2021 жылдағы алғашқы кездесуін Мексиканың Куэрнавака қаласында Нидерланд елінің боксшысы Стивен Даньомен өткізген Садриддин Ахмедов кәсіпқой бокстағы 12-жеңісіне қол жеткізді. Он раундтық айқаста қарсыласынан басым түскен қазақстандық боксшы орта салмақтағы WBA Continental, NABF және WBC Francophone белбеулерінің иегері атанды.
Көптен күткен титулдық жекпе-жектің басталуының өзі тосын оқиғамен өрбіді. Қазақ боксшысы рингке көтерілгенде бокс кешін ұйымдастырушылар мемлекеттік Әнұранымызды қоюдың орнына Канаданың әнұранын қосып жіберді. Кейін боксшымыз кеш иелерінің жіберген қателігіне ренішін білдірді. Бұл туралы ол: «ұйымдастырушылар мені Канадада жаттығатын болғандықтан, сол елдің намысын қорғайды деп ойлапты. Сондықтан осындай келеңсіз жағдай болды. Мен бұл әрекетіне наразылығымды білдірдім. Олар кешірім сұрады. Ең бастысы, рингке қазақтың ұлттық шапанын киіп, көк Байрағымызды алып шықтым. Жеңіске жетіп, әлемдік аренада елімнің абыройын тағы бір мәрте асқақтатқаныма қуаныштымын», – деді боксшы. Бір жыл үзілістен кейін рингке қайта оралған былғары қолғап шебері қазақстандықтардың тарапынан үлкен қолдауды сезінгенін, шаршы алаңда жеңіс үшін барын салғанын айтты. – Бұл жекпе-жек менің кәсіби мансабымдағы ең маңызды жекпе-жектің бірі болды. Психологиялық және физикалық тұрғыдан айқасқа толықтай дайын болдым. Көңіл күйім де жоғары болды. Қарсыласымнан басым түсу үшін әр раунд сайын қарқынымды арттырып отырдым. Стивен Даньо да мықты боксшы. Біз оны жан-жақты зерттедік. Оған қарсы айқас алдында өз жоспарымызды құрып, ринг төрінде соны жүзеге асыруға тырыстым. Нәтижесін өздеріңіз де көрдіңіздер. Әрине, бұл үш чемпиондық белбеу – мансабымдағы керемет жетістік. Рейтингте жоғары көтеріліп, өз дивизионымдағы үздік боксшылардың қатарына бір қадам жақындай түстім. Ең бастысы, мұнымен тоқтап қалмай, алға ұмтыламын. Басты арманым – әлем чемпионы атағын жеңіп алу,– деп ағынан жарылды Садриддин. 23 жекпе-жектің 17-сінде жеңіске жеткен Стивен Даньо осал қарсылас емес еді. Оны шаршы алаңдағы шайқаста анық байқадық. Қарсыластарынан ешқашан нокаутпен жеңіліп көрмеген боксшы отандасымызға лайықты қарсылық танытты. Алайда рингте жойқын соққыларымен, ширақ қимылымен ерекшеленетін Ахмедов бұл жолы өз білгенінен жаңылған жоқ. Жеңіске әбден лайық болды. Канадалық Eye of Tiger Management промоутерлік компаниясының сапында өнер көрсетіп жүрген сайыпқыранымыздың есімі бүгінде көпке таныла бастады. Спорт мамандары да Садриддиннің өнерін жоғары бағалайды. Boxingtalk.com спорттық порталының шолушысы Иван Монтиель оның промоутерлік компания мен бапкер таңдауда қателеспегенін айтады. – Қазір ол – Канададағы ең таңдаулы жас боксшылардың бірі. Әрі оның бапкері де мықты. Бүгінде Ахмедов Марк Рэмсидің басшылығымен жұмыс істейді. Бұл жерде қазақстандық боксшы жақсы таңдау жасағаны көрініп-ақ тұр. Рэмси Дэвид Лемье, Жан Паскаль, Артур Бетербиев сияқты жұлдыздармен бірлесе жұмыс істеген тәжірибелі маман. Ол келешекте Ахмедовтің жұлдызын жандырады, – деп боксшыға да, бапкеріне де үлкен сенім артты ол. Ал FightSpace жобасының негізін қалаушы Григорий Стангрит біздің спортшымыз жөнінде: «Садриддин – керемет боксшы. Көбіне ашық айқасқа иек артады. Оның енді физикалық және психикалық тұрғыдан мықты боксшылармен кездескенін қалаймыз. Келешекте үздіктердің қатарынан көрініп, жарқырай түсетініне сенемін» деген ойын білдіріпті. Бұл да болса, боксшымызға қолдау танытатын жанкүйерлерінің әлем елдерінде де саны артып келе жатқанының көрінісі.