Халықаралық ұйымдардың хабарлауынша, Қазақстанда түрмедегі азаматтардың құқығы қорғалмаған. Оған бірнеше себеп бар. Негізгі себептерін ұйым өкілі мен құқық қорғаушы Aikyn.kz-ке айтып берді.
Қазақстандағы азаптауға қарсы коалициясының заңгері Анна Солодованың айтуынша, Азат Шоқановтың ісі "Азаптау" бабы бойынша сотқа дейін жеткен қылмыстық істердің 1-2%-іне жатады. Коалицияның 2019 жылғы есебі бойынша, азаптауға қатысты қылмыстық істердің көбі сотқа жетпей тоқтатылады немесе жәбірленушілер сыбайлас жемқорлықтың құрбаны болады. Себебі Қазақстанда зорлық-зомбылықты зерттейтін тәуелсіз институттар жоқ, әлі елдегі сот жүйесі тәуелсіз емес. Құқық қорғаушы Елена Семенованың айтуынша, Қазақстан түрмелерінде болған азаптау фактілері тек ресми түрде тексеріледі. "Мұндай мәселе көбіне тергелмейді, азаптау болғанның өзінде, қылмыстық іс қозғалмайды, өйткені тиісті орган фактілерді жасыруға тырысады", – дейді ол. Елена Семенова Қазақстанның бірнеше өңіріндегі тұтқын құқығын қорғаумен айналысады. Ол Facebook-те тұтқындардың азаптау мен қорлық көргені туралы шағымдарын, туыс-жақындары қамауда отырған азаматтардың хаттары мен видеоүндеулерін жариялайды. Желідегі кейінгі жазбасында Бас прокуратура мен Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінен сотталғандардың шағымдары неге тергелмейтінін және шаралар қолдануын сұраған. "Маған түрмелерде жазасын өтеп жатқандардан шағым өте жиі түседі. Әсіресе, Шығыс Қазақстан облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Қарағанды, Алматы, Шымкент, Қостанай қалаларында жазасын өтеп жатқан азаматтар таксофоннан қоңырау шалып немесе туыстары арқылы шағымданады. Олардың жазасын өтеу мерзімі де, сотталу баптары да әртүрлі. Бас прокуратура мен Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінен шара қолдануын сұраймыз. Бірақ, өкінішке қарай, фактілер тек ресми тергелгенімен, іс сотқа дейін жетпейді", – дейді құқық қорғаушы.2020 жылы 764 азаптау фактісі сотқа дейін жетпеген
ҚР Бас прокуратурасының мәліметінше, 2020 жылы «Азаптау» 146-бабы бойынша ресми тіркелген жеке тұлғаларға қарсы жасалған барлық құқықбұзушылық саны – 53. Оның ішінде 51 Қазақстан азаматы, 1 шетелдік азамат, 8 әйел, 12 сотталған азамат азапталған. Жас бойынша 21-29 жастағы 20 адам, 30-39 жастағы 21 адам, 40-49 жастағы 9 адам жәбір көрген. Бас прокуратура жариялаған 12 айдағы есебінде «Азаптау» 146-бабы бойынша 764 құқық бұзу фактісінің қылмыстық ісі соңына дейін ашылмай, тоқтатылған. Қылмыстық істер құқық бұзу оқиғасының болмауы, іс-әрекетте қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауы, рақымшылық жасау актiсi жасалған іс-әрекет үшiн жаза қолдануды жойса, соның салдарынан, қылмыстық жауапқа тартудың ескіру мерзімінің өтуі және тағы басқа себептермен қысқарған. Ал 2013 жылы азаптауға қатысты 17 іс сотқа жіберілсе, 30 қылмыстық іс дәлелі болмағандықтан жабылған. Анна Солодованың айтуынша, түрмеде азап көрген сотталушылардың көбі шағымданудан бас тартады. Оған бірнеше себеп бар. «Біріншіден, түрмеде жазасын өтеп жатқандардың шағым жазуына мүмкіндік қарастырылмаған, механизмі жоқ. Екіншіден, азапталғаны жөнінде шағымданған сотталушыға қауіп төнеді. Сол үшін де сотталушылар ғана емес, олармен сөйлесіп, шындықты жариялаған адвокат, психолог немесе құқық қорғаушылардың өзі қудаланып жатады», – дейді заңгер.Орталық Азия елдерінде азаптау фактісін тергейтін тәуелсіз механизм жоқ
Азаптауға қарсы коалиция Орталық Азиядағы әр елге зорлық-зомбылықты зерттейтін тәуелсіз институттар қажет екенін хабарлады. Оларға халықаралық ұйымдар жыл сайын тәуелсіз институт қажет екенін ескерткенімен бірде-бір елде мұндай орган жоқ. «Қазір азаптау туралы шағымдарды Ұлттық қауіпсіздік органдары, прокуратура немесе ІІМ тергейді. Бұл мүдделер қақтығысын тудырады. Көбіне мұндай қылмыстық істер жабылады немесе аса ауыр емес қылмыс саналады. Ал егер істі сотқа дейін жеткізу мүмкін болса, онда жәбірленушілер сыбайлас жемқорлыққа тап болады. Себебі Орталы Азия елдеріндегі сот жүйесі тәуелсіз емес», – делінген коалиция берген есебінде. Amnesty International ұйымы зерттеуінше, құқық қорғау органдары мен түрмелердің қызметкерлері көбіне адвокаттарға клиенттерімен кездесуге және жеке әңгімелесуге кедергі келтіреді. Адвокаттар, дәрігерлер және құқық қорғаушылар түрмедегі азаптау фактілерін айтқанда құқық қорғау органдарының қуғынына ұшырауы мүмкін. "Әр ел істер мен тергеулер туралы жан-жақты статистикалық мәліметтерді жариялап, тәуелсіз бақылаушыларға қамауда ұстау орындарына толық қол жеткізуге мүмкіндік беріп, Біріккен Ұлттар ұйымының Азаптауға қарсы тетіктерімен шынайы ынтымақтастық орнатып, қалыптасқан жүйелік мәселелерді ашық шешуі керек. Азаптауды тоқтататын уақыт келді. Үкіметтер кідіріссіз іс-қимыл жасап, нақты шаралар қабылдауға тиіс. Басқаша айтқанда, олар іс-қимыл жоспарларынан тек қағаз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де азаптауды жою жөніндегі іс-әрекеттерге көшуге тиіс", – делінген Азаптауға қарсы коалиция есебінде.