Жыл оқиғасы 2019

Жыл оқиғасы 2019

Биыл еліміз саяси және экономикалық, әлеуметтік оқиғаға толы болды. Олардың әрқайсысы ел өмірінде маңызды рөл атқаратын шешімдер қабылдауға сеп болды. Міне, сол жағдайларды еске алмақшымыз....


Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігін тоқтатты




19 наурыз күні Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекет басшысының өкілеттігінен бас тартты.

«Мен президент ретіндегі өкілеттілігімді тоқтату туралы шешім қабылдадым» деп, Нұрсұлтан Назарбаев республикалық телеарналардың эфирінде халыққа сөз сөйлеген болатын.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елді 30 жылдай басқарып, 1990 жылдан бастап президенттікке 5 рет сайланды.

 


Қасым-Жомарт Тоқаев ел Президенті болып сайланды


23 сәуірде Nur Otan партиясының XIX съезінде Нұрсұлтан Назарбаев президенттікке кандидат – Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынды. Сөйтіп, 9 маусымда Президент сайлауы басталды. Оған барлығы жеті кандидат қатысты: Қасым-Жомарт Тоқаев; Мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков; Мәжіліс депутаты Дәния Еспаева; қоғам қайраткері, журналист Әміржан Қосанов; Ұлттық ауылшаруашылық ғылыми-зерттеу орталығы басқармасының төрағасы Төлеутай Рақымбеков; жазушы Сәдібек Түгел; Батыс Қазақстан облысы кәсіподақтар аумақтық бірлестігінің төрағасы Амангелді Таспихов.

Нәтижесінде, Орталық сайлау комиссиясы ресми түрде Қасым-Жомарт Тоқаевты президент сайлауының жеңімпазы деп жариялады. Президентті ұлықтау рәсімі 12 маусымда өтті.

 


Бес қыздың өмірін қиған өрт


Жылдың басында, ақ­пан айының 3-нен 4-іне қараған түні Көк­тал­да өрт болды. Сонда пә­тер жалдап тұратын жер үйде бес бала ті­рі­­дей өртеніп кетті. Үл­кен баланың жасы – 13-те, ал кішісі 3 айлық еді. Құтқарушылардың ай­туынша, өртенген жер­ бар-жоғы 30 шар­шы метр ғана. Бірақ ша­тырдың құлауынан өрт өршеленіп кет­ті. Өрт­тен кейін құтқару­шы­лар бес баланың мәйітін алып шыққан.

Осы оқиғадан соң Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова қыз­­­­метінен кетті.

 


Ұшақтың құлауы



27 желтоқсан күні таңертең Bek Air әуе компаниясының Fokker-100 ұшағы Алматы әуежайы маңында апатқа ұшырады. фара­сында Украинаның екі, Қырғыз республикасының бір, Қы­тай­дың бір азаматы болды. 15 адам көз жұмды. Арасында эки­паж командирі де бар.

 


Арыстағы жарылыс


24 маусым күні Арыс қаласында орна­лас­­қан №44856 әскери бөлімнің қоймасында өрт шығып, оқ-дәрілер жарылды. Түр­кістан облысының әкімдігі аймақта төтенше жағ­­­дай жария­лады. 45 мың тұрғыны бар Арыс қаласы эва­куа­ция­ланды. Осы жағ­дай­дың сал­дары­нан төрт адам қайтыс болды. 400-ден астам адамға ме­дициналық көмек көр­сетіліп, оның 82-сі ауру­ханаға жатқызылды. 7,7 мыңнан астам үй бүлініп, 49-ы жарамай қал­ды. Арыс тұрғындары 28 маусымда үйлеріне оралды.

 


Халықтың несиесі кешірілді

26 маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұйрығымен аз қамтылған отбасылардың несиесі кешірілді. Үкімет олардың кепілсіз тұтынушылық қарыздарын төлеу үшін 110 миллиард теңге бөліп, әр азаматтың 300 мыңға дейінгі қарызы төленді.

 


9 000 жас баспаналы болады

2019 жыл – Жастар жылы ретінде есте қалды. Жастар жылы қандай ерекшелігімен есте қалды десек, еліміздің ірі қалаларында жұмысшы жастарға 9 мың пәтер беру туралы шешім қабылданғанын айтуға болар. Оны жалға алу құны айына 15 мың теңге ғана болады. Алғашқы пәтерлерге сертификат тапсырылды да.

Сондай-ақ Жастар жылында 5 мың азамат мемлекеттен грант алып, жас кәсіпкер атанды. Алдағы 3 жылда олардың саны 30 мыңға дейін көбейеді. Бұдан бөлек, 10 мың жас бизнесмен шағын несиенің арқасында өз өндірісін кеңейтті.