Үш чемпиондық белбеудің иегері
Үш чемпиондық белбеудің иегері
135
оқылды

2021 жылдағы алғашқы кездесуін Мексиканың Куэрнавака қаласында Нидерланд елінің боксшысы Стивен Даньомен өткізген Садриддин Ахмедов кәсіпқой бокстағы 12-жеңісіне қол жеткізді. Он раундтық айқаста қарсыласынан басым түскен қазақстандық боксшы орта салмақтағы WBA Continental, NABF және WBC Francophone белбеулерінің иегері атанды.

Көптен күткен титулдық жек­пе-жектің басталуының өзі тосын оқиғамен өрбіді. Қазақ боксшысы рингке көтерілгенде бокс кешін ұйымдастырушылар мемлекеттік Әнұранымызды қоюдың орнына Канаданың әнұранын қосып жіберді. Кейін боксшымыз кеш иелерінің жіберген қателігіне ренішін білдірді. Бұл туралы ол: «ұйым­дастырушылар мені Канада­да жаттығатын болғандықтан, сол елдің намысын қорғайды деп ойлап­ты. Сондықтан осындай келең­сіз жағдай болды. Мен бұл әрекетіне наразылығымды білдір­дім. Олар кешірім сұрады. Ең бас­тысы, рингке қазақтың ұлттық ша­па­нын киіп, көк Байрағымызды алып шықтым. Жеңіске жетіп, әлемдік аренада елімнің абыройын тағы бір мәрте асқақтатқаныма қуаныштымын», – деді боксшы. Бір жыл үзілістен кейін рингке қайта оралған былғары қолғап шебері қазақстандықтардың тара­пынан үлкен қолдауды сезінгенін, шаршы алаңда жеңіс үшін барын салғанын айтты. – Бұл жекпе-жек менің кәсіби мансабымдағы ең маңызды жекпе-жектің бірі болды. Психологиялық және физикалық тұрғыдан айқасқа толықтай дайын болдым. Көңіл күйім де жоғары болды. Қарсы­ласы­мнан басым түсу үшін әр раунд сайын қарқынымды арт­тырып отырдым. Стивен Даньо да мық­ты боксшы. Біз оны жан-жақ­ты зерттедік. Оған қарсы айқас ал­дында өз жоспарымызды құрып, ринг төрінде соны жүзеге асыруға тырыстым. Нәтижесін өздеріңіз де көрдіңіздер. Әрине, бұл үш чем­пион­дық белбеу – мансабымдағы керемет жетістік. Рейтингте жоға­ры көтеріліп, өз дивизионымдағы үздік боксшылардың қатарына бір қадам жақындай түстім. Ең басты­сы, мұнымен тоқтап қалмай, алға ұмтыламын. Басты арманым – әлем чемпионы атағын жеңіп алу,– деп ағынан жарылды Садриддин. 23 жекпе-жектің 17-сінде же­ңіс­ке жеткен Стивен Даньо осал қарсылас емес еді. Оны шаршы алаң­дағы шайқаста анық бай­қадық. Қарсыластарынан еш­қашан но­каутпен жеңіліп көрмеген боксшы отандасымызға лайықты қарсылық танытты. Алайда рингте жойқын соққыларымен, ширақ қи­мылы­мен ерекшеленетін Ахме­дов бұл жолы өз білгенінен жаңыл­ған жоқ. Жеңіске әбден лайық болды. Канадалық Eye of Tiger Management промоутерлік компания­сының сапында өнер көрсетіп жүрген сайыпқыранымыздың есі­мі бүгінде көпке таныла бас­тады. Спорт мамандары да Садрид­диннің өнерін жоғары бағалайды. Boxingtalk.com спорттық порталы­ның шолушысы Иван Монтиель оның промоутерлік компания мен бапкер таңдауда қателеспегенін айтады. – Қазір ол – Канададағы ең таңдаулы жас боксшылардың бірі. Әрі оның бапкері де мықты. Бү­гінде Ахмедов Марк Рэмсидің басшылығымен жұмыс істейді. Бұл жерде қазақстандық боксшы жақсы таңдау жасағаны көрініп-ақ тұр. Рэмси Дэвид Лемье, Жан Паскаль, Артур Бетербиев сияқты жұлдыздармен бірлесе жұмыс істе­ген тәжірибелі маман. Ол келе­шекте Ахмедовтің жұлдызын жан­дырады, – деп боксшыға да, бап­керіне де үлкен сенім артты ол. Ал FightSpace жобасының не­гізін қалаушы Григорий Стангрит біздің спортшымыз жөнінде: «Сад­риддин – керемет боксшы. Көбіне ашық айқасқа иек артады. Оның енді физикалық және психикалық тұрғыдан мықты боксшылармен кездескенін қалаймыз. Келешекте үздіктердің қатарынан көрініп, жарқырай түсетініне сенемін» деген ойын білдіріпті. Бұл да болса, боксшымызға қолдау танытатын жанкүйерлерінің әлем елдерінде де саны артып келе жатқанының көрінісі. белбеу Жеңісті жекпе-жектен соң ма­ман­дар Ахмедовке ақыл-кеңесін ашық білдірді. «Стивен Даньомен болған жекпе-жек қазақстандық боксшы үшін жақсы сынақ болды» деген канадалық бокс маманы Филипп Сен-Мартен кәсіпқой боксшымыздың шаршы алаңдағы жіберген қателіктері мен кем­шіліктерін атап өтіпті. – Садриддин біраз үзілістен кейін жақсы жекпе-жек өткізді. Алайда Даньомен болған жекпе-жекте бірқатар кемшіліктері байқалды. Ол енді қателіктерімен жұмыс істеп, сауатты қорғануды да үйренгені жөн. Бұл жолғы қарсы­ласы Ахмедовті құлататын боксшы емес. Бірақ өте төзімді. Қазақ­стандық спортшыға әрі қарай бұ­дан да мықты қарсыластар кезі­гетіні сөзсіз. Сондықтан оған техника және соққылардың дәл­ді­гіне көп көңіл бөлген дұрыс. Жек­пе-жек өзіме ұнады. Келесіде бұ­дан да жақсы кездесулер, жар­қын жеңістер күтемін, – деді Фи­липп Сен-Мартен. Расымен, чемпиондықтың жолы ешқашан жеңіл болған емес. Мық­тылармен айқасасың, мықты­ларды мойындатасың. Бұл ретте бокс­шымыздың діттеген мақса­тына сенімді қадам жасап келе жатқанын спорт мамандары да айтып отыр. Жалпы, Ахмедов еліміздегі болашағы зор боксшылар санатында. Оның Геннадий Голов­киннің жетістігін қайталауға мүм­кіндігі зор екенін әйгілі ESPN ба­сылымының журналисі Фернандо Барбоза да сөз етіпті. – Садриддин Ахмедов – бола­шағынан үміт күттіретін боксшы. Оның басты артықшылығы – әлі жас. Біртіндеп тәжірибе жинақтау үстінде. Чемпиондық жекпе-жегін екі-үш жылдықта өткізетін болар. Қазақстандықтардан Данияр Елеу­сінов, Жәнібек Әлімханұлы, Сад­рид­дин Ахмедов жерлесі GGG-дің деңгейіне көтеріле ала­ды, – деп болжам жасады ол. Ал отандық мамандар «бокс­шымызға АҚШ төрінде жаттыққан әлдеқайда тиімді болады» деп отыр. Бірінші орта салмақтағы үздік боксшылардың қатарына ену үшін бар күш-жігерін сарп етіп, әр кездесу сайын жарқын жеңіс­терімен көзге түсіп жүрген Садрид­дин Канадада оннан аса кездесу өткізді. Олардың бәрі сәтті аяқ­тал­ды. Бұл жолы да жеңіс тұғырынан көрінді. Бокс кешіне Golden Boy Promotions компаниясының скаут­тары қатысты. Өзге де көптеген атақты промоутерлік ұйымдар қайсар қазақтың шаршы алаңдағы өнерін қызыға тамашалады. Оның өзі – үлкен жетістік. «Әлем чем­пионы боламын» деген боксшы ұлымыздың жеңіске бастайтын жарқын күндері әлі де алда. Енде­ше жеңісті күнде жолығайық!

АбылайханАбылайхан ЖҰМАШ