Бағалау банкирлердің бетпердесін сыпырды
Бағалау банкирлердің бетпердесін сыпырды
105
оқылды

Банкирлер актер секілді: қажет кезде өтірік жылай алады. Ұлттық банктің күрделі тілмен баяндалған байламын қарапайым адамдардың осы сөзімен түйіндеуге болады. Ел тарихында тұңғыш рет жүргізілген банктерді жаппай тексерудің алғашқы қорытындысы жарияланды. Ол банктер сұратқан жүздеген миллиард қаржы оларға қажет еместігін көрсеткен.

Қаржылық реттеуші Қа­зақ­станның банк секторы активте­рінің сапасын бағалаудың (Asset quality review, AQR) аяқталғанын мәлімдеді.

– Ел Президентінің 2019 жыл­ғы 30 қаңтардағы тапсырма­сына сәйкес, Ұлттық банк биыл­ғы 8 ай бойы банк секторы ак­тивтерінің сапасын бағалауды ұйымдастыр­ды. Бұл ауқымы жөнінен бұрын-соңды болмаған бағдарлама. Ол банктердің және тұтастай алғанда бүкіл қаржы индустриясының жай-күйі тура­лы ақпараттың сапасын жақ­сартып, білімімізді тереңдетті. Бағалау банк актив­терінің жалпы көлемінің 87%-ын және несие портфелінің 90%-ын иеленген ірі 14 банкке жүргізілді. Банк сек­торының жай-күйі Еу­ропа Орталық банкінің әдісна­масына сәйкес зерделенді, – деді Ерболат Досаевтың ұжымы.

AQR қорытындысы бойынша есеп дайындалды. Ол активтер сапасын жүйелі деңгейде бағалау нәтижелерінен ғана емес, сон­дай-ақ алда қолға алынатын іс-қимылдардың тізбесінен тұрады.

– AQR нәтижелері анықта­ғандай, 2019 жылғы 1 сәуірдегі жағ­­дай бойынша барлық қаты­сушы банктерде жалпы алғанда капитал тапшылығы байқал­майды. Соның ішінде k1 және k2 нормативтері жүйелі негізде әрі артығымен орындалуда. Қазіргі кезде активтер сапасын баға­лаудың бірінші кезеңі аяқталды. 2019 жылғы қызмет нәтижелері, қаржылық және реттеушілік есеп­терді қалыптастыру қоры­тын­ды­сында әр банк Ұлттық банк берген ұсынымдарды не­гізге ала отырып, өзінің жеке, егжей-тег­жей­лі шара­лары жос­парын әзір­лейді, – деп хабарлады қаржы­лық реттеуші.

Ізінше банктердің әрқайсысы төл жоспарын реттеуші органның мақұлдауына жібереді. Айта кету керек, келесі жылдан бастап барлық банк Ұлттық банктің қанатының астынан кетеді. Енді оларды түңлігін жаңадан түрген Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жатқызып-өр­гізетін болады. Жаңа мемор­ган­ның тізгіні Мәдина Әбілқ­а­сы­моваға берілген.

14 банктің активін жақсарту жоспарын мақұлдау процесі 2020 жылғы 15 ақпанға дейін аяқталуы тиіс. Келісімнен өткен соң ол құжаттағы шаралардың орындалуын реттеуші «қатаң қадағалайтын болады».  

AQR-дің екінші кезеңі аясын­да әр банкпен бірге жүр­гізілген жеке жұмыстың қоры­тындысын Ұлттық банк 2020 жыл­ғы 28 ақ­панда жария етпек. Нә­тижесінде, «тәуекелге бағдар­ланған қада­ғалауды жетілдіруге және банк­тердегі бизнес про­цестерді жақ­сар­туға бағытталған жүйелі шара­лар қолға алынады». Осылайша, Үкімет дүркін-дүркін «дағдарыс­тан құтылуға» бюджет пен Ұлттық қордан қыруар қар­жы алып, елге масыл бола беретін отан­дық банк секторын сауықты­руға шындап кіріскендей.


Ерік ЕРДЕНОВ