Диплом сатамыз! Арзан!

Диплом сатамыз! Арзан!

Ой еңбегі сатылады. Әсіресе, мұны диплом жұмысы мен диссертация жазу барысында бай­қаймыз. Қазір аталған жұмыспен айналысатындар өздерін ашық жарнамалайтын болған. Әлеуметтік желі­де па­рақша ашып, «қазақша дип­лом жұмысын жазу 75 мың теңгеден басталады» де­гендер бар. Тіпті, жылдар бойы диплом жұ­мысын жазу­ды қосымша табыс көзіне айналдырғандар да жетерлік.

Жазу мерзімі – 2 ай

Негізі, оқытушылар диплом жұмысының тақырыбын таңдауды 3-курста бастайды. Студенттің қай тақырыпқа бейім екенін анықтап, жазуда қиындық тумауы үшін уа­қытты ыңғайлауды үйретеді. Алай­да студенттердің біразы диплом жұмысын сатып алуды жөн көреді. Өйткені олар диплом жұмысын жазуға кеткен уақытты шығын деп есептейді. Одан да қосымша жұ­мыс істеп, жазба жұмысына 100 мың теңге төлеген жеңіл. Өз ке­зе­гімізде не­ліктен студенттердің осындай қитұрқылыққа бара­ты­нын зерттеп көрдік. Біріншіден, студенттер диплом жұмысын жазған күннің өзінде қорғауға қиналады. Тарқатып айтсақ, 60 беттік жұмыстың қай­мағын қалқып ала алмайды. Қай­мақ деп отырғанымыз – комиссия алдында жазба жұмысы туралы айтатын 5 минуттық қорытынды сөз. Әрі диплом жұмысын жазып берген тұлғадан «комиссия мүше­лері қоюы мүмкін сұрақтарға жауап дайындап берсеңіз» дей­тіндер бар екен. Сондықтан қазір диплом жұмысы мен диссертация жазып беретіндер презентация жасау мен 1 беттік қорғау мәтінін қоса дайындап береді. Оған қоса, қорғау аяқталып, қазылар ұпай бергенше онлайн консультация ала аласыз. Мәселен, Нұр-Сұлтан қала­сында орналасқан dimlom_24.kz авторлық жобалар орталығы 1-2 айда диплом жұмысын дайындап беретінін айтты. Әрине, олар жур­налистерге ашық жауап бермейді. Сол себепті тұтынушы ретінде ме­нед­жерді әңгімеге тарттық. Оған педагогика саласында дип­лом қорғайтынымды, тақырыбым «Дағдарыс жағдайына тап болған балаларға әлеуметтік-педа­гоги­калық көмек көрсету әдістемесі» екенін айттым. Тақырыптың оңай-қиынына қарамастан, бірден жауап берді. «Диплом жұмысын жазу ба­ғасы – 90 мың теңге. Жұмыстың бірегейлігі кем дегенде 85%-ды құрайды. Біз ресми келісімшарт ұсынамыз. Шартқа қол қойған кезде аванс ретінде 50% төлем жасайсыз. Ал қалғанын диплом жұмысы толық біткенде төлейсіз. Жазба жұмысын кезең-кезеңдерге бөліп жібереміз. Жазу мерзімі – 1-2 ай. Бірақ қорғау кезінде де кө­мектесеміз. Мұның бәрі келісім­шартта көрсетіледі»,– деді өзін Гүлжан деп таныстырған қыз­меткер. Жауапқа таңданғанымызбен, осындай бизнестің заманы жүріп тұрғанын байқадық. Өйткені сту­­­денттерге диплом жұмысын жаз­дыртуға себеп болатын тағы бір тұс – антиплагиат. Яғни, жазба жұмысын көшіріп алмағаныңды дәлелдейтін бағдарлама. Мыса­лы, жазған сөйлемнің 4-5 сөзі ин­тернеттегі басқа жазбамен ұқ­­сап қалса, жұмысыңыз антип­лагиат бағдарламасынан өтпей қалады. Көшірмені анықтауда таптырмас құрал екенін айта кеткен жөн. Ал біз әңгімелескен орталық «антип­лагиаттан 90-95%-ға өткізіп бе­реміз» деп отыр. Негізі, жоғары оқу орнында ан­тип­лагиат межесі 75-80%-дан басталады. Сондықтан студент­тер антиплагиат ісімен бас қа­тырғысы келмей, диплом жұмы­сына тапсырыс береді. Айта кетерлігі, бұл «салада» бәсеке қызғасын бақталастар жеңіл­дік жасауға бейім болған. Мысалы, әлеуметтік желіде 98 мың оқырманы бар diplomniki ұжымы диплом жұмысын алдын ала тө­лемсіз жазып береді. Бұл өз ке­зе­гінде студенттерге таптырмас мүм­кіндіктей көрінеді. Олар дип­лом жазу нарығында жүргелі 11 жыл уақыт болған. Осыған дейін 900-ден астам диплом мен диссер­тация жұ­мысын жазған екен. Анық-қанығын білу үшін аталған орта­лыққа жо­ғарыдағы тақырыбым мен маман­дығымды жазып жібер­дім. «Диплом жұмысының ба­ғасы – 80 мың теңге. Бөлімдері дайын бол­ғанда төлем жасайсыз. Түзету­лерді тегін енгізіп, қорғауға дейін көмектесеміз. Тақырыпты өткіз­сеңіз, жоспарын өзіміз құ­рып бере­міз. Жазба жұмысы 1,5-2 айда дайын болады. Түзету жұ­мысына 1 аптаны арнаймыз»,– деді Раушан есімді менеджер. Аталған орталыққа да «тақы­­рыптың қиын-оңайына қарай со­масы өзгермей ме?» деп сұрақ қой­дым. Олар педагогика болса, осы сомаға жазуға болатынын айтты. Байқап қарасақ, ақша тө­лесең, тақырып талғамастан жа­зып береді. Алайда олар мұнша мәлі­метті қалай алады? Әлде, олар ан­типлагиатқа өткізгенде символ мен шрифті өзгерту қу­лығын қолдана ма екен? Бұл жа­ғы бізге беймәлім күйінде қалды.

Студенттер кібіртіктеп тұрады

Қазір диплом қорғау онлайн форматта өтіп жатыр. Сондықтан мәселенің мән-жайын оқытушы­лардан сұрап білдік. Әңгіме ба­рысында студенттердің біразы оқу­­мен қатар жұмыс істейтінін атап өтті. Мұндай студенттер дип­лом жұмысын жазуға уақыт жұмсамай, сатып алғанды жөн көреді. Алайда оқытушылар ал­дын ала жазба жұ­мысын тек­серу сағаттарында жұ­мыс­ты сту­дент­тің өзі жазбағанын байқаса, бір­ден қабылдамай, жос­парын өз­гертіп беретінін айтты. Бұл дип­лом жұмысын жазып бере­тін адамды да, студентті де біраз әуреге салатыны анық. «Zoom платформасында дип­лом жұмысын қорғау барысында қандай мамандықта оқитынын білмейтін студенттерді көрдік. Дип­лом жұмысын кім дайындап бер­генін білмейміз, тап-тұйнақ­тай жазылған. Бірақ сұрақ қой­саң, кібіртіктеп жауап бере ал­майды. Жалпы, ұрлық жасаған баланың көзі айтып тұраты­нындай, диплом жұмысын өзі жазбаған студенттерді бірден бай­қаймыз», – дейді Алматы тех­никалық экономикалық кол­леджінің оқытушысы. Сондай-ақ оқытушы кол­ледж­­де ұзақ жылдан бері жалға­сып келе жатқан механизм барын айтып қалды. Мысалы, колледж дипло­мын алатын студентті уни­верситетке түсуге, универ­ситет бітірген ст­у­дентті магистра­тураға түсуге үгіт­тейді екен. Оқы­тушы­лар жалақы алу жағы­нан да түрлі қиындыққа тап болады. Мұны ол «колледждің жартылай мем­ле­­кеттік, жартылай жекеменшік болуымен» бай­ланыстырды.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ