Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктеріне сапармен барды. Мемлекет басшысы Абу Дабидің тақ мұрагері, шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен кездесті. Қазақстан басшысын ресми қарсы алу салтанаты Әл-Уатан сарайының алдында өтті. Рәсім барысында Қазақстанның туы көтеріліп, екі мемлекеттің ұлттық әнұраны орындалды.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен шейх Мұхаммед Заид Әл Нахаян сәлемдесіп, бір-біріне ілтипат білдіргеннен кейін Құрметті қарауыл ротасын аралап өтті. Екі елдің ресми делегация мүшелері таныстырылған соң, Мемлекет басшысы Құрметті қонақтар кітабына тілек жазып қалдырды.
Қарсы алу рәсімі аяқталысымен, Қазақстан Президенті мен Абу Дабидің тақ мұрагері келіссөз жүргізді. Тараптар екіжақты қарым-қатынасты жандандыруға, экономикалық серіктестікті кеңейтуге баса назар аударды.
– Біріккен Араб Әмірліктеріне келгеніңізге қуаныштымын. Әмірліктер басшысының атынан Сіздің сапарыңызға табыс тілеймін. Сонымен қатар жақын досымыз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа сәлем жолдаймыз. Қазіргі уақытта елдер арасындағы екіжақты қатынас жоғары деңгейде дамып келеді. БАӘ Қазақстанмен өзара ықпалдастықты нығайтуға ерекше көңіл бөледі. Мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастық жан-жақты дамуда, – деді шейх Мұхаммед.
Мемлекет басшысы қонақжайлылық танытқаны үшін оған ризашылығын білдіріп, Қазақстан Президенті ретінде араб әлеміне жасаған алғашқы сапарын Біріккен Араб Әмірліктерінен бастап отырғанын атап өтті.
– Екі ел арасындағы қарым-қатынас тарихының тамыры терең. Бізді шынайы достық, өзара сенім мен түсіністік байланыстырады. Сондықтан қарым-қатынасымыздың келешегі зор. Сапарымның негізгі мақсаты –
екі мемлекеттің ынтымақтастығына тың серпін беру. Біз үлкен жетістіктерге қол жеткіздік, бірақ бір орында тоқтап қалуға болмайды. Алға жылжуымыз керек. Мен осы сапарға ерекше мән беремін және үлкен үмітпен қараймын, – деді Қ.Тоқаев.
Кездесу барысында мұнай-химия, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, қаржы және инвестиция салаларындағы өзара іс-қимылдар мен ынтымақтастық мәселелері қарастырылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі мемлекеттің де маңызды тарихи кезең алдында тұрғанын, келесі жылы Әмірліктердің құрылғанына 50 жыл, Қазақстанның Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толатынына екпін түсірді.
Кездесу соңында тараптар қол жеткен уағдаластықтарды рәсімдейтін құжаттарға қол қойды. Нақтылай кетсек, еліміздің Энергетика министрлігі мен БАӘ Энергетика және өнеркәсіп министрлігі Мұнай-химия өнеркәсібі саласындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум, Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі мен БАӘ экономика министрлігі, сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығының Қаржылық қызмет көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті мен БАӘ Орталық банкі өзара түсіністік туралы меморандумдар бекітті.
Жалпы, екі ел арасындағы қарым-қатынастың жоғары деңгейін куәландыратын деректер бар. БАӘ басшылығы Қазақстан ұйымдастыратын бірде-бір халықаралық ірі іс-шарадан қалмай, барлығына қатысады. Қазақстан басшылығы да бұл елге жиі сапарлайды. Мысалы, 2019 жылғы наурызда Әмірліктерде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен болып қайтты.
Бұдан бөлек, екі мұсылман мемлекеті ғарышты игеру саласында тығыз ынтымақтасуда. Қазіргі кезде «Союз» ұшыру кешенін жаңғырту арқылы «Байқоңыр» ғарыш айлағында ғарыштық зымыран кешенін құру жобасы іске асырылып жатқаны белгілі. Әлемдік ұшыру қызметтері нарығында сұранысқа ие болады деп бағаланған ірі жобада Қазақстанның Ресейден өзге серіктесі Біріккен Араб Әмірліктері болып отыр.
Қазақстан Президенті Abu Dhabi National Oil Company мұнай компаниясының бас директоры Сұлтан Ахмед Әл Джабермен кездесті. ADNOC компаниясы – БАӘ-дегі «қара алтын» мен «көгілдір отын» өндіретін көшбасшы, ал әлем бойынша төртінші орындағы кәсіпорын. Оның мұнай қоры шамамен 100 миллиард баррельге тең. Кәсіпорын күніне 2,4 миллион баррельге дейін мұнай өндіреді.
Кездесу барысында тараптар әлемдік нарықтағы мұнай мен газ өндірісіне қатысты ахуал туралы пікір алмасып, бұл сала Қазақстан мен Әмірліктер экономикасының негізін құрайтынына тоқталды.
Мемлекет басшысы еліміз көмірсутекті терең өңдеуге басымдық беретінін, осыған байланысты Қазақстанда мұнай-химия саласындағы жобаларды дамытуға қолайлы жағдай жасалғанын жеткізді.
– Қазақстанда мұнай-химия саласы дамып келеді. Алдағы уақытта компанияңызбен осы бағытта бірлесіп жұмыс істеуге ниеттіміз, – деді Қ.Тоқаев.
Президент сондай-ақ Al Nowais Investments компаниясының басқарма төрағасы Хуссейн Әл Новейспен кездесу өткізді. Осы елде ғана емес, бүкіл Таяу Шығыс аймағындағы ең ірі инвестициялық ұйым саналатын Al Nowais Investments бүгінде көп салалы бизнес жүргізіп отыр. Оның жылдық айналымы 1 миллиард доллардан асады.
Хуссейн Әл Новейс Қасым-Жомарт Тоқаевқа өнеркәсіп, энергетика, инфрақұрылым, денсаулық сақтау және тағы да басқа салалар бойынша атқарып жатқан жұмыстары жайлы мағлұмат берді.
Мемлекет басшысы жаңғыратын энергия көздеріне инвестиция салып, бұл саланы ілгерілету үшін Қазақстан 2013 жылдан бері жасыл экономикаға өту тұжырымдамасын жүзеге асырып жатқаны туралы айтты. Сондай-ақ елімізде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша көптеген жобалардың қолға алынғанын, 2025 жылға дейін Денсаулық сақтау саласын дамыту бағдарламасының қабылданып, іске асырылып жатқанын мәлім етті.
Мемлекет басшысы Aldar Properties компаниясы Директорлар кеңесінің төрағасы Мұхаммед Әл Мүбәракты қабылдады. Ол Қасым-Жомарт Тоқаевқа өз компаниясы іске асырып жатқан «Abu Dhabi Plaza» жобасының қазіргі жағдайы, Нұр-Сұлтандағы көпфункционалды кешеннің құрылысын белгіленген уақытта аяқтау үшін атқарылып жатқан қосымша жұмыстар туралы баяндады. Қазақстан Президенті еліміздегі ең ірі құрылыс нысандарының бірі саналатын жобаның уақытылы аяқталып, ел игілігіне берілеріне сенім білдірді. Бұдан бөлек, ол туризм индустриясындағы ынтымақтастық әлеуетін тілге тиек етті.
Қ.Тоқаев Abu Dhabi Global Market еркін экономикалық аймағы Директорлар кеңесінің төрағасы, мемлекеттік министр Ахмед Әли Әл Сайихпен жүздесті. Тараптар Абу Даби ЕЭА-ның «Астана» қаржы орталығымен бірлескен жобаларының жүзеге асырылуы жайында әңгімелесті. Әл Сайихтың айтуынша, өзара ынтымақтастықты дамыту жөнінде нақты жоспарлары бар. Мемлекет басшысы бұл ұйымның елімізде атқарып жатқан жұмысына ризашылық білдіріп, қаржы нарығын реттеу саласындағы ықпалдастықты нығайтуға ниетті екенін атап өтті.
Айхан ШӘРІП