Мемлекет мүлкі талан-таражға түскен бе?
Мемлекет мүлкі талан-таражға түскен бе?
123
оқылды

Қазақстанда дұрыс жоспарланбау ке­сірінен мемлекеттің 1,8 триллион теңге тұ­ратын дүние-мүлкі талан-таражға түскен. Бұл дерек кеше 2020 жылғы жұмыстың қо­рытындысын шығарған және 2021 жылға арналған міндеттерді айқындаған Есеп комитетінің кеңейтілген отырысында ай­тылды.

Есеп комитетінің төрайымы Наталья Го­ду­нованың айтуынша, СOVID-19 пандемиясы жағ­дайында экономиканы қолдауға бағытталған дағ­дарысқа қарсы қаражат, сондай-ақ ква­зи­мем­лекеттік сектор активтерінің басқарылу тиім­ділігі тұрақты және жіті бақылауға алынған. «Төтенше жағдай режимі мен қатаң карантин шектеулеріне қарамастан Есеп комитеті 117 объек­тіде 18 аудиторлық іс-шара өткізді. Аудитпен 47 триллионнан астам теңге қамтылды. Бұл 2019 жылға қарағанда 38%-ға көп және 2018 жылдың ұқсас көрсеткішінен 9 есе жоғары», – деді ол. Наталья Годунова 1,8 триллион теңге көлемінде бюджет қаражаты мен мемлекет активтерінің тиімсіз жоспарлануы және пайдаланылғанына назар ау­дарды. Де­генмен соның ішінде қаржылық жетіс­пеушіліктің көлемі 2020 жылдың қорытындысы бойынша 81 миллиард теңге болды. Бұл ретте шамамен 16 млрд теңге қалпына кел­тірілді, өтелді. Үкіметке, мемлекеттік органдарға, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне 364 ұсыным мен тапсырма жолданды. Олардың 88%-ы орын­далды, қалғандары бойынша іске асыру мерзімдері әлі аяқталмаған. Жүргізілген аудит қорытындысы бойынша 97 лауазымды адам тәртіптік жауаптылыққа, 44 лауазымды тұлға және 11 заңды тұлға әкімшілік жазаға тартылды. 31 материал қылмыстық жазалау шаралары қабылдануы үшін құқық қорғау орган­дарына жолданды.

Ерік ЕРДЕНОВ