Тарих қойнауына өтіп бара жатқан 2019 жыл қиындығымен қоса жаңалыққа толы болды. Өткен жылға өкпе арта алмаймыз.
Асылы ОСМАН,
қоғам қайраткері:
Тәуелсіз елдің тілі де тәуелсіз болсын!
– «Жақсы сөз – жарым ырыс», бір-бірімізге жылы, жақсы сөзімізді арнаудың артықтығы жоқ. Жаңа жыл елімізге жақсылығымен келсін! Шүкір, еліміз қатардан қалмай, дамып келеді. Алдағы уақытта да алар асуы биік болып, әлем алдындағы абыройы арта түссін! Келген жыл қазақтың шынайы ниетіндей болсын! Еліміздегі тыныштығымыз, бірлігіміз, достығымыз, сыйластығымыз мәңгі сақталсын! Еліміз Тәуелсіз мемлекет деген атына лайықты болсын! Менің көптен көкейімде жүрген бір мәселе бар, ол – Тәуелсіз елдің тілі де тәуелсіз болса екен деген тілек. Латын қарпі негізінде жасалатын қазақ әліпбиі тіліміздің ерекшелігін сақтап, соған лайықты болса екен. Бұл әліпби түркітілдес халықтардың бірін-бірі ұғынуға, түсінісуге нағыз өзек болар еді.
Тарих қойнауына өтіп бара жатқан 2019 жыл қиындығымен қоса жаңалыққа толы болды. Өткен жылға өкпе арта алмаймыз.
Жерімді қасиетімен сақтасын,
Елімді байтақ даласымен сақтасын,
Халқымды данасымен сақтасын,
Сәбиді анасымен сақтасын,
Азаматтарымызды санасымен сақтасын!
Қазақ өз бойындағы асыл қасиеттерін сақтай отырып, саналы ұрпақ тәрбиелейік.
Нұржан Әлтаев,
Мәжіліс депутаты:
Ісіміз оңынан шешілсін!
– Еліміз тағы бір тарихи жылды артқа тастап, 2020 жылға аяқ басқалы отыр.
Қазақ қашанда өткенге салауат айтып, жарқын болашақтан жақсы үміт күткен халық. Өсіп-өркендеу жолына түскен Қазақстан жүрісінен жаңылмай, аршындап алға басты. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бауырымыз бүтін болды. Халықтың әл-ауқаты өсіп, мемлекетіміздің абыройы асқақтады.
Осы жылдың ақпан айында Мәжіліске депутат болып сайланып, қолыма мандат алдым. Содан бері Мәжілісте бірнеше заң жобасы талқылауына қатыстым. Арыс қаласындағы жарылыста сол жерден табылып, халықпен бірге болдым. Бас прокуратура, Nur Otan партиясының қоғамдық ұйымдар мен адвокаттардың қатысуымен өткен жиында зорлау қылмысын орта ауыр қылмыстан ауыр қылмыс түріне ауыстыруды ұсындым. Мұнан да басқа іс-шараларға атсалыстым. Жалпы, Мәжіліс 2019 жылды табысты аяқтап отыр. Халықтың қуанышы мен мұңында бірге болдық.
Міне, 2020 жыл есігімізді қағып тұр. Жаңа жыл бақыт, жаңа табыс әкелсін! Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын, ауызбіршілігіміз берік, жарқын болашаққа деген сенім нық болсын! Жаңа бастаған істеріңіз оңынан шешіліп, биіктерге өрлей беріңіздер
Майра МҰХАМЕДҚЫЗЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі:
Береке мен ырыстың жылы болғай!
– Халқымыз тәуелсіздік жылнамасында айрықша із қалдырған тағы бір жылды жарқын жетістіктермен, асқақ абыроймен шығарып салғалы отырған шақта, Қазақ елі қаралы күнді де басынан өткізді. Өмірдің жұбанышы мен қуанышы егіз деген осы шығар. Бар жамандықтың бәрі ескі жылда қалсын. Ескі жылға өкпе болмау керек дейді. Жаңа жыл әрдайым кемел келешекке деген сенімге, сәттілік пен қуанышқа толы болсын!
2019 жыл мен үшін қайғы сыйлаған да, қуанышқа кенелткен жыл болды. Себебі тәлімін беріп, тәрбиелеп өсірген, Қытай қазақтарының «Ән бұлбұлы» атанған аяулы анам Камал Қуанышқызы 90 жасында мәңгілік сапарға аттанса, Қазақ халқының ән әжесі Бибігүл Төлегенова 90 жасқа толып, елорда төрінде ел есінен кетпестей керемет кеш өткізді. Әрине, қазақтың бұлбұл әншісі Бибігүл апамыздың 90 жасында тамаша кеш өткізуі және онда өзі де ән салуы – еліміздің өнер мен мәдениет саласындағы айтулы шара. Бибігүл апамызға Аллам қуат берсін!
Төрт көзіміз түгел, еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын! Жаңа жыл береке мен ырыстың, татулық пен тыныштықтың жылы болғай! Елімізге құт, әр шаңыраққа бақыт әкелсін деп тілеймін!