2019 жылдың негізгі сандары

2019 жылдың негізгі сандары

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап АЭК 2 525 теңге.

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы 42 500 теңгені құрады.

19 наурызда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев республикалық арналардың эфирінен өз өкілеттілігін тоқтататыны туралы хабарлады.

1 сәуір күні АӘК алу көрсеткіші күнкөріс минимумының 70%-на дейін көтеріліп, 465,5 мың отбасы немесе 2,1 млн адам мемлекеттен жәрдемақы алды. Оның 53% көпбалалы отбасылар. Бюджеттен әлеуметтік көмекке 245 млрд теңге бөлінді.

9 маусым күні өткен президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаев 70,96% дауыс жинап жеңіске жеткен болатын. Инаугурация 12 маусымда өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев 12 маусымда Президент жанынан Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру бойынша Жарлыққа қол қойды. Құрамына 44 адам мен 3 құқық қорғайтын омбудсмен кірді. Кеңес қажет болған кезде отырыс жасайды. Бірақ жиын жылына, кем дегенде, үш рет өтуі керек. Биыл Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі екі рет шақырылды.

24 маусым күні Түркістан облысының Арыс қаласындағы әскери қалашықта оқ-дәрі қоймасында жарылыс болды. Төрт адам көз жұмды, оның ішінде бір бала, бір азамат және екі әскери бар.

26 маусымда Қазақстан Президенті Үкімет пен Ұлттық банкке әлеуметтің осал тобының 300 мың теңге көлеміндегі кепілсіз тұтынушы несиесін кешіруді тапсырды. Басқа азаматтардың несие қарыздары­ның айыппұлдары мен өсімдерін алып тастау тапсырылды. Аталмыш шара бойынша 500 мың қазақстандық рақымшылыққа ілінді. Қарызын өтеуге бюджеттен 105 млрд теңге бөлінді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұйрығымен 2019 жылдың 1 қыркүйегінен бастап студенттердің шәкіртақысы 15 250 теңгеден 30% өсіп, 21 787 теңгеге жетті. Сондай-ақ Президент тапсырмасымен көпбалалы отбасыдан шыққан студенттерге арналған 5 000 грант бөлінді.

Биыл қазақстандықтар салық рақымшылығы аясында 32 млрд теңгеге жуық салық қарызын төледі, 9 млрд теңге өсімпұл есептен шығарылды.

Биыл ЖІӨ өсімі он айдың қорытындысы бойынша 4,4% құрады, жалпы мәнде көрсеткіш 44,1 трлн теңгеге жетті.

2019 жылдың он айында теңге бағамы бір АҚШ долларына 377-390 теңге көлемінде өзгерген. Жыл басынан бастап ұлттық валюта құны 2,5%-ға төмендеген.

Қазақстан экспорты 4,5% қысқарып  47,7 миллиард долларды құрады. Бұл бүкіл тауар айналымының 60,4%. Былтыр бұл көрсеткіш – 50 миллиард доллар немесе 65,1% болған.

Қазақстан жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі бойынша 141 елдің ішінде 55-орынға жайғасты.

АХҚО 2019 жылы Қазақстанға жалпы көлемі 130 млн доллар инвестиция тартты. Биыл бұл орталық 35 елдің 350 компаниясымен серіктестік орнатты. Бүкіләлемдік қаржы орталықтары рейтингінде 104 қатысушының арасында 51-орынды иеленді.


Дайындаған
Серік СЕЛЕУБАЙҰЛЫ