Жазықсыз жапа шегіп, 4 ай қамауда отырған шенеунікке мемлекет өтемақы төлейтін болды
Жазықсыз жапа шегіп, 4 ай қамауда отырған шенеунікке мемлекет өтемақы төлейтін болды
433
оқылды

Ақтөбе облысында сотта ақталып шыққан шенеунікке бір жарым миллион теңге өтемақы төленеді. Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасары Ғалым Қобландинге жұмыстан шеттетілген кездегі жалақысы да толық беріледі. Бұл туралы КТК хабарлады.

Мұғалжар аудандық сотының судьясы Нұргүл Кедірбаева: «Оның әрекеттерінде қылмыстық құқықбұзушылық болмауына байланысты ақталды. ҚР ҚПК-нің 4-тарауына сәйкес, оның құқы қорғалады. Сот шешімімен талап-арыз ішінара қанағаттандырылды», – деді.

Ғалым Қобландин Мұғалжар ауданындағы әлеуметтік салаға жауап береді. Осыдан екі жыл бұрын оған «қызметін асыра пайдаланды» деп айып тағылды. «Ұлттық біріңғай тестілеуде комиссияға мектеп директорларынан 500 мың теңге ақша жинады» деп тергеуге алынған болатын. Оны төрт ай бойы абақтыға қамап, жарты жылдай тергеді. Бірақ сотта дәлел жетпей, мектеп басшыларына ақша жинауға тыйым салғаны анықталды. Мұғалімдер оның қылмысқа бармағанын айтып ақтап шыққан. Онымен қоса мектеп директорлары тергеушілерден қысым көрген. Енді ақталып шыққан әкімнің орынбасарына қазынадан өтемақыдан бөлек, бір жылдан аса жұмыстан шеттетілгеніне байланысты төрт миллион теңгеге жуық жалақысын өндіріп беруі тиіс. Қобландин – үш айда тергеушілер қателігінен негізсіз айыпталып, қазынадан өтемақы алған екінші шенеунік.

Бұған дейін Ақтөбедегі жер қатынастары бөлімінің басшысы Жанаргүл Дүйсекеноваға 800 мың теңге өтемақы төленген болатын. Оны да 5 айға қамап, бір жыл бойы тергеген. Алайда жазықсыз адамға жала жапқандарды жауапқа тартпаған.