Ел Парламенті теңіздегі балық аулау аймағын ұлғайтатын заңды қабылдады. Бұл ретте Каспийдің қазақстандық бөлігі 15 теңіз милін құрайтын болады. Ал қазақстандық балықшылар балық аулау үшін ішкі және аумақтық суларға тәуліктің кез келген уақытында шығуға мүмкіндік алады.
Мұндай жаңа нормалар Сенат отырысында қабылданған «Кейбір заңнамалық актілерге Каспий теңізінде қызметті жүзеге асыруға байланысты мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңда көзделген. Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, заң Каспийдегі мемлекеттік шекараны қорғаудың экономикалық қызметі мен құқықтық негіздерін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ құжат ұлттық заңнаманы Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы конвенция ережелерімен сәйкестендіреді. Құжатта браконьерлермен күресудің нормалары жазылған, алайда сенаторлардың сендіруінше, өз ісіне адал балықшыларға қорқудың қажеті жоқ. Керісінше, балықшылардың жағдайы жақсарады. Егер бұрын қазақстандық кемелер теңізге күндіз ғана шыға алса, енді жаңа түзетулерге сәйкес тәуліктің кез келген уақытында балық аулауға мүмкіндік бар. –Конвенцияның негізінде тиісті заңдарға ені 15 теңіз милін құрайтын аумақтық сулар туралы норма енгізіледі. Олардың сыртқы шегі мемлекеттік шекара мәртебесіне ие болады. Аумақтық суларға 10 мильдік балық аулау аймақтары қосылады. Онда әр мемлекет балық аулау бойынша айрықша құқықтарға ие. Қабылданған заң мемлекеттік шекараны берік қорғауға, мемлекетіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және Каспийде еліміздің экономикалық мүддесін жүзеге асыруға құқықтық негіз қалыптастырады. Сондай-ақ заңның бірқатар нормасы су биологиялық ресурстарын сақтауға бағытталған – деді М.Әшімбаев. Оның айтуынша, бүгін қабылданған заң экономикалық қызметті және Каспий теңізіндегі мемлекеттік шекараны қорғаудың құқықтық базасын жақсартуға мүмкіндік береді. Заң жобасы жағалаудағы елдердің біріккен әрекеттеріне қажетті құқықтық негіз түзеді. Каспийдің экологиясы мен биоресурстарын сақтауға, браконьерлікпен, терроризммен күреске және Каспийдегі қақтығыстардың алдын алуға ықпал етеді деп күтілуде. Сонымен қатар сенаторлар «Кейбір заңнамалық актілерге ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Депутаттардың айтуынша, заң жобасында бірнеше жаңалық бар. Мысалы, «Үздік ғылыми қызметкер» атағы мен 2 мың АЕК көлемінде материалдық ынталандыру қарастырылып отыр. Сыйақы сомасы– 5 миллион 834 мың теңге. Бұл ғылымға жастардың қызығушылығын арттыру, осы салада ізденісте жүрген ғылыми қызметкерлердің бәсекелестігін көтеру үшін жасалады. Құжат ғылыми зерттеу жұмыстарын қаржыландырудың және ғылыми қызмет нәтижелерін коммерцияландырудың ашықтығын көздейді.Елдос СЕНБАЙ