Алматыда Жаңа жыл қарсаңында пиротехникалық заттарды сату фактілерін анықтау үшін арнайы рейдтер жүргізіліп жатыр. Бұл туралы қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы хабарлады.
Алматыда 30 желтоқсан күні 13 базар, 7 ірі сауда және ойын-сауық орталығы мен «Magnum» супермаркеттері және «Кенжехан» базарларына рейд жүргізілді.
«Рейд барысында пиротехникалық өнімдерді заңсыз саудалап жатқан 59 сауда нүктесі анықталып, 250 дана пиротехникалық өнім тәркіленді», – деп хабарлады басқармадан.
Пиротехникалық заттарды сату ережелерін сақтамаған құқық бұзушыларға қатысты 4 хаттама толтырылды. 204 заңсыз сауда нүктелерінің мекенжайы жергілікті полиция қызметіне жолданды. Сондай-ақ, шара барысында заңсыз кондитерлік өнімдерді сатып жатқан 10 сауда орны анықталды.
Барлық сатушылар мен тұтынушыларға мамандар түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Пиротехникалық бұйымдарды дұрыс пайдалану ережесі жазылған 875 брошюра таратылды. Рейд кезінде снюс пен энергетикалық тәттілер анықталған жоқ. Рейд жалғасуда.