Жаһан жұрты қайда барады?

Жаһан жұрты қайда барады?

Туризм агенттіктерінің хабарлауынша, жаңа жылды қарсы алуға Қазақстаннан мыңдаған жолаушы шетелге аттанады. Оливье салатынан, мандариннен, жаңажылдық фильмдерден, сағат түнгі он екіні соққанда Мемлекет басшысының тілегін тыңдап, отшашу тамашалаудан жалыққан жерлестеріміз көбінесе Хайнань, Малайзия, Гоа, Таиланд пен Біріккен Араб Әмірліктеріне барады екен. Әрине, қалтасы көтеретіндер ғана. Ал жалпы әлем жұртшылығы қай жерді таңдайды?

Скандинавия. Скандинавия түбегінде Аяз атаны Йоулу Пукке деп атайды. Бұл фин тілінен ау­дарғанда «Жаңажылдық ешкі» деген мағына білдіреді. Сон­дықтан Скандинавия елдерінде ашық хаттар мен кәдесыйларда сәнделген ешкінің суреті бей­неленеді. Алты ай қыс жататын өлкеде жаңа жылды кез келген жерде қарсы алуға болады. Па­ром, қонақүй, мейрамхана, түнгі клуб, қала сыртындағы кот­тед­ж­дерде ойын-сауық бағ­дарла­ма­лары ұйымдастырылады. Ел көремін, жер көремін деушілерге арнайы экскурсиялар жоспар­ланған. Шопингке де көп же­ңілдік бар.

Чехия. Чехияда жаңа жылды қарсы алсаңыз, естен кетпес ерек­ше әсерге бөленесіз. Чех хал­қы қос мерекені – Сильвестр әулие күні мен жаңа жылды ду-думанмен, у-шумен атап өтеді. Кейбір туристер арнайы яхтаны жалға алып, Влтава өзеніне круиз жасайды. Сол жерден Пра­ганың көркіне көз суарады. Пра­ганың Старомест алаңына жи­нала­тын жұрттың да қарасы мол. Қо­ңырау соғылған соң адамдар құшақ­та­сып, бір-бірін құттық­тап, билеп, ән шырқайды. Содан кейін Яна мүсініне қол тигізеді. Ол арман-тілекті орындайды-мыс.
500 000 теңгеге татитын де­малыс.

Мысыр. Египетте 31 желтоқ­саннан 1 қаңтарға қараған түні жаңа жылды тойлау дәстүрі етек алмаса да, туристер мерекесіз қалмайды. Ең таңдаулы қона­қ­үй­лер мен мейрамханалар ойын-сауық бағдарламасын ұйым­дастырып, таны­мал жұлдыз­дар­ды шақырады. Қызыл теңіз жа­ғасындағы демалыс орын­да­рында анимациялық қойы­лым­дар мен би кештерін ұсынады. Египетте кез келген адам су ас­тында жүзу өнерін оңай меңгеріп кете алады. Сондай-ақ Ніл өзе­ніне саяхат жасауға болады. Өзен жағасындағы көне ескерткіштер мере­келік көңілді көтере түседі.

Таиланд. Сиам егіздері мен көгілдір көзді сиам мысықта­ры­ның отаны бір ғасырдан бері әлем халқын магнитше тартып келеді. Бір барған адам тұрақты қонаққа айналады. Таңғажайып пат­шалықтың құпиясы неде? Біріншіден, аса бай мәдени мұра, өнер, сәулет ес­керт­кіштері, екіншіден, жергілікті жұрт­тың жарқын жүзі, ашық мінезі, шуға толы көше базарлары, ертегі­дегідей ескі қалалар, заманауи қонақүй­лер, сервис­тің жоғары деңгейі, өрке­ниеттен қалыс қал­ған тайпалар, алып мұхит және тамылжыған табиғат... Сол се­бепті жаңа жыл есік қаққанда көпте­ген адам қақа­ған аяздан, күйбең тір­ші­ліктен қашып, Таиландты жағалайды.

Үндістан (ГОА). Гоадағы ме­реке 25 жел­тоқсанда басталады. Орталық көше­лерге сарғыш жа­лаушалар ілінеді, ал түнде үй­лердің шатырында шырақ жағы­­лады. Жаңа жылдың басты ны­шаны – боялған ағашты немесе жасанды қарақшыны өртеу. Адамдар оттан секіріп, ерлер мен әйелдер күш сына­сады. Үнділер лакшми анадан байлық, Камадан махаббат тілейді. Үндістанда бұл кезде ауа температурасы +15 градус­тан түспейді. Саяхатшылар жанға жайлы ауа райында кар­навалдар мен мерекелік іс-ша­раларға қатыса алады.

Біріккен Араб Әмірлігі. БАӘ жеті бірдей эмираттан тұрады. Олар: Әбу-Даби, Дубай, Шард­жа, Фуджейра, Ум-Әл-Кувейн, Рас-әл-Хайм және Аджман. Жетеуі де бірінен-бірі өткен әдемі. Ме­реке қарсаңында ауа райы бір қалыпқа түседі. Сон­дықтан ыстықтан қорық­пауы­ңызға болады. Туристер жаңа жыл түнінде құм үстінде шаң­ғымен сырғанап, көшпелі бә­дәуилердің шаңырағында қонақ болады. Қарды қажет етсе, Ду­байға сапар шегеді. Қаланың қақ орта­сына алып тау-шаңғы ке­шені салынған.

Доминикан Республикасы. Жаңа жыл түнінде Кариб теңі­зі­нің жағалауы от­шашудың ас­тын­да қалады, көшелерді әсем әуен әлдилейді. Доминикан мей­ман­дарын экзотикалық тағамдар мен кө­ңілді карнавалдар, ай жұл­дызы жы­мыңдаған ашық аспан астында түнгі би кештері күтеді. Серфинг пен дайвингке құмар қауым Самана бұғазын­дағы киттерді тамашалайды. Он­дағы қо­нақүйлерде бос орын бола бермей­тін­діктен, ертерек қам­данған дұрыс.

Индонезия (Бали аралы). Индо­незияға саяхаттап бар­ған­дар Марко Поло, Фернандо Магелан мен Джеймс Куктың ізімен жүреді. Тұмса табиғат, тропика­лық климат, өзендер, ақ құмды жағалаулары мерекенің көркін кіргізіп, Жаңа жылда адам­ның бойына күш-қуат құя­ды. Ин­донезияда бес күн той­ла­натын Жаңа жыл жергілікті ғиба­дат­ханалардан басталады. Одан кейін халық Ньепи, Нгем­бак ме­рекелерін атап өтеді. Адам­дар бұл кезде бір-біріне қо­наққа барып, өткен-кеткен кемші­лік­тері үшін кешірім сұрайды.

Мальдив аралы. Жаңа жылды у-шу­сыз қарсы алғысы келе­тін­дер Мальдив аралын таңдайды. Онда кокос пальма­ларының ара­сында серуендеп, таза мү­йістерге шомылып, суасты өмі­рін зерт­теп, жаңа піскен тро­пи­калық жеміс­тер­дің дәмін татады. Алқаракөк аспан, ыс­тық құм, шырақ жағыл­ған дастарқан­дар мерекенің ажарын ашып, естен кетпес ерек­ше әсерге бөлейді. Жаңа жыл­да spa салондар да едәуір жеңілдік жасайды екен.

Әрине, жаңа жыл – отба­сы­лық мей­рам. Бұл түсінік сана­мыз­ға мықтап бе­кіген. Дегенмен шешім қабылдау әркім­нің өз ер­кінде. Жаңа жыл бақыт әкел­сін!


Ерсайын БАҒДАТ