Желіде тараған жыл сөзі
Желіде тараған жыл сөзі
117
оқылды

Күнтізбелік жылнаманы жа­батын кез де келді. Әлемнің көп­теген елінде жыл ішінде ай­тылған, есте қалған кілт сөздер мен ерек­ше пікірлерді таңдау арқылы сол жылды қорытынды­лай­тын қызық дәстүр бар. Ол таңдау БАҚ-та жарияланған және энциклопе­диялық сөздікке енген немесе әлеуметтік желіде тарал­ған жаңа сөздер негізінде жа­са­лады.

Мәселен, британдық Оксфорд сөз­дігі 2019 жылы ең көп қолданған сөз деп «климаттық төтенше жағдай» тіркесін таңдапты. Расында да, биыл климаттың өзгеруі, ғаламдық жылыну мәселесі ең көп қозғалған проблема­ның бірі болды. 16 жастағы швед оқу­шысы Грета Тунберг БҰҰ-ның сам­митінде экологиялық апат туралы сөз сөйлеп, әлем жұртшылығының на­зарын аударды. Осылайша климаттың ахуалы мектеп оқушыларының да негізгі тақырыбына айналды.

Ал америкалық Уэбстер сөздігі «олар» (they) есімдігін жыл сөзі деп таныса, Financial Times Гонконг қала­сындағы наразы топтың ұранына ай­налған «Су бол» (Be water) сөзін жыл­дың үздігі деп жариялады. Орыс тілі институты «өрт» сөзін алыпты, сөз жоқ Сібір орманындағы алапат өрт биыл Ресей тұрғындарын алаңдатқан зауалдың алды болғаны анық.

Біздің ел үшін жаппай қолданған жыл сөзіміз қандай болғанын тап басып айту қиын. Себебі елімізде ар­найы бір институт немесе энциклопе­дия­лық сөздік жыл сөзін таңдаумен, анықтаумен айналыспайды. Тек әлеу­меттік желі арқылы тараған, тал­қы­ланғанына қарап топшылауға тура келеді. Әлеуметтік желіде көп айтып, жиі жазған, үйде отырып елеңдескен сөзіміз, сірә «митинг» болса керек.

Дегенмен 2019 жылы шенеу­нік­тердің аузынан аңдамай шығып кет­кен, интернет арқылы жылдам тарап, талқыға түскен қисынды, қисынсыз сөздер жетерлік. Солардың есте қа­лар­лық ерекшелерін түгендеп көрдік.


МӘДИНА ӘБІЛҚАСЫМОВА ЖӘНЕ
«АНА КАПИТАЛЫ»

Мадина.JPG

Биыл қазақ­стан­дық­тар бұрынғы Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрі Мәдина Әбілқасымованың көп­балалы аналарға тө­ленетін төлемдер туралы айтқан сөзіне наразы болды.

Әбілқасымова атал­ған қызметке бұ­рын­ғы министр «шаршап», елдегі әлеуметтік мә­селе ушығып тұрған кезде келді. Ақпан айының басында елордадағы жеке тұрғын үй өртеніп, бір отбасының бес қызы жанып кетті. Шиеттей бес баланың ата-анасы түнгі ауы­сымда жұмыс істеп, балалар қараусыз қалған. Осы қайғылы оқиғадан кейін қа­зақстандықтар, әсіресе көпбалалы аналар министрдің отставкаға кетуін талап етіп, көп балалы отбасына мемлекеттік қолдауды күшейту қажетін сұраған. Мәдина Әбілқасымова әуелгіде өз атына келіп түскен барлық өтінішті қарауға уәде беріп, елдің ыңғайына жығыла сөйлегенімен, БАҚ өкілдері арқылы министрлік жұмысына түсіндірме жасап отырып, сәтсіз мәлімдеме жасады. Министр басқа елдерде «Күміс алқа» және «Алтын алқа» сияқты ұғымның жоғын айтып, «Басқа елдерде бұл іс жүзінде жоқ. Егер осы уақытқа дейін бө­лініп келген ақшаны санасақ, бірнеше миллиондаған қаржы болар еді», – деді. Аңдамай сөйлеп, көпшіліктің сынына ұшыраған министр осылайша елдің әлеуметтік жағдайынан хабарсыз екенін білдірді. Абай атамыздың «Аз білгенін көпсінсе, көп қазаққа епсінсе, кімге тиер панасы?» дегені осындайда айтылса керек.

Айтқандай, жоғарыдағы ауыр қаза тұсында Мәдинаның орынбасары Светлана да сыр алдырғаны есте. Әлеуметтік мәселелер туралы өтіп жатқан брифингтің бірінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыповаға журналистер «Ата-аналар не себепті түнгі кезекшілікте жұмыс істеуі керек?» деген сауал қойған. Лауазымды тұлға «Бұл – олардың таңдауы» деп айтып қалды.

Ұзамай министр қызметінен кетті. М.Әбілқасымова жақында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы болып тағайындалды. Ал С.Жақыпова қызметінен жуырда ғана босатылды, қай қызметке барғаны айтылмады.


«ЖЫНЫМДЫ КЕЛТІРМЕҢІЗШІ»

Серік.JPG

Биыл журналистердің сұрағы ең көп «жынына» тиген шенеуніктің бірі – Ұлт­тық экономика вице-министрі Серік Жұман­ғарин болғандай. Ол тариф жайындағы сұраққа шамданып, дәл қазір басқа та­қы­рыпқа сөйлегелі тұрғанын, тариф туралы білгісі келген журналиске арнайы келуін айтып, бар ашуын сыртқа шығарды. Жұманғариннің «жынымды келтірмеңізші» деген сөзі желіде желдей есті.

Дегенмен көп ұзамай вице-министр БАҚ өкілдерінен кешірім сұрап, баспасөз қызметі арқылы сәлем жолдады. Ведомствоның баспасөз хатшысы оның «Мен журналистермен қатты сөйлескеніме өкінемін. Менің сөйлесу формам қолайсыз болғанын мойындаймын. Сондықтан мен журналистерден ресми түрде кешірім сұраймын. Сұхбатта айтқанымдай, мен журналистердің сұрақтарына жауап беруге дайынмын», – деген сөзін жариялады.

 

«МЕМЛЕКЕТКЕ ТІЗЕРЛЕП ТҰРЫП
АЛҒЫС АЙТУ КЕРЕК»

Бажко.JPG

Иә, Қазақстанда әлеу­меттік тақырып ту­ралы сөйлесе аузынан «қағынатын» шенеунік көп. Қыркүйектің 3-і күні Қа­зақ­стан халқы Ассамблеясының отыры­сында Мәжіліс төра­ға­сының орынбасары Владимир Божконың пікірі де сол тараптан шықты.

Божконың «елде үш жылдың ішінде әлеуметтік көмек 17 есе өскен, сол үшін мем­лекетке тізерлеп алғыс айту керек» де­ген сөзі қоғамда қатты сынға ұшырады. Сол жолы В.Божко адамдар жұмыс істемей, «бәрін бер» деп шыға келетінін айтып, ондай адамды «стойлоға» (мал қорадағы орын) қоятын қоғам пікірі болу керек деп сөйлеген болатын. Мәжілісменнің сөзі елдің наразылығын тудырып, қоғам өкілдері оның халықтан кешірім сұрауын талап етті. Алайда Божко бұл сөзі үшін кешірім сұраған жоқ. Тек ешкімді ренжіткісі келмегенін айтып құтылды. «Менің сөздерім масылдық туралы болды. Мен мұнымен ешкімді ренжіткім келмеді», – деді ол.

 

Дайындаған Бауыржан БАЗАР