Tengrinews.kz тілшісі жаңа жылдан бастап нақты қай салаларда жалақы өсетінін еліміздегі кадр агенттігінің өкілі Гүлмира Баетовадан сұраған. Баетова агенттіктің зерттеу нәтижелеріне сүйене отырып, IT, маркетинг, қаржы, құрылыс, жылжымайтын мүлік, туризм, қонақүй бизнесі, event салаларының қызметкерлерінің жалақысы айтарлықтай өсетінін айтқан. «Алдағы уақытта IT саласы мамандарының жалақысы өседі деген болжам бар. Бұл сала онсыз да соңғы 5 жыл бойы көш бастап тұр. Нақтырақ айтсақ, бұл саладағы интерфейс дизайнері, бағдарламашы және жүйе әкімшісі (system administrator) cияқты мамандардың жалақысы – 2 миллион теңгеге дейін өсуі мүмкін. Жалақысы өседі деген тағы бір сала – маркетинг. Қазірдің өзінде маркетологтардың өзі кем дегенде 300 мың теңге алады. Ал келесі жылы бұл көрсеткіш 30 пайызға көбейеді деген болжам бар», – дейді сарапшы.
Жаңа жылдан бастап қазақстандықтардың табысы қалай өзгереді?
Г.Баетованың айтуынша, алдағы жылы жекеменшік компаниялардың көбі қызметкерлерінің жалақысын 30 пайызға дейін көбейтеді.
«Сондықтан да 2020 жылы туризм, жылжымайтын мүлік, event салалары қызметкерлерінің табысы өзгереді. Мысалы, биылғы көрсеткіш бойынша жылжымайтын мүлік және event мамандарының жалақысы өзгелермен салыстырғанда орташа есеппен 25-30 пайызға көп болды», – дейді Баетова. Айта кетейік, бүгінде қазақстандықтың орташа жалақысы 191 мың теңгеден асады. Ranking.kz сарапшыларының айтуынша, жоғары жалақы алатындардың үштігіне (қараша айындағы жағдай бойынша) Атырау облысы (361,5 мың теңге), Нұр-Сұлтан (310,6 теңге) және Маңғыстау облысы (297,3 мың теңге) кіреді.