Балықшылар Каспийден түнде де балық аулай алады
Балықшылар Каспийден түнде де балық аулай алады
113
оқылды

Ел Парламенті теңіздегі балық аулау аймағын ұлғайтатын заңды қабылдады. Бұл ретте Каспийдің қазақстандық бөлігі 15 теңіз милін құрайтын болады. Ал қазақстандық балықшылар балық аулау үшін ішкі және аумақтық суларға тәуліктің кез келген уақытында шығуға мүмкіндік алады.

Мұндай жаңа нормалар Сенат отырысында қабылданған «Кей­бір заңнамалық актілерге Каспий теңізінде қызметті жүзеге асыруға байланысты мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңда көзделген. Сенат Төрағасы Мәулен Әшім­баевтың айтуынша, заң Кас­пий­дегі мемлекеттік шекараны қор­ғаудың экономикалық қызметі мен құқықтық негіздерін қамта­­масыз етеді. Сондай-ақ құжат ұлт­тық заңнаманы Каспийдің құ­­қықтық мәртебесі туралы кон­­­вен­ция ережелерімен сәйкес­­тендіреді. Құжатта браконьерлермен күресудің нормалары жазылған, алайда сенаторлардың сенді­руінше, өз ісіне адал балық­шы­­ларға қор­қудың қажеті жоқ. Ке­рісінше, балықшылардың жағ­дайы жақ­сарады. Егер бұрын қазақ­­­стандық кемелер теңізге күн­­діз ғана шыға алса, енді жаңа түзетулерге сәйкес тәуліктің кез келген уақытында балық аулауға мүмкіндік бар. –Конвенцияның негізінде тиісті заңдарға ені 15 теңіз милін құрайтын аумақтық сулар туралы норма енгізіледі. Олардың сыртқы шегі мемлекеттік шекара мәрте­бесіне ие болады. Аумақтық су­ларға 10 мильдік балық аулау аймақтары қосылады. Онда әр мемлекет балық аулау бойынша айрықша құқықтарға ие. Қабыл­данған заң мемлекеттік ше­караны берік қорғауға, мемле­кетіміздің қауіп­сіздігін қам­тамасыз етуге және Каспийде елі­­­міздің эко­номикалық мүд­десін жүзеге асы­руға құқықтық негіз қалып­тас­­тырады. Сон­дай-ақ заңның бір­­­қатар нор­масы су биологиялық ре­сурс­тарын сақ­тауға бағыттал­ған – деді М.Әшім­баев. Оның айтуынша, бүгін қабыл­данған заң эко­номикалық қыз­метті және Каспий теңізіндегі мем­лекеттік шекараны қорғаудың құқықтық ба­засын жақсартуға мүмкіндік береді. Заң жобасы жағалаудағы ел­дердің біріккен әрекеттеріне қа­жетті құқықтық негіз түзеді. Кас­­пий­дің экологиясы мен био­ре­сурстарын сақтауға, бра­коньер­лікпен, терроризммен кү­рес­ке және Каспийдегі қақтығыстардың алдын алуға ықпал етеді деп кү­тілуде. Сонымен қатар сенаторлар «Кейбір заңнамалық актілерге ғылым мәселелері бойынша өз­герістер мен толықтырулар енгізу» туралы заң жобасын бірінші оқы­лымда мақұлдады. Депу­тат­тардың айтуынша, заң жоба­сында бірнеше жаңалық бар. Мысалы, «Үздік ғылыми қыз­меткер» атағы мен 2 мың АЕК көлемінде мате­риал­дық ынта­ландыру қарас­тырылып отыр. Сыйақы сомасы– 5 мил­лион 834 мың теңге. Бұл ғылымға жас­тардың қызығу­шылығын арт­тыру, осы салада ізденісте жүр­ген ғы­лыми қызмет­керлердің бә­се­ке­лестігін көтеру үшін жаса­лады. Құжат ғылыми зерттеу жұ­­мыс­та­рын қаржы­лан­дырудың және ғы­лыми қызмет нәтижелерін ком­мер­­­ция­ландыру­дың ашық­тығын көздейді.

Елдос СЕНБАЙ