «Телекарта» секілді көршінің спутник операторларының қызметіне жүгінеді. Тиісінше, қазақстандық ауыл-қалалардағы қаншама үйге солтүстік алпауыттың операторлары қаптатып тә­релкелерін орнатып шыққан. Бұл ұлттық қауіпсіздікке төнген қатер екені жасырын емес. Себебі Қазақстан халқының үлкен бөлігі ресейлік ақпарат айдынында өмір сүруде. Олар қазақстандық арналарды көрмейді. Салдарынан арасында сепаратистік пиғыл-байламдарға берік бекігені де жетерлік екені жасырын емес. Ел Үкіметі спутниктік хабар таратуға талдау жүргізді. Қорытындысы шошытады: Ресей Федерациясымен шекаралас 4 өңірде тіркелмеген, заңсыз телехабар таратушы спутник операторларының ену деңгейі отандық телеарнадан жоғары болып шық­ты. Мысалы, Батыс Қазақстан об­лысында Otau TV үлесі – 30%, тіркелмеген шетелдік спутник операторлары (ТШСО) үлесі – 40%, Қостанай облысында Otau TV – 17%, ТШСО – кем дегенде 19%, Павлодар облысында Otau TV – небәрі 18%, ТШСО – 26%, СҚО-да Otau TV – 16%, ал ТШСО – 27%. Өзге өңірлерде де көрермендердің ау­қымды бөлігі ресейлік заңсыз телехабар тарату ықпалында қалған. Ақмола облы­сында Otau TV – 34%, ТШСО – 27%, Ақтөбе облысында Otau TV – 40%, ТШСО– 30%, Атырау облысында Otau TV – 72%, ТШСО – 16%, Шымкент қаласында Otau TV – 71%, ТШСО – 17%. «ТШСО-лар қазақстандық телеар­на­ларды таратпайды. Сондай-ақ телерадио хабарын тарату, БАҚ және жарнама саласындағы отандық заңнаманы, «Бала­ларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» заң талаптарын орындамайды. Оның үстіне шетелдік спутниктік қабылдау құрыл­ғы­ларын пайдаланатын Қазақстан аза­маттары еліміздің ақпараттық кеңіс­тігінен тыс өмір сүреді», – дейді Ақпарат және қоғам­дық даму министрлігі. Қазір ведомство шетелдік спутник операторларының қызметін реттеу бағы­тында жұмыс жүргізуде. Арнайы заң қа­былдап, оларды елімізде тіркелуге және клиенттеріне ұсынатын топтамасына қа­зақстандық телеарналарды қосуға мәж­бүр­леу көзделіп отыр. Оған бағынбаған шетел­дік опера­торлардың хабар таратуына тос­қауыл қойыл­мақ. Дегенмен бұл шараның қашан қабыл­данатыны белгісіз. Заң жобасы Парламентке енгізілген жоқ.

Айхан ШӘРІП