АҚШ Орталық Азия бойынша жаңа стратегия ұсынуы мүмкін – саясаттанушы
АҚШ Орталық Азия бойынша жаңа стратегия ұсынуы мүмкін – саясаттанушы
5,142
оқылды

Қазақстандық саясаттанушы Қазбек Майгелдинов АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Нұр Сұлтанға сапарында қандай мәселелер талқыланатынын айтты, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазбек Майгелдиновтің айтуынша, Орталық Азия мәселелері бойынша АҚШ стратегиясының форматы бірқатар өзгеріске ұшыраған.

«Қазіргі уақытта АҚШ-та Орталық Азия бойынша ашық және нақты стратегия жоқ. Барак Обаманың кезінде АҚШ Мемлекеттік хатшысы Джон Керри бастаған форматтардың бірі – C5 + 1 (Орталық Азияның бес мемлекеті және АҚШ). 2015 жылы Джон Керридің Орталық Азияның барлық елдеріне алғашқы туры ұйымдастырылып, стратегия өз жұмысын бастады. Алайда, Ақ үйдің басшысы ауысқаннан кейін, яғни Дональд Трамптың келуімен бұл формат біршама әлсіреді», – деп атап өтті Қ.Майгелдинов.

Саясаттанушы АҚШ Орталық Азияға қатысты жаңа стратегияны ұсынуы мүмкін екенін және оны 2020 жылы әзірлеу жоспарланып отырғанын топшылайды.

«C5 + 1 форматы 2015 жылы басталды және 5 жылдан кейін, яғни 2020 жылы АҚШ Мемлекеттік хатшысының Орталық Азияға кезекті сапары жоспарланған. Бәлкім, жаңа стратегия күтуіміз керек шығар. C5 + 1 өз тиімділігін көрсете алмады, өйткені онда нақты нұсқау мен бағыт-бағдар болған жоқ. Алдағы сапар қарсаңында АҚШ-тың Орталық Азияға қатысты қандай да бір стратегиясы ұсынылуы мүмкін. Бұл сапардың басты маңыздылығы да осы. Неліктен стратегияға баса назар аударып отырмын? Биылғы маусым айында Еуропалық Одақ Орталық Азия бойынша жаңа стратегия қабылдады. Бұл құжатта Орталық Азия елдерімен ынтымақтастықтың барлық негізгі бағыттары көрсетілген», – деді ол.

Айта кетейік, 2020 жылғы 5 қаңтарда АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майкл Помпеоның Нұр-Сұлтан қаласына сапары жоспарлануда. Сапар аясында оның мемлекет және сыртқы саяси ведомство басшылығымен кездесулері қарастырылған.