Бюджеттің өсуіне әкім әзір ме?
Бюджеттің өсуіне әкім әзір ме?
96
оқылды

Қазақстанда бай ауылдар көбеюі мүмкін. Енді ауылдық округтердің бюджеттері салықтардың жаңа 4 түрінен түсетін түсімдер есебінен де артады. Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутаттар аудандық, қалалық және ауылдық билік деңгейлерінің дербестігі мен жауап­кершілігін кеңейту мәселелеріне қатысты жаңа заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Мәжіліс Төрағасы бұл заң­ды жергілікті бюджеттердің дер­­­бестігін дамытудың жаңа кезеңі деп бағалады. Ол ауыл­дың әлеу­меттік мә­се­ле­­­лерін жедел ше­шуге мүм­кіндік бе­реді. Заң жо­басын талқылау барысында депу­таттар: «Тағы 4 салық түрі бе­­­рілген соң ұл­­ғая­тын бюджетті игеруге және тиімді басқаруға аудандық маңыз­­дағы қала­лар­дың, кент­тер мен ауылдардың мамандары қаншалықты дайын?» – деген мәселе көтерді. – Расында, ауылдық ок­­­ругтердің бюджеті өскелі тұр. Бірақ сонымен бірге жауап­­кершілік те артуы тиіс. Демек, осы ақшаны қайда жұмсау керегіне қатысты шешімді ауыл­дық округ әкімі жалғыз өзі қа­был­дамауы керек, – деді Нұрлан Нығматулин. Ол бюджет қаражатын тиімді әкімшілендірудің маңызын және әкімдерді дайындау қажет екенін атап өтті. 2018 жылы қа­былданған жергілікті өзін-өзі басқару заңына сәйкес, бөлінген қаражат ең алдымен қайда жұм­салатыны туралы шешімді ауыл тұрғындарының жиналысы қа­былдауы тиіс. Жергілікті мә­селелердің басымдығын, өзек­тілігін және кезектілігін анықтау құқығы да осы жи­налысқа жүк­телген. Ал жаңа заң жобасы бойын­ша бюджетті 20%-дан аспайтын көлемде әкім аппараты өз бетін­ше түзете алады. Бұған қоса бюджеттерді бекіту рәсімі жеңіл­детілмек. Сондай-ақ төл түсім­дерінің жалпы көлемінің 10%-ынан аспайтын мөлшерде ауыл бюджетінің резерві құрылады. – Жергілікті өзін-өзі бас­қа­рудың дербес бюджетін прак­тикалық жүзеге асыру үшін әкім­дердің өздерінің дайындық деңгейі маңызды. Олар осы бюджеттік мәселелерді бүге-шігесіне дейін жетік білуі шарт, – деп түйді Мәжіліс бас­шысы. Бұдан бөлек, заң жобасында мәслихаттар депутаттарына қо­сымша құқықтар мен міндеттер беру және мәслихаттар хат­шыларының құқықтық мәрте­бесін арттыру көзделген. Осы жиында депутаттар «Су­ға батып кеткен кемелерді жою туралы 2007 жылғы Най­роби халықаралық конвенциясын ра­ти­фикациялау туралы» заң жобасын мақұлдап, Сенатқа жолдады. Конвенцияның негізгі мақсаты – суға батып кеткен кемелерді тез әрі тиімді түрде кө­теріп, жою, кеме иесінің мем­лекетке келтірген залалы үшін өтемақы төлеуі жөніндегі бі­рыңғай халықаралық қағи­далар мен рәсімдерді әзірлеп, енгізу. Құжат аталған кон­вен­­цияға қатысушы мемлекеттің туын көтеріп жүзетін, жалпы сыйым­дылығы 300 және одан көп тон­на болатын теңіз ке­мелерінің бәріне қолданылады.

Айхан ШӘРІП