Мерейімізді өсіргендер

Мерейімізді өсіргендер

Жаңа жыл қарсаңында «Айқын» республикалық қо­ғам­дық-саяси газетінің тілші­лері түрлі марапатқа ие болып, ұжым мерейін өсірді.


Мемлекет бас­шы­сы Қасым-Жо­март Тоқаев ұлттық жур­на­­листиканы да­мы­туға, мемлеке­тімізде жүргізіліп жатқан реформа­ларды на­сихаттауға қос­қан үлесі үшін басылымның фото­тілшісі Айтжан Мұрзановты «Ал­ғысхатпен» марапаттады. Айтжан ағамыз «Айқын» газетінде басылым ашылған 2004 жылдан бері еңбек етіп келеді. Фотосуреттері түрлі көрмелерге қойылып жүрген белгілі фотографтың еңбегін ел Президентінің елеуі – зор абырой.


Газетіміздің Алматы қаласындағы бюро­сы­ның жетекшісі Гүл­нәр Тәжиева Ақпа­рат және қо­ғамдық даму ми­нистрі та­ғайындаған «Ақпа­рат саласының үздігі» медалімен марапат­тал­ды. Гүлнәр Жұмабайқызы редакция ұжымында газет ашылғалы бері жемісті еңбек етіп жүр. Журналистік қызметінде салмақты сұхбаттарымен, журналистік зерттеулерімен, маңызды репортаж­да­ры­мен танылған әріптесіміздің қазақ журналистикасында өзіндік қолтаң­басы бар. Өзін ақпарат саласының үз­дігі екенін әлдеқашан дәлелдеген әріп­тесіміз бұл марапатқа әбден лайық.

 

Газетіміздің Түр­кістан облысындағы мен­шік­ті тілшісі Тельман Бейсен Түркістан об­лы­сы бойынша «Жылдың үздік жур­налисі» атанды. 2019 жылдың қоры­тын­дысы бойынша Түр­кістан облысының әлеумет­тік-экономи­калық дамуына үлес қос­қан салаларда ерекше еңбегімен көзге түскендер арасында Қазақстан Жур­на­листер одағының мүшесі Тельман Бей­сен де бар. Оның «Айқын» газетінде Түр­кістанды түлету бағытында жаңа об­лыстың тыныс-тіршілігі мен бола­шақ келбеті, әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен саяси орны, рухани-мә­дени салмағы және атқарылып жатқан жұмыстары туралы 300-ге жуық ма­қаласы жарияланған екен.

 

«Айқын» газетінің Атырау облы­сын­дағы меншікті тіл­шісі Тұрсын Қа­ли­мова облыстың «Жыл адамы» атан­ды. Тұр­­сын Жұма­бек­­қызы бірнеше жыл­дан бері облыстың қоғам­дық-саяси өміріне белсене араласып келеді. Ол Атырау халықаралық әуежайын Халық қаһарманы Хиуаз Доспанова есімімен атау жөніндегі идея авторы. Батыр қыздың күнделігін біріктіріп, «Хиуаз» кітабын жарыққа шығарды. Атырау әуежайына Хиуаз ескерткішін орнатуға мұрындық болды. Ол оты­зыншы жылдар зұлматында Нарын құмын жағалаған елді аштықтан аман алып қалған құмаршық өсімдігіне арнап орнатылған «Құрмашық дәні» композициясы» ескерткішінің авторы.

 

Ал Жамбыл облы­сын­дағы меншікті тіл­шіміз Ерман Әбдиев Жамбыл облысы әкі­мі Асқар Мыр­зах­метовтің «Об­лыс­қа сіңірген ең­бегі үшін» төсбел­гі­сі­мен марапатталды. Жам­был өңірінің тыныс-тіршілігі туралы тұщымды мақалаларымен танылған Ерман Қанжанұлының еңбегі де оң баға­ланды деп санаймыз.

Жаңа жылды сүйінші жаңалықпен қарсы алғалы отырған әріптестерімізді марапаттарымен шын жүректен құт­тықтаймыз!

 

«Айқын» газетінің ұжымы