Отшашуға балама бар

Отшашуға балама бар

Отшашу – ерекше әсер сыйлайтын, тамсандыратын дүние. Әлем халықтары мерекенің шырайын кіргізу үшін отшашудың түр-түрін таңдайды. Мысалы, Сидней 2000 жылғы жазғы Олимпиаданың жабылу құрметіне арналған отшашуға 2,3 миллион доллар жұмсады. Бұл тарихтағы ең қымбат фейерверк. Қытайлар 2001 жылы Шанхайдағы АТЭС саммитінің жабылу салтанатында 20 минут ішінде 2 миллион долларды «отқа» жақты. 1986 жылы Нью-Йорк Тәуелсіздік күнін, Лондон 2000 жылы жаңа жылды атап өту үшін отшашуға 1,5 миллион доллар төледі. Ал қазір бірді-екілі ел отшашудан бас тартып, экологияны бірінші орынға қойып отыр.

2018 жылы Бейжіңде, Шанхай мен Гуанчжоуда Жаңа жылда отшашуға тыйым салынды. Қытайдың ең ірі үш қаласындағы өзгеше бастама басқа қалаларға үлгі бола алды. Биыл бұл елдегі ірілі-ұсақты 800 қала фейерверксіз Жаңа жыл тойлауға дайын. Айта кетерлігі, Бейжің осымен үшінші жыл қатарынан жылдың басты мерекесін отшашусыз өткізеді.

Қытай билігі бұл шешімді жайдан-жай қабылдаған жоқ. Себебі 2015 жылы елде пиротех­ника қолданып, отшашу тама­шалаймын деген 79 адам қаза тапты. Осыдан соң билік адам шығыны мен фейерверктің зия­нын екшей келе, ірі қалаларда отшашуға тыйым сала бастады. Алдымен, Бейжің қаласы алғаш болып қызыл-жасылды оттан бас тартты. Биыл құзырлы орган Бей­жің аспанында отшашудың ор­нына дрон шоуын ұйымдас­тыр­мақ. Сәйкесінше, шара бюджетіне отшашудан көбірек қаражат жұм­салады. Десе де, көздің жауын алар дрон шоуы әсерлі әрі қа­уіп­сіз. Мұны олар әлемге әлдеқашан дәлелдеп берді. Пхенчхан қысқы Олимпиадасында Оңтүстік Корея 1 218 дрон ұшырып, 5 минуттық шоу ұйымдастырды. Қытай елі көп кешікпей Сиань қаласында 1 374 дронды 13 минут бойы әуеде ұстады. Көне қалашықта болған шоу қала тұрғындары мен турис­терге естен кетпес әсер сыйлады. Ерекше бастама Гиннес рекордтар кітабына енді. 2020 жылы Қы­тайда бұдан да ғаламат дрон шоуы жоспарда тұр. Бұл жолы олар дрон арқылы арнайы қойы­лым көрсетуі мүмкін.

Осы орайда, Қытай неге от­шашудан бас тартты деген сұрақ туады. Өйткені елдегі мегапо­листерде экологиялық жағдай мәз емес. Оның үстіне, отшашу мен пиротехникалық бұйым­дар­дан күкірт, тотық пен түрлі зиян­ды зат бөлінеді. Әрі аталған заттар адам ағзасына оңай енеді екен. Жоғарыдағы факторды саралай келе олар отшашуды дронмен алмастыруға шешім қабылдаған. Технология дамыған дәуірде жаңа дүниені сынап көруді жөн көрген. Бірі субұрқақтарынан шоу жасаймын деп әуреге түссе, Қы­тай көк аспанда қойылым қоюға дайындалып жатыр.

Осы жылы Эстония, Латвия мен Прага да жаңа жылды от­шашусыз қарсы алады. Эстония­ның Пярну, Ласнамаяэ қаласы­ның билік өкілдері отшашуды «ақшаны ауаға шашу» деп ба­ғалады. Оған қоса табиғатқа, жа­нуарларға зиян екенін айтады. Жылдағы отшашу құны қала үшін 4 мың евроға түседі. Биыл ұйым­дастырылатын түрлі-түсті лазер шоуына бұдан да көп қаржы бө­лінеді. Қала басшылары TVNET-ке берген сұхбатында шоу қым­бат­қа түссе де, табиғат ананы қор­ғау мен қала тыныштығына жауап беру бірінші орында екенін айтқан.

Мұндай шешім туралы Лат­вия­дағы Сигулда қаласы да ой­ланып жүр. Елдегі Лиепая, Рига, Даугавпилс те отшашусыз жаңа жыл ұйымдастыруға қарсы емес. Фейерверкті жақсы көретін қала тұрғындарының бар екенін еске­ріп, қала билігі сауалнама жүр­гізуді қолға алған. Өйткені бір ғана Сигулда бірнеше мың халық отшашуды тамашалау үшін орта­лық алаңға жиналады. Осы көрі­ністі тамашалау үшін елдің басқа аймағынан Сигулдаға ағыла­тын­дар бар. Егер жұрт «ақшаны ауаға шашудан» қашса, Латвия қуана-қуана ескі жылды отшашусыз шығарып салуға дайын.

Латвия ел пікірімен санасамыз десе, Чехия отшашуға бірден ты­йым салды. Ел астанасында биыл түрлі-түсті отсыз өтеді. Прагада 1 қаңтарда ұйымдастырылатын дәстүрлі жаңажылдық фейер­верк­тер бейнепроекцияға ауыс­ты­рылады. Қала басшылығы мұ­ны шуға сезімтал адамдарға, сон­дай-ақ жабайы және үй жа­нуарларына көрсетілген көмек ретінде қарастырды.

Прага мэрі 2019 жылды отша­шусыз қарсы алуды ойлағанымен, жоспары 2020 жылы ғана іске аспақ. Өйткені 2018 жылы от­ша­шудың ақысы төленіп, ұйым­дастырушылар келісімшартқа алдын ала қол қойып қойған. Сондағы жаңажылдық фейерверк 10 минутқа созылып, құны ша­мамен 74 мың АҚШ долларын құрады. Ал биылғы бейнепроек­цияның бағасы қымбат – 87 мың доллар. Мұның өзі болжам жасалған баға.

Әкімшілік әзірге бейне-шоуды өткізу орнын белгілемеді. Бірақ Прага халқын таң қылатын шоудың мазмұны мен жоспары дайын екен. Соңғы кезде мұндай шоу әлемнің көптеген қаласында сұранысқа ие. Сондықтан Прага жұрты сиқыр мен ертегі үйлесім тапқан шоуды тамашалауға дайындала бергені жөн.

Иә, әлем елдері экологияны қорғауды шындап қолға алды. Бірі дрон ұшырып, енді бірі бейнешоу ұйымдастырып жатыр. Кейбірі қылқанжапырақтыларды қорғау мақсатында пластик бө­телкеден шырша жасады. Ливан­ның Чекка қаласында тұрғындар 129 мың бөтелкеден биіктігі 28,5 метрлік шырша орнатып, Гиннес­тің рекордтар кітабына кірді. Бас­тама көтерген Кэролайн Чап­тини мамыр айында Чекка жұр­тына пластик бөтелкені таста­ма­уын, арнайы орынға өткізуін өтінген. Нәтижесінде, еріктілер «Тас­тама, жина» акциясын ұйым­дастырып, 129 мың бөтелке жи­наған. Экологияға пайдалы әрі көз жауын алатын шырша қазір Чекканың орталық алаңында тұр. Жаңажылдық қарбалас аяқталған соң, Чаптини бастаған еріктілер пластик бөтелкені қайта өңдеу зауытына өткізеді.

Ал Литваның Вильнюс әуе­жайында ерекше шырша пайда болды. Әуежай қызметкерлері ты­йым салынған заттардан шыр­ша жасап шыққан. Ұшаққа алып кіруге болмайтын бірнеше заттан тұратын шыршаның биіктігі 1,5 метр. Оны жасауға қайшы, пы­шақ, оттық тәрізді 200-ге жуық бұйым қолданылған. Қызмет­кер­лер бұл жай ғана шырша емес, жолаушыға нені алып жүруге болмайтынын еске салар белгі екенін айтады.


Айзат АЙДАРҚЫЗЫ