Қытайда оқушылардың мектепке ұялы телефон әкелуіне тыйым салынды
Қытайда оқушылардың мектепке ұялы телефон әкелуіне тыйым салынды
5,111
оқылды

Қытайдың Білім министрлігі бастауыш және орта мектеп оқушыларына мектепке ұялы телефон алып келуге тыйым салды. Әкімшілік агенттіктің баяндамасына сәйкес, 18 жасқа дейінгі жастардың 74 пайызы интернетті смартфон арқылы қолданады.  Билік болса оның жасөспірімдерге кері әсер етеді деп есептейді. Сондықтан шектеу қою – жастардың көру қабілетін сақтап, сабаққа деген зейінін ашуға ықпал етеді.

"Бұл оқушылардың көру қабілетін сақтап, сабаққа деген зейінін ашып, оқу процесі кезінде интернетте отырып, ойын ойнамауы үшін, физикалық және психикалық дамуын күшейту үшін қабылданды", – делінген министрлік сайтында.

Министрлік жарлығы бойынша, ұялы телефонды тек сыныпқа емес, жалпы мектепке алып келуге болмайды. Қаулыға сәйкес, қажет болған жағдайда ата-аналар өтініш жазуы керек. Сонда ғана оқушы өзімен телефон алып жүре алады. Алайда оқушы бәрібір сабақ кезінде телефонын сақтауға арналған орынға қалдырып кетуі тиіс. Мұғалімдерге үй жұмысын телефон арқылы жіберіп, оқушыдан үйге берілген тапсырманы телефон арқылы орындауын талап етуіне тыйым салынды. Мектеп әкімшілігі оқушыларға телефонды қажет жағдайда ғана қолдануды түсіндіруі керек. Министрлік ата-аналарға баланың қызығушылығына мән беріп, олардың оқуға, спортпен және шығармашылықпен айналысуға деген ынтасын ашу керегін жеткізді.